“9 млрд 200 млн теңге бөлінген”: Павлодар облысындағы 46 мектептің көбі оқу жылына дайын емес

2246
Adyrna.kz Telegram

Павлодар облысындағы мектептер әлі оқу жылына дайын емес. Бұл туралы белсенді Оңғар Қабден Facebook парақшасына жариялады, деп  хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Айтуынша, сәуірде басталған жөндеу жұмыстары әлі де бітпеген.

“Павлодар облысында биыл 46 мектеп күрделі жөндеуден өткен. Қырық алты мектеп дегеніңіз әрбір бес мектептің біреуі деген сөз. Сол үшін 9 миллиард 200 миллион теңге бөлінген. Жөндеуді ерте бастап кету үшін сәуір айында жөндеуден өтуге тиіс мектептердің оқушылары сабақты басқа мектептен оқыпты. Сәуірден бері бес ай өтсе де көп мектеп жаңа оқу жылына дайын емес. Бұл туралы облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов "бір мердігер компания оннан астам мектепті алып алған. Сондықтан үлгермеген" деп өткенде жауап та берген. Бұл мердігер компаниялар кімдікі?
Білетіндер біреуі экс-облыс әкімі Бақауовқа қарасты дейді. Енді бір мердігер компания Шымкенттен келген. Яғни, бұрынғы білім басқармасының басшысына қатысты компания деседі. Анық-қанығын құзырлы орындар анықтай жатар. Мектептегі жөндеуді тезірек бітіру үшін ата-аналардан ақша жинау дерегі де тіркеліпті. Бұны айтқан ата-аналар балалары үшін аты-жөндерін атаудан бас тартты.
Мына суреттегі мектептер ертең қалай алғашқы қоңырауды соқпақ?”, деп жазды Оңғар Қабден.

Журналист Есенбек Санатұлы да мектеп құрылысы туралы жазба қалдырды.

“Соған қарамастан ертең алғашқы
қоңырауда мектепте соғамыз деп отыр. Мектеп (бәлкім одан жоғары мекеме) басшылығы мұғалімдерді жұмысқа салып жатыр. Кейбір мектептер қосымша қара күш жалдап оған ата-аналардан ақша жинаған. Мысалы, Павлодардағы №5 мектептің әр сыныбы 15 мың теңгеден жинаған. Типа, тазалаушы жалдаймыз депті. Ал, №9 мектептің ата-аналары 5 мың теңгеден қосуға мәжбүр болған. Бұл ақпаратты айтқан ата-аналар аты жөндерін атамауды сұрады. Өйткені, ертең балалары қудалауға
ұшырайды. Ертіс, Ақсу, Павлодар, Шарбақты, Успен аудандарында және облыс орталығында жөндеу жүріп жатқан мектептердегі жарты жылда бітпеген жұмысты жарты күннің ішінде аяқтайды, дегенге сену қиын. Қаншама ақша!
Көп тендерді екі мердігер компания ұтып алған. Оның бірінің құрылтайшысы экс-әкім. Ал, көп жерде «шымкенттік» деп аталып жүрген компания басқарманың бұрынғы басшысынікі-мыс”, деп жазды ол.

”Адырна” ұлттық порталы 

Пікірлер