Жеңгетайлық - ғашықтарға көмектесетін салт

3255
Adyrna.kz Telegram

 

Құрметті оқырман! Жақында "Адырна" ұлттық-этнографиялық бірлестігі "Адырна кітапханасы" атты жобаны қолға алды. Біз осы жоба аясында "Қазақ салттарының інжу-маржандары" атты мәдениеттанушы Бердалы Оспанның кітабынан үзінділер ұсынуды жөн көрдік.

Сонымен "Жеңгетайлық - ғашықтарға көмектесетін салт" атты мақаланы оқыңыздар.

Қазақ қызын қолынан келгенше еркелетіп, көңілін қалдырмай өсіретін.

«Жол мұраты жету, қыз мұраты кету», «Қыз жат жұрттық» деп айта отырып, қыз баланың болашағы жақсы болуын да бүкіл туған-туыс, ауыл-аймақ болып ойлайтын болған.

Қазақ қауымында қыз тәрбиесі қашанда да әжесі мен анасының, қала берді бүкіл ауыл әйелдерінің міндеті болғаны белгілі. Қыз тәрбиесіне байланысты бүгінгі күнге жеткен байырғы кездегі сөздердің бірі «Қызға қырық үйден тыйым» бүгінде де жиі айтылады. Себебі қыз барған жерінде тек бір жанұяның, әулеттің ғана емес, бүкіл бір рудың өкілі ретінде қабылданатын.

Жеңгенің әулеттегі ерекше орны

Әдетте қыздың жүріс-тұрысына жеңгелері жауапты болған. Жасы кіші қайын інілер мен қайын сіңлілер ағаларының келіншегіне үлкен сыйластықпен қарап – жеңге, жеңгей, жеңеше деп атайды. Ағасының қарындастары жеңгесі жақсы болса аса бір жақын тартып, араларында нәзік сезімді қарым-қатынас орнайтын. Жеңге жақсы әпкедей әрі сырлас құрбыдай болатын.  Жеңгелер өз кезегінде қайын сіңлісінің атын атамай «Еркемай», «Еркежан» деп еркелететін.

Осылайша олардың арасында үлкен сенім пайда болып, қыз жеңгесіне ешкімге айтпайтын құпияларымен бөлісетін, кеңесетін. «Қыз құпиясын жеңге білер», «Қызы бар үйдің жеңгесі жағымды» деген сөздердің шығуы бекер емес. Жеңгелер қайын сіңлілерінің жақсы жерге барғанына мүдделі болған. Сондықтан оңтайы келген жағдайда қайын сіңлісіне дұрыс жұбай болатын жақсы жігіт қарастыра жүрген.

Жеңге екі ғашық жастың арасын жалғастырушы алтын көпір деуге де болады. «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» деген мақалдың бүгінге дейін өз маңызын жоймауы осының дәлелі.

Жақсы жеңге ғашық болған жастардың арасындағы дәнекер. Бұл салт қазақта – «Жеңгетайлық» деп аталады.

Жеңге хат тасушы да, кездесу ұйымдастырушы да. Әдетте жігіт сүйген қызына сезімін білдіру мақсатында, ең алдымен қыздың жеңгесінің көмегіне мұқтаж. Ал қыздың жеңгесіне жақындау мүмкін болмаған жағдайда қыз ауылында тұратын досынан қыз жеңгесімен сөйлесуді өтінетін болған. Қалай болғанда да қыз жеңгесімен жолығып көмек сұрау қыз жүрегіне  жақындаудың ең қысқа жолы. Әрине, бұндай жағдайда қыздың жеңгесіне мүмкіншілігінше сақина, сырға, бәлезік сынды сыйлықтар ұсынылатын.

Ғашық жастардың кездесулерін ұйымдастыратын, қайын сіңлісін ешкім көрмейтіндей етіп сыртынан бақылап тұрып таң ата үйіне ертіп келетін де жеңгесі болған.

Егер атастырылып қойған қыз, қалыңға төлейтін малы жоқ жігітпен қашып кеткен жағдайға, қыздың жеңгесі бәріне кінәлі болып  саналатын.   Оны қайын сіңлісіне дұрыстап қарамады деп айыптайтын болған. Бір сөзбен айтқанда қыз бен жігіттің арасында тойға дейін, той барысында және тойдан кейінгі жағдайдың бәрінде де өзінің нақты орны бар бірден бір адам жеңге болатын.

Жеңгетайлықтың әдебиеттегі көрінісі

Бүгінде қазақ қыздарының арасында Тоғжан кеңінен тараған есім. Бұл есім әсіресе Мұхтар Әуезұлының қазақтың ұлы ақыны Абайдың өміріне арналған «Абай жолы» роман-эпопеясы шыққан кезден бастап кеңінен танымал болды. Кітапты оқығар әрбір адам Абайдың ғашығының есімі Тоғжан болғанын біледі. Романда Абайға сүйгені Тоғжанмен кездесуге көмектесетін жеңгесі Қарашаш екені жазылған:

«Сол күндер ішінде Абай өз өлеңдерін де айтты. Ербол ендігі сырласы болып алды. Өмірінде алғаш рет осы жігітке Абай өз жүрегінің сырын ашты. «Тоғжанға білдір» деп айтты.

Ербол осыдан соң барлық Абай айтқан өлеңдерді жаттап ап, жас жігіттің жан сәлемін Тоғжанға жеткізбек боп жүріп кетті.

Арада айдай созылған үш күн өткенде, Ербол Жидебайға қайта кеп, Абайды ертіп алып Шыңғысқа, Түйеөркешке қарай тарты.

Абайдың жалғыз тілегі бір ғана оңашада жүз көрісіп сөйлесу болатын. Сол арманын Ербол апарып, әуелі Тоғжанның жеңгесіне, Асылбектің келіншегіне айтыпты. Сәлемге айтқан өлеңдерін айтып беріпті. Ол жеңге Тоғжанмен барынша сырлас, тату болатын. Өмірінде әлі күнге қайын сіңлісі мен өзге жігіттің арасына делдал боп көрмеген-ді. Бірақ, мынау жол оған да өзгеше көрініпті. Ербол да сөзге жүйрік, қолқасын өткізе білетін, отты, жұғымды жігіт.

Әйтеуір сол жеңге мен Ербол екеулеп отырып, Тоғжанға Абайдың бар өлеңін естіртіпті де, ақырында, бір жүз көрісуге көндіріпті.

Тақат, сабырлан айрыған Абай Түйеөркешке қалай жеткенін аңғарған да жоқ. Ымырт жабыла бере екі жігіт тау ішіндегі Ербол ауылына келді.

Алғашқы жүздесу

...Абай ақырын сәлем беріп, жасаулы отауға кіргенде, аққұба жеңге төсек жанында тұр екен де, Тоғжан жерде көрпе үстінде отыр екен. Табалдырықтан төрге шейін жайылған әдемі алаша. Ақ жібек шымылдық биік сүйек төсекті жартылай қоршап апты.

Абай амандасып тоқтағанда, сыпайы жеңге бұған жақындап кеп, тымағын алып, белін шешті.

Тоғжан алғаш минүттерде қатты қысылып, өте ақырын амандасып, өзгеше қызарды. Бір кезде оның жүзі ағара бастап, сұрланып кетеді. Жүрек толқыны мен ұялу аралас. Барлығы да лүпіл қаққан шыншыл қанмен бетіне шығып, сыр айтып қайтады. Ербол жастар қысылмасын дегендей болып:

– Ал, мен арғы жағаға қайтып, атты әзірлеп тұрамын! – деді.

Абай үндемей басын изеп, рұқсат етті.

Жеңге де шай әзірлемек боп тысқа шықты. Сол кеткеннен қайтқан жоқ.

...Осы кеш екі жасты бір-біріне соншалық сүйікті, ынтық етті. Екеуі тек жүз көрісуден, сөйлесуден басқа ешбір бөтен тілек ойламастай. Алғаш көріскендері осы болса да, көп жайларды айтысты. Шын сағынышты, ынтық жандар боп ұғысты.

Таң жақындаған кезде ғана жеңге қайта оралды...

– Ойпырмай, қалқам Абай-ай, қиын болмаса игі еді! Су түсіп кетіпті! Атың қайда еді? – деді.

...Сыпайы, майда мінезді жақсы жеңге Абайды қараңғы қораның ішіне жетектеп ап, қақпаға әкелді де:

– Ал, қалқам, жер тар, уақыт тығыз болды. Бірақ, тілеулес достарың бар екенін көрдің ғой. Еске ала жүр! Тек мына судан байқап өт! Қош! – деді.

Абай жеңгенің екі қолын қапсыра ұстап тұрып:

– Жеңешетай, ұмытпаспын! Өлсем де ұмытпаспын осы жақсылығыңды! – деп қоштасты да, кішкене есікті ақырын ашып, жай салмақпен басып жүріп кетті.

Абай ойы жаңа өзімен қоштасқан ғазиз жандармен бірге болды. Солардың жүздері көз алдында. Көкірегі толған нұр сәуледей, шексіз бір қуаныш анық бақыт тынысы бар».

«Жеңгетайлық» салтын қазақтар ұмытқан жоқ. Жастар бүгінгі кезде де ғашықтарға көмектесуге әрдайым дайын тұратын тілектес жеңгелерден көмек сұрайды.

Бердалы ОСПАН.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер