Махер-сахерсіз-ақ неке қиып, үйлі болып едік - Сая Қасымбек

2588
Adyrna.kz Telegram

Драматург, жазушы Сая Қасымбектің мәһір мәселесіне қатысты жазбасы оқырман қауымды дүр сілкіндірді, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. Жазушы мәһір үшін көліктің ең қымбатын сұраған қыз бен одан бас тартқан жігіттің басынан өткен жайттарды сөз етіп, өз заманындағы таным-түсініктің мүлдем басқаша болғанын жеткізеді.  Жас жұптың арасында сына қаққан мәһір мәселесіне қатысты:

- Оқиғаны іздемеймін, оқиға мені іздеп табады. Бүгін тойға дайындалып отырғам. Қыз жағынан баруым керектін. Қыздың шешесі қырық жылғы сыйласым еді. Қыздарым келеді деп бәлішке қамыр ашытып жатсам, звондайды. Еңіреп тұр. Зәрем қалмады. Сөйтсем, кеше қыз бен күйеу мешітке некеге тұруға барады. Әлігі махирде қыз қарап отырмай ең қымбат (маркасын айтып еді, ұмытып қалдым) машинаны сұрапты. Өткенде болашақ күйеубаласымен бірге той қамымен жүргенде кездейсоқ ұшырасып қап, бірбеткейлеу жігіт екенін байқап қалғам. Болашақ жары ең қымбат машина сұрағанына шарт еткен күйеу бала үнсіз орнынан тұрып, “той болмайды!” депті де, ешкімге қарамай кетіп қалыпты?! Бір досы машинаға мініп үлгеріпті. Қасындағы досы арқылы қыздың “ойнап айттым” дегенін естіп, “құдайдың үйінде ойнайтын қатын керек емес!” деп, шорт кесіпті… Некеде отырып, мынадай күйге ұшырау деген жақсы емес әрине.
Біздің кезімізде еш махер-сахерсіз-ақ неке қиып, пәтер жағалап жүріп-ақ бала туып, үйлі боп ек..  Арабтың салтын сонша әспеттегеннен не шықты енді? - дейді автор.

Желідегі жұрттың назарын аударған шетін оқиғаға қатысты:

"Кезінде не әперсе де өзі біледі дегенімізде неке қиюшы молда күйеуіме "кемінде пәлен грамды алтын әпересің. Мойныңа қарыз қылма"-деп ескертсе де әлі күнге ештеңе әперген жоқ. Ол туралы ұмытып та кеткенбіз 25 жыл болды. Осы күнгі жастардың осындай талаптарын естігенде ғана есімізге түсіп, бір күліп аламыз", "Азамат екен, дер кезінде шешім қабылдапты!", "Ойбу... Болмаған екен..." деген сынды пікірлер жазды оқырмандар.

Естеріңізге сала кетейік, мәһір – некелесу барысында немесе кейін өтеу шартымен келісілген қалыңдыққа берілетін дүние-мүлік немесе ақша. Мұсылманшылықта мәһірге қажетті заттарды алу ер-азаматтың міндеті саналады.

Пікірлер