Жазықсыз атылған жандар: Ақтау жұмысы қалай өтуде?

2924
Adyrna.kz Telegram
10/12/1915-Execution of Austrian spy by Serbian Gendarnes. --- Image by © Bettmann/CORBIS
10/12/1915-Execution of Austrian spy by Serbian Gendarnes. --- Image by © Bettmann/CORBIS

Қазақстан Сталиндік қудалаудың ең қанқұйлы кезеңін өз басынан өткізген санаулы елдің бірі. Мыңдаған адамның атылып, асылғаны, ал жүздеген мың жазықсыз жанның үзақ жылға тар қапасқа қамалғаны әлі ел есінде, жұрт жадында. Көпшілік Сталиндік қудалау кезеңі деп, тек қана 1937-38 жылдардың сұмдығы мен нәубетін айтады. Алайда саяси қудалау одан бұрын басталды және Сталиннен кейін де жалғасын тапты.

Қазақстан жазықсыз жандарды ақтау туралы жұмысты 90-жылдары жүргізе бастады. Қудаланғандарды ақтау о баста көрнекті қоғам қайраткерлерінен бастау алды. Алайда ел есімін білмейтін жазықсыз жандар шаң басқан архивтерде ақталу күнін күтіп жатты. Әлі күтуде. Дей-тұра оларды ақтау туралы жұмыс басталды және арнайы комиссия құрылып, том-том зерттеулер де жазылып жатыр. Бұл атүсті атқарылатын шаруа емес, себебі жазықсыз сотталғандардың саны тым көп, оларды анықтау, тізімін жүйелеу мен нақты қай іс, қай бап бойынша сотталғанын зерттеуге уақыт пен қажырлы еңбек керек. Ол жұмыстар жасалып та жатыр.

Президент Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы арнайы комиссия құрғаны белгілі. Оған елге танымал, қоғамға белгілі мүйізі қарағайдай зерттеушілер, тарихшылар мен қоғам қайраткерлері кірді. Бүгінде олар қуғын-сүргін кезеңі бойынша бірлесе жұмыс істеуде. Әр облыс бойынша арнайы бағыттар мен топтар құрылған. Тарихшылардың басты мәселесі тізімді жүйелеу. Мысалы 1920-21 жылдары да, 1925 жылдан бастап қуғындауға түскен немесе ашаршылық кезеңінде Кеңестің қиғылығына қылыш көтеріп, жазықсыз жазаланғандарды анықтау оңай емес. Не тізім, не есім, не хаттама жоқ, бар болса да тым аз.

Бұл туралы тарихшылардың ойларына көз жүгіртсек. Тарихшы Бүркітбай Аяған қуғын-сүргін 1937-1938 жылдары басталды деген қате пікір бар екенін атап өтті. «Қуғандау 1917 жылы большевиктердің билікке келуімен басталды. Репрессияларды бірнеше тарауларға бөлу керек. Біріншісі – саяси қуғын-сүргін. Қуғын-сүргіннің екінші бөлігі халықтарды депортациялауға қатысты. Ол құпия түрде өтті, көшіру туралы кейбір құпия қаулылар қабылданды. Бұл этникалық тазалау болды. Үшінші бөлім барлық халықтарды қозғады. Сотталғандардың басым көпшілігі большевизм атынан сөйлеген шаруалар, жұмысшылар болды» дейді. Әрине сену қийын. Алайда бұл тарих.

Бүркітбай Аяған Қазақстанда қуғын-сүргінге ұшырағандардың саны 10 миллионнан 17 миллионға дейін екенін айтады. «Қандай жағдай болса да бұл үлкен сан. Қазіргі Қазақстанның 17 миллион халқымен шамалас. Қуғын-сүргін ешбір жағдайда ақталған жоқ, олардың моральдық негіздері болмады, олар барлығын түрмеге қамады, сандар мұқият жасырылғандықтан санау мүмкін емес», - деп атап өтті тарихшы. 10-17 млн! Сұмдық сандар. Елестету өте қиын цифр. Бұл дегеніміз қазақ даласы тұтас түрмеге айналдырылды деген сөз және бұл өте үлкен жұмыстар күтіп тұр дегенді білдіреді.

Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 5 сәуірдегі Жарлығына сәйкес жыл сайын 31 мамыр қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде аталып өтеді. Кеңес өкіметі жылдарында 40 миллионға жуық адам репрессияға ұшырады.

Қазақстанда 1921-1954 жылдар аралығында статистикалық мәліметтер бойынша 100 мыңдай адам сотталып, 20 мыңнан астам адам атылған. Мыңдаған адамдар «халық жауы» сөзбен бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, бұл көптеген куәліктерге сәйкес өлім жазасына кесілді дегенді білдіреді. Жаппай қуғын-сүргін кезеңі қазақ халқын өте ауыр қайғыға әкелді.
Революцияға дейін қазақтардың арасынан шыққан білімді адамдардың қабаты небәрі бірнеше мың адамды құраса, олардың көпшілігі жалпы артта қалған халықтың дамуын қамтамасыз ету мақсатында қазақ автономиясын құруға бағытталған Алаш қозғалысына қатысушылар болды. Олардың барлығы дерлік қуғындалып, толықтай көздері жойылды. Бірі қалмай атылды, ал ұрпақтары азап лагерьлеріне айдалды.
Ел тарихында сталиндік кезеңдегі жаппай қуғын-сүргін ерекше рөл атқарды. Қазақстан аумағында ГУЛАГ-тың - АЛЖИР, Степлаг, Карлаг деп қысқартылған түрде лагерьлер мен тұтқындар бас басқармасы жүйесінің көптеген мекемелері болды. Қуғын-сүргін жылдарында Қазақстандағы лагерьлерге КСРО-ның барлық республикаларынан 5 миллионнан астам адам жіберілді.
Сонымен қатар Кавказ халықтарының көптеген өкілдері, немістер, корейлер, түріктер, ирандықтар, қырым татарлары, поляктар және т.б. Ұлы Отан соғысы кезінде неміс басқыншыларымен сыбайластық жасады деп айыпталып, Қазақстанға күштеп көшірілді. Бұл депортацияланғандардың көпшілігі қазақ халқының көмегі мен қолдауының арқасында ғана қиын кезеңде аман қалды, соған байланысты Қазақстанда 1 наурызда атап өтілетін «Алғыс айту күні» бекітілді.

Қазақстанға барлығы 1,2 миллионнан астам депортацияланғандар келген, олар да біздің еліміздің заңнамасына сәйкес қуғын-сүргінге ұшырағандар санатына жатады. Қазақстан халқы саяси қуғын-сүргінге ұшыраған миллиондаған отандастарын еске алады. Террор заманы тарих кітаптарында жан-жақты баяндалады, бұл тақырыпта кітаптар шығарылуда, фильмдер түсірілуде, еліміздің қалалары мен ауылдарында мемориалдық стелалар орнатылуда. Мұның бәрі қоғам үшін бейбіт эволюциялық дамудың құндылығын сезіну және мұндай оқиғалардың қайталануына ешқашан жол бермеу үшін өте маңызды. 2021 жылы «Ашаршылық. Аштық. 1928-1934» атты кітаптың алғашқы үш томдығы таныстырылды. Бұл жаңағы президенттің жарлығы бойынша құрылған комиссияның нақты жұмысының көрінісі.
Саяси қуғын-сүргенге ұшыраған тағы екі топ бар. Олар 1930-1933 жылдары ашаршылық кезеңінде Кеңес билігіне қарсы соғысқан және күштеп ұжымдастыруға қарсы болған көтерілісшілер. Олардың ақтау және есімдерін анықтау жұмыстары өте ұзақ уақытта алуы мүмкін. Тағы бір топ өкілдері бар және ол бойынша комиссияға қоғам тарабынан түрлі ұсыныстар айтылуда. Бұл Кеңес-Герман соғысында Германия жағында соғысқан Түркістан легионы құрамында болған қазақтарға қатысты. Олардың саны мен топ құрамын анықтау да өте қиын.
Дәл осындай ұсыныстардың айтылуының өзі қоғамның және биліктің Сталиндік кезеңде қудаланған жазықсыз жандарды ақтау туралы мәселеде алға жылжу барын білдіреді. Бұл комиссия жұмысымен де дәлелденуде.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер