Шымкентте “Зерделінің” мектебі ашылды

2112
Adyrna.kz Telegram

Шымкент қаласында «Зерделі» ақыл-ой дамыту мектебі ашылды. Бұл туралы мектеп директоры Мәуіт Рысбеков өзінің фейсбук парақшасында хабарлады, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

"Елордадағы еңбек жолымды 2008 жылы Дарынды балаларға арналған "Зерде” мектебінен бастадым. Ол кезде "Зерде" мектебі “51-мектептің” 4-қабатының жартысында ғана еді. 5-11 сыныптардың әр қайсысында екі сыныптан 14 сыныпқа, 12-ақ кабинет бар еді.  Кіреберістегі дәліз (коридор) мен директордың кабинетінің алдындағы дәлізде парта, орындықтар қойылған, біз сияқты кабинет тимей қалғандар сол дәлізде оқытатынбыз. Адамдар өтіп жатады, оған қарайтын біз жоқ, сабағымызды өте беретінбіз. Оқушылардың қызығушылығы да ерекше еді. 300-ден астам балаға жалғыз бір адамдық дәретхана, мұғалімдерде соған кезекке тұрады. Сондай ортада оқытып жүріп, халықаралық олимпиадаға қаншалаған балалар шығардық. Сол мектептен бітірген қаншалаған мықты шәкірттеріміз жүр. Сол мектептің арқасында бүкіл республикаға танылдық. Алғашқы директорым - Айтжан Ермұханқызынан, онан кейінгі директорым Құралай Амангелдіқызынан көп қамқорлық көрдім, көп нәрсе үйрендім. Математик ұстаздарым: Орынбасар Әжіғалиев, Жұмабике Шариповна, Күшай Тердікбай, Сартқожа Байғандардан көп нәрсе үйрендім, екі университет бітіріп шыққандай болдым. Күнде есеп шығарып талдаушы едік. Математиктер ғана емес, басқада әріптестеріміздің әрбіреуі бір-бір тұлға еді. Кейін үш қабатты шағын, ескі ғимаратқа көшіп барғанда қуанғанымызды айтып сұрамаңыз", - дейді ол. 

2014 жылы сол өзіме ыстық "Зерде” мектебіне ұйқастырып, қосымша білім беретін "Зерделі" ақыл-ой дамыту орталығын аштым.


"Бүгінгі таңда республикамызда 20-ға жуық бөлімшесі бар, 6000-ға тарта оқушысы бар, үлкен білім ордасына айналды. Құдайға шүкір, міне Шымкент қаласынан мектебімізді ашып жатырмыз. Қазіргі ашылып жатқан керемет жабдықталған, жарық-жұрық еткен жеке мектептер сияқты болмаса да, бұрын бала бақша болған мектепке сай келетін 300 балаға арналған шағын ғимарат. Әзірге бастауыш сыныптарға лицензия алдық. Келешекте орта мектепті де қосамын деген жоспар бар. Математикалық бағыттағы математика мен ағылшын тілі тереңдетіліп өтетін мектеп болмақшы Алла қаласа. Ақтөбе қаласында да мектебіміз ашылып жатыр. Сол "Зерде" мектебі сияқты халықаралық олимпиадаға дейін оқушыларымыз шығатын, керемет ұжымы қалыптасқан елдің ертеңі ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу басты мақсаты болатын арнайы мектеп. Шымкент қаласындағы мекенжай: Дулати 203/1", - деп жазды Мәуіт Рысбеков. 

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер