Ақтаулық  оқушылар Алматыда өткен республикалық робототехника бойынша ашық чемпионатта жеңіске жетті

2874
Adyrna.kz Telegram

Ақтаулық  оқушылар Алматыда өткен республикалық робототехника және инновациялық технологиялар бойынша ашық чемпионатта жеңіске жетті.

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жас өнертапқыштары республикалық робототехника бойынша ашық чемпионатта 1 орынға ие болды.

Дәстүрлі шарада «QarapaiymЕmdeu», «qMeta» жобалары таныстырылды. 

QarapaimEmdeu - диагнозды анықтайтын робот-терапевт және мобильді платформа,  деректерді сақтайтын медициналық портал. 

“Робот-терапевттің мақсаты дәрігерлерді алмастыру емес, олардың жұмысын жеңілдету мақсатында дайындалған жоба. Робот  ауырып келген адамның  айтқан симптомдарына қарай  диагноз қойып, әрі қарай емделу жолын немесе қандай дәрігерге қаралу керек екендігін айтады”,- дейді жоба авторы Камила Куатова 

Жеңіске жеткен команда мүшелері: Данил Мухалев, Камила Куатова, Нұргүл Әмірхан, Ұлан Айтбай.

qMeta – виртуалды шындықта білім беру платформасы. Платформа «Oculus Quest 2» виртуалды шындық көзілдірігінде қолданылады. Виртуалды шындықта студенттердің мүмкіндіктері шексіз. Мұнда атомдардың ыдырауынан бастап органикалық бөлшектердің ыдырауына дейін кез келген тәжірибені жүргізуге болады дейді команда мүшелері. 

«qMeta» жобасының мақсаты шынайы өмірде жүзеге асыру мүмкін емес физикалық, химиялық тәжірибелерді виртуалды шындық арқылы көрсету. Біріншіден бұл платформа мұғалімнің сабақ беру процессін жеңілдетеді, екіншіден оқушының сапалы әрі нақты білім алуына мүмкіндік береді”,- дейді жоба авторы Расул Абуов

«qMeta» командасының қатысушылары: Расул Абуов, Ақбөбек Нышанбай, Мағжан Закария, Айсұлтан Бақтығали және информатика пәнінің мұғалімі Мәди Медет.

Республика деңгейінде өткен робототехника бойынша ашық чемпионатқа 7 мен 22 жас аралығындағы оқушылар мен студенттер қатысты. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын жарыс биыл 7 рет өтуде.

“Қатысушылар негізінен робототехника, жаңа технологиялар және бағдарламалау саласында сайысқа түсті. Чемпионат биыл жетінші рет ұйымдастырылып отыр. Оған 98 білім мекемесі қатысты. Әділ қазылар ұсынған жобалардың ішінен әлеуметтік мәселелерді шешуге арналған бағдарламаға баса назар аударды”,- дейді «QarapaiymEmdeu», «qMeta» жобаларының жетекшісі Мәди Медет 

Білім беру ұйымдары арасында өткен чемпионат екі күнге созылды. Жеңімпаз атанған «Qarapaiym emdeu» командасы  еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі Халықаралық Ақпараттық Технологиялар Университетіне білім грантын жеңіп алды. «qMeta» жобасының авторлары  «IMAP business school» бизнес-мектебінде оқуға мүмкіндік алды. Сондай ақ жеңімпаз  команда қатысушыларына 50.000 теңге көлемінде қаржылай сыйлық табысталды.

Пікірлер