Дипломатия - болашақ жүз жылдықта тірі қалудың мәселесі: сарапшы Қазақстанның сыртқы саясатвы туралы

2369
Adyrna.kz Telegram
Сексенінші жылдары шыққан британдық атышулы «Да, господин министр!» сериалдарының авторлары Джонатон Линн мен Сэр Энтони Джейдің «саясат – келесі жұмаға дейінгі мәселе болса, дипломатия – бұл болашақ жүз жылдықта тірі қалудың мәселесі» деген қанатты сөздері бар.
Егер соңғы ұтымды оймен келіссек, бүгінгі жаңа институционалдық өзгерістер мен жариялық демократиялық қоғамды қайта түлеткен Қазақ елінің сыртқы қатынастардағы қарекеттері осыны меңзейді. Сөзсіз сыртқы саясаттағы дипломатия бір күнмен өмір сүрсе өшкені. Алайда, Қазақстан бұл қатардан емес.
Ішкі тұрақтылықты сақтау тәуелсіздік алғалы негізгі саяси ұстанымға айналған аксиома. Бұл жағынан ішкі ұлтаралық қатынастар, өзара сыйластық, жетпіс пайыздан астам қазақ жұртынан бөлек аз халықтар мен этностардың күнделікті бейбіт тіршілігімен айналысуы, әрине отыз жылда жеткен жетістіктердің бірі деп есептеледі. Бұған ешкім дау айта қоймас.
Сол себепті мемлекеттің осы тәжірибесін аймақтық деңгейде көрші елдерге, тұтас әлем жұртшылығына айқын үлгі ретінде көрсете аламыз.
Қазақстан Президенті осы ойды биыл БҰҰ-ың Бас ассамблеясының пікір алмасу форматында да, Дохадағы халықарылық экономикалық форумында да, Стамбулдағы, Ашхабаттағы түркітілдес елдерінің жиындарында да ашық айтып жүрді. Расында халықаралық деңгейде ешкіммен бөлісе алмай, таласып жүргені туралы ешбір мысалымыз жоқ. Барды бардай, жоқты жоқтай айтуымыз керек, сыртқы саясаттағы бейтараптық үлгіде еліміздің сыртқы саясатқа жауапты мекемелердің және әккі дипломат хәм Президенттің дипломатиялық шеберлігінің арқасы десек қателеспейміз.
Егер ҰҚШҰ яғни ОДКБ мүшелерінің арасында өзара даулы мәселелер мен саяси ұстанымдарын ашық көрсетіп жүргендерді ескерсек, әсіресе қырғыз бен тәжік арасындағы шекара мәселесінде, немесе Армения мен Әзірбайжан (мүшелікте жоқ) тандемінде айқын қарулы қақтығыстар орын алып үлгерді. Ал Ресейдің «әскери операциялық» бағыты (бейресми агрессиясы), оны қолдаған белорустардың пиғылы ешбір халықаралық норма мен келісімдердің арнасына симайды. Бір сөзбен айтқанда, бұл саяси ойындарға Қазақстан нақты бейтараптық ұстаныммен қатыспай отырған жалғыз мемлекет.
Ферғана дауы мен Орталық Азиядағы таулы су көздеріне қатысты көкейкесті мәселелер қайта өршейін деп, Тайваньдағы Қытайдың пиғылы алып елдердің көзқарастарымен қайшылығы тұтанайын деп тұрған кезде Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымының мүшелерінде де тынышсыздық қалыптасуда. Бұның барлығы кешегі Астанада өткен ТМД елдерінің саммитінде талқылау, ал Азиядағы өзара іс-қимыл және әріптестік Келісімі форумын қайта халықаралық субьект болып құрылымдық деңгейге көтеру бастамалары, еліміздің сыртқы саясаттағы тұрақтылықты сақтайтын форматтармен өмір сүру идеяларының өнімділігі ретінде қарастыру керек. Өйткені Қазақстанның мүддесі саяси тепе-теңдік және дипломатиялық бейбіт жолдармен тұрақтылықты сақтап, елдердің даму үдерісімен жүре беруі болмақ.
Әрине, кейінгі кездері қоғамды Президенттің орыс тілін қолдап ұйым құрайық дегеніне, «бұнда ұлттық саясат қайда қалады?» деген сан-саққа тартатын пікірілер де жоқ емес. Бірақ Ресеймен ортақ тарихымызбен өзара экономикалық-мәдени келісімдерімізден айнымастан, бауырлас ел ретінде оның Украинаға қатысты мәселесінде БҰҰ-нда дауысқа салғанда еліміз ашық дауыс беруден қалыс қалды емес пе?! Яғни, әрбір көрші елдің өзінің сыртқы саясаты болғанымен, Қазақстанның да өз мүддесі мен ұстанымы бар екендігін тану керек.
Екіншіден, «Президент сыртқы саясатқа ерекше көңіл бөлгенімен ішкі саясатта сүреңсіз әрекетпен шектеліп жатыр» деген пікірлер де аз емес. Егер биылдың өзінде Түркиямен үш рет, Кувейтпен екі рет, Біріккен Араб эмиратымен екі рет, Қытаймен екі рет, Орталық Азия елдерімен жеке дара кездесулерді қоспағанда төрт рет, Ватикан понтифигі және әлем діндерінің басшыларымен кездесулердің басты басымдықтары - елдің дамуына, экономикалық-саяси тұрақтылыққа себеп болатын келісімдер мен инвестициялық ахуалдың тұрақты келуін қамтамасыз ету шаралары тұрды. Өйткені сыртқы қарыздардан құтылу, елдің әл-ауқатын күшейту, қымбатшылықты тұралату, ішкі саяси реформаларды ойдағыдай жүйелі жүргізу т.с.с. қыруар кешенді өзектіліктер сыртқы саяси векторларда ұстанатын қам-қарекеттерге негізделеді.
Сондықтан болар, егер саясатпен айналыссақ қысқа уақытқа ғана әсерін көруге мүмкіндік болады. Ал ұтымды дипломатиялық саясатты қолдану ұлт болып ұзақ мерзімге күйзеліссіз өмір сүруге уақыт пен тәжірибе көрсетуде. Әділетті қоғам осындай обьективті өлшемдермен хәм орынды шешімдерден құралатынын ұмытпайық!
Мақсат Жақау
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер