Абадан Алтынбек

1979
Adyrna.kz Telegram

Қазақ халқы сан ғасырлар бойы мемлекет басшылығында сөзі түзу, табансыздық пен тайғанақтықтан ада, нақтылықты сүйетін, адам тағдырына енжарлықпен қарамайтын, тоқмейілсінуден бойын аулақ ұстайтын, жалтақтық пен жағымпаздықтан жерінетін, жаңаша ойлау машығын меңгерген азаматты аңсады. Әлі де аңсап келеді. Бірақ, бұл жолғы аңсау соңғы 31жылда тіпті тереңдей түсті. Көз алдыңызға келтіріп, көңіл елегіңізден өткізіп көрсеңіз, жоғарыдағы теңеулерге лайық жан бірлі жарым ғана. Бірақ жылдар бойы жетектелген ботадай күй кешіп жүрген қазақ халқы үшін Ұлт мүддесі жолындағы күресте қастандықтың құрбаны болған Алтынбек Сәрсенбайұлының есімі ерекше.

Алтынбек Сәрсенбайұлы – шеше жағынан Әлмерек абызға жиен, өзі Райымбек Хангелдінің зәузаты. Екі асылдан туған асылман. Алтынбекті көзі қарақты қауым әуелі адам баласы жұтынып оқитын газеттер шығарушы журналист, энтузиазммен жұмыс істеген маман, кейіннен ақпарат министрі, соңында қысастық көріп, қазаға ұшыраған ұлт жанашыры ретінде біледі.

Иә, Алтынбек тақырыбы – ауыр тақырып. Бұнда бүкіл Ұлттық трагедия жатыр. Бұл тақырыптың артында талқандалған қазақ тағдыры жатыр. Бұл тақырып – нәзік, шікәмшіл, кірпияз. Бұны түлкібұлаңға салмай, шындықтың шыңына шығып тұрып, ақиқат деген Хақтың туын қадап жазу – нағыз қаламгердің һәм ұлтым деген азаматтың ғана қолынан келеді.

Ұлтты күйрететін де, пұшпаққа шығаратын да ондағы адамдардың ниеті. Сондықтан қазақта «қара ниетті» деген ұғым қалыстасқан. Ал Алтынбек Сәрсенбайұлының ниеті өзгелерден ерек, кіршіксіз таза, бұлақ суындай мөлдір еді...

Ол жөргекке күштеп оралғандай күйдегі, тұншығып бара жатқан тілімізді босатуды ниет етті, егемендігіміздің қызығын өзгеге емес, өзімізге көрсетуді ниет етті, ұрпағымыздың несібесін асап қалуға ниетті азаматтардан арылуды ниет етті, бақуатты,  рухани күйреуден ада ел ретінде әлемдік аренаға шығаруды ниет етті.

Соның жолында тізгінін тартпай, ұлт үшін пайдалы көзсіз ерліктерге барды.

Олардың ең басында «Қазақ халқының потанциалын қайта көтеру мәселесі» тұрды. Қазақтың басынан кешкен, әлі де кешіп жатқан сұмдықтарынан кейін Шахановша айтсақ, ұлт тамырсыздана бастады. Ашаршылық, репрессия, 70 жыл Кеңес үкіметінің боданы болу, 30 жылдық жүйе, қала берді қанды қаңтардан кейін халықтың санасы да, ұлттық құндылықтары да, әлеуметтік хәл-ақуалы да дегредацияға ұшырады.  Ал Алтынбек ұлттың бойына «еңсені тіктеу керек» деген идеологиясын сіңіре білді.

Онымен қоймай, БАҚ-тың аяғында тұсау, аузында ноқта болған шақта Сәрсенбайұлы ақпарат министрлігіне сәтті келіп,  әлем медиасынан білім алудың қажеттілігін жас журналистерге ұсынып, сапалы, ұлттық деңгейдегі газет-журналдарды алғы шепке шығарды. Караван секілді орыстың басылымдарын дүңгіршектерден алып тастап, қазақ басылымдарын қойды.  Бүгінде қазақ журналистикасынан алар тамшыдай татымды дүниеңіз болса, ол Алтынбектің арқасы деп біліңіз.

Сөйтіп жүргенде Алтынбек шала-жансар егемендіміздің сойқанын шығаруға ниетті жүйенің жүгенсіздігін аңғарды. Ол бұл мәселені ашық қолға ала бастағанда шейіт болды.

Ал біз ше? Біз не істедік? Біз өкіндік... Шындықтың шыңырауда қалғанына өкіндік. Көп нәреден кешіккенімізге өкіндік. Әлі де өкініп келеміз. Тіпті Қаңтар трагедиясынан соң Алтынбектерден айырылғанымызға мың бірінші мәрте өкіндік. Енді өкіне бермей әрекет ету керек. Алтынбектің қай ерлігін алсақ та «ұрпақ үшін, ел үшін, атамекен, жер үшін» еді... Сондықтан, біз жастар, қызылды-жасылды қауымды емес, ұлт үшін жанын берген ірі тұлға Алтынбек Сәрсенбайұлын үлгі етуіміз керек.

Міне, Алтынбек Сәрсенбайұлының  дүниеден өткеніне табаны күректей 16 жыл. 16 жылда тұтас тағдырын туған жеріне арнап, ел үшін жанын берген азамат үшін біз не істей алдық? Бөтен тілмен былғамай, барлық уақытта қазақша сөйлей алып жүрміз бе? Ұлттық құндылықтарымызды қаншалықты көкке көтерудеміз? Әлде Алтынбектің атына көше, мектептер беріп, рухын бір аунатып түсірдік пе? Жоғарыдағы екі сұраққа жауап беруге қиналатынымыз анық. Ал мұқым қазақ жұрты болып, Алтынбектің атын атойлап, мектеп-көшелерді атау, оның ауыр тағдыры туралы спектакльдер қою қолымыздан келері анық емес пе? Ендеше осы бастаманы бүкіл ұлт болып көтеруге ниеттіміз. Бәлкім, сонда Алтынбектің рухы бізді кешірер...Бәлкім, сонда қазақ ортасынан жүздеген Алтынбектер шығар... Бәлкім, «Жаңа Қазақстан» болудың алғашқы қадамы осыдан басталар?

Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер