Халық жазушысы Мұхтар Шаханов қазақстандықтарды келе жатқан 15 қазан – Қазақ тілі күнімен құттықтады

4231
Adyrna.kz Telegram

Қадірлі бауырлар!

«Қазақ халқының мұрасы» кітаптар сериясының Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесінде 15 қазан – Мемлекеттік тіл күні болып белгіленген. Бұл күн қазақтың көрнекті саяси және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туған күніне орайластырылды. Барлықтарыңызды осынау мән-маңызы терең, туған тіліміздің абыройын асқақтатуға бағытталған айтулы күнмен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл күн бізді қазақтың Алаш зиялыларының еңбегімен қауыштырып, олардың жолын жалғастырған азаматтарымыздың ұлтқа қызметін паш етеді және осы арқылы жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беруді көздейді.
Саналы ғұмырын қазақтың іргеленуіне арнаған С.Сейфуллин өз дәуірінде қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін алуына үлкен еңбек сіңірген тарихи тұлға. Ол Халық комиссарлары Кеңесінің Төрағасы қызметінде жүріп «Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек» - деп арнайы мәселе көтеріп, осының нәтижесінде 1923 жылғы қарашада жарық көрген Декретпен Қазақ тіліне мемлекеттік тіл дәрежесі берілді. Осы қызметте жүріп ол А.Байтұрсынұлының 50-жылдығын атап өтуді, қазақ киносын қаржыландыру ісін, Қожа Ахмет Йасауи кесенесін реставрациялауға қаржы бөлу, А.Затаевичке қазақ ән-күйлерін жинату ісін қолға алды. Ал «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» мақаласында «…мемлекет атын «Қазақ Республикасы» деп өзгертіп, мемлекеттік тіл қазақ тілі болу керек» - деп бұл мәселеге нүкте қойды. Араға аз уақыт салып барып 1925 жылы Қырғыз АССР-і атауы Қазақ АССР-і болып өзгертілді.

Ұлыларымыз атқарған осы еңбектер біздің ұрпаққа да жауапкершілік артады. Ендеше әруақытта да ұлт мүддесін естен шығармайық. Мемлекеттік тіліміз жасай берсін!

Құрметпен,
Мұхтар Шаханов,
Қазақстанның Еңбек ері

Пікірлер