Әкеге ұқсап… қыз да өсер

3502
Adyrna.kz Telegram

«Әкеге ұқсап ұл өсер, шешеге ұқсап қыз өсер» деген ықылым заманнан келе жатқан жаттанды қағида бар. Бірақ, керісінше, шешеге тартқан ұлдар да, әкеге тартқан қыздар да аз емес. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – сондай жанның бірі...

* * *

Алдымен әкені әспеттейік. Қызды сосын..

Көрнекті ақын Әбділдә Тәжібаев бір естелігінде Әдебиет және өнер институтының жап-жас директорының кескін-келбетін керемет кейіптейді. «Мынау әсем де кең кабинет сән-салтанаты келіскен осы жігітке ғана арналғандай көрінді», – деп сүйсінеді. Әңгіме ардақты ағамыз Мүсілім Базарбаев туралы болып отыр. Отыздан енді ғана асқан шағында елдегі ең беделді ғылыми мекемені басқарған, кейін бір емес екі саланың министрі болған Мүсілім аға кез-келген жұртқа мақтанышпен көрсететіндей ажарлы адам еді. Әрине, біз оның ілгеріде бөріктінің көріктісі атанып, елдің көзқұртына айналған кезін көргеніміз жоқ. Бірақ ердің жасы елуге келген сымбатты да сындарлы жігіт ағасы – Мүсекеңмен талай рет ұшырастық. «Лениншіл жаста» жұмыс істеп жүргенімізде басшыларымыз әлдебір қағазға қол қойдырып келуге жұмсайды. Заулап ала жөнелеміз. Көбіне Мүсілім ағаның үйіне барамыз. Әдебиет және өнер институтына ғылыммен айналысып жүрген достарымызды іздеп келсек, ол кісі төрдегі үстелде әріптестеріне әңгіме айтып отырады. Келісті. Көркем. Найзадай тіп-тік. Бозқырау шашының бір талы да шашау шықпай орнында тұрады. Киім-киісінде мін жоқ. Көзілдірігі жарқ-жұрқ етеді. Асқақ. Биік. Эстет. Тура жаңа ғана «Модалар журналының» мұқабасынан сытылып шыға келген сияқты. Әр сөзін байыппен баяндайды. Жымиғанына дейін жарасымды. Бірде сол жерде бір жігіт тұрпайылау анекдот айтыпты. Тыңдай қалған Мүсекең сонда: «Жігіт-ақ екен!», – деп бір қайырып, езу тартыпты. Сөйтіп, анекдоттағы анайылыққа нүкте қойған. Жұрт жым болған сыңайлы. Қай кезде де тектілігі көрініп тұрады. Ширақ. Бөлек. Ерек...

Бірер жылдан соң, дәлірек айтсақ, 1995 жылы 9 қарашада Мүсілім аға өмірден өтті. 11 қарашада, сенбі күні Кеңсайға жерленді. Арнайы барып топырақ салдық. Сол кездегі еліміздің Мәдениет және Сыртқы істер министрлері жерлеу рәсіміне келіп, бастан-аяқ қатысты. Жиылған жұрт оларға разы болды. Бейіт басында менің ұстазым, академик Зейнолла Қабдолов Мүсілім досының рухына арнап, «Тылсым...» деп басталатын әйгілі сөзін сөйледі...

Тағы бір есімде қалған дерек мынау. Әдебиеттану ғылымына бізбен қатар келген Сұлтанхан Жүсіп біраз уақыттан бері Әлихан Бөкейханның 53 баспа табақты құрайтын таңдамалы шығармалар жинағын әзірлеп жүрген-ді. Алғы сөзін Мүсілім Базарбаев екеуі жазды. Сол кітаптың алғашқы данасы тура Мүсекең қайтқан күні қолға тимесі бар ма?!

Бұдан соң Мүсілім ағаға қатысты мәселелермен тағдырым тоғыса қоймас деп жүргем. Жоқ тоғысты кейін... 1997 жылы Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары әрі қалалық ономастика комиссиясының төрағасы ретінде сол өңірдегі бірқатар нысанға Мүсекемнің атын беру жөніндегі құжаттарға қол қойдым. Жақсы ағаның рухын ардақтауға титімдей болса да, пайдам тигеніне қуандым.

Бертінде Мүсілім ағамның қызы Зейнеп әпкемізбен таныс-біліс болдық. Өйткені ілгеріде Ғылым академиясының бір ғылыми мекемесі болған, кейінірек өз алдына дербес отау тіккен Тіл білімі институты мен Әдебиет және өнер институтының шаңырақтары о бастан қатар қонған-ды. Ортасын Ғалымдар үйі ғана бөліп тұрады. Сондықтан осы екі мекеменің қызметкерлері бір-бірімен ертелі-кеш араласып-құраласып жүре береді. Сол институтта жұмыс істейтін өзіміз құралпы «ғұламаларды» қалжыңмен қажап қайтуға кіргенімізде Зейнеп апайды көріп қаламыз. Тоқтай сала, амандасамыз. Ол кісі де сәлемімізді ізетпен алады. «Бала-шаға ғой» деп, бетіңе бір қарап өте шықпайды. Сосын жылы жымияды. Бұл жымиыс та зиялының зиялысы Мүсекеңнің күміс күлкісін еске салады. Тектілігі мен тәрбиесі сөйлеген сөзінен, үйлесімді қимылынан көрініп тұрады. Миыңды қозғайды. Мысыңды басады. Басса баса берсін, жүріс-тұрысы, іс-қимылы әп-әдемі әпкеміздің жанынан онша ұзағымыз келмей, түрлі сылтау айтып, әйтеуір аялдағымыз кеп тұрады. Себебі ол – біздің Сыр елінің ғана емес, күллі ұлтымыздың мақтанышы болған аяулы Мүсілім ағаның қызы. Мінез-құлқы, тек-тұрқы өзіне тартқан парасатты перзенті. Миының әр мүйісіне дейін мәдениет қонақтаған ғибратты ғалым. Мүсілім ағаның жан жары, ұлағатты ұстаз, зерделі зерттеуші Гүлбараш Байтоғаеваның өз шаңырағының өнегесі туралы кітабын оқыған соң бұған көзіміз анық жетті.

Әсіресе, бір үйдегі сегіз баланың үлкені болған соң аға дегеннің де, әпке дегеннің не екенін білмей өскен біз бейбаққа анда-санда ақыл-кеңес беріп тұратын естиярлау біреу-міреу керек-ақ-ты. Сондықтан осындай туған әпкеміз болар ма еді деген арманымызды аялағаннан алған әсеріміз шығар. Оны білімді болғаны үшін де, мәртебелі оқу орнын бітіргені үшін де сыйладық. Морис Торез атындағы Мәскеу мемлекеттік шет тілдері иститутының түлегі француз тілінде еркін сөйлейді деп еститінбіз. Өзге тілдерге де таласы бар дегенді құлағымыз шалған. Бұл ерекшелігі де қызықтырады. Қысқасы, Ер Төстік пен сегіз ұлына келін іздеп жүрген Ерназарға жолыққан берекелі бәйбішенің «Кенжекейім бір төбе, сегіз қызым бір төбе» деп сүйсінетіні секілді, өз басыма Зейнеп апайым бір төбе, институттың қалған қызы бір төбе болып көрінгенін жасыра алмаймын. Жас күнімдегі осындай асығыс-үсігіс топшылауымды қазақ лингвистикасының түрлі саласына түрен салған, әрқайсысының өзіндік орны бар тілші тәтелерім кешірер, бірақ шынымен сол тұста сондай ойдың миыма ұялағаны рас-ты.

Бізді оның алты алашқа танымал әкесіне ұқсап өскені тәнті етті. Сырт сымбатымен ұқсады. Ішкі әлемімен ұқсады. Бір емес, екі саланың министрі болған айбарлы ағамыздың арқасында қандай қызметтің құлағын ұстаймын десе де мүмкіндігі мол еді. Бірақ зиялы Зейнеп әпкем өйтпеді. Қазақтың тіл ғылымының қара шаңырағынан тұрақ тапты. Өмір бойы бір мекемеде жұмыс істеді. Сол мекемесінің омыртқасы мен жұлынына салмақ түскен кезеңдерде де шыдап бақты. Өзге арнаға бұрылмады. Француз, қазақ және орыс тілдеріндегі екпінді зерттеді, қазақ тілінің интонациялық жүйесін зерделеді. Соған жүдә риза болып, кейде:

Сөз-сөйлемнің екпіні,
Қарау керек тек мұны,
Айтып-айтпай не керек,
Соның бәрін зерттеумен,
Заулап өтіп жатыр ғой,
Әпкеміздің көп күні! –

деп Махамбетшелеп жырлай жөнелетініміз бар.

* * *

Осы күндері екпінді еншілеген, еңбексіз көңілі көншімеген менің әдемі әпкем әйбат жасқа толды! Содан сізді құттықтайын деп... көсілгенбіз де... Аман жүріңіз! Мерейіңіз үстем болсын!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Пікірлер