Бізде неге интернет мәдениеті жоқ?

1891
Adyrna.kz Telegram

    Мәдениетті Еуропаға апарған көшпенділердің ұрпағы қазір, неге мәдениетті Батыстан үйреніп жүр? Жанарбек Әшімжан ағам кезінде жазып еді, «Еуропа бұтына жапырақ байлап жүргенде біздің бабаларымыз өзін қойып, атына дейін сары алтынмен киіндірген» деп. Бізге қазір киіну мәдениетін қойып, сөйлеу, сөйлесу мәдениетін қайтадан басынан бастап үйрену қажет болып жүр.

Мысалы, әлеуметтік желідегі бір посттың астына жоқ дегенде 2-3 адам мәдениетсіз пікір қалдырады. Бұл үлкендердің ғана парақшасынан аңғарғанымыз. Ал, жастар көп отыратын ВК желісіне кірсеңіз төбе шашыңыз тік тұрады.

Ресей Премьер Лигасына ауысқан Еркебұлан Сейдахметтің «Уфа» клубы мен Бақтияр Зайнутдиновтың «Ростовының» сайтындағы қаракөздеріміздің бір-бірін боқтап жатқанын көрген ресейліктердің өзі ұялып кеткен болатын.

Кеше ғана Дмитрий Шомко ағылшындық «Астон Виллаға» ауысады деген ақпарат шыққанын естіген бетте, осы команданың ресми сайтына кіргенбіз. Тағы да, бірін-бірі әке-шешесінен түк қалдырмай «түгендеп» жатқан өз қандастарымыз. Бізге Қазақстанның іші аздық етіп, әлемдік дәрежеге шыға бастағандай әсер қалдырады.

Бұл тек қана спортқа қатысты жаңалықтарынан көргеніміз. Одан қалса елге, жерге, руға бөлініп алып қырылып жатқан тағы да қазақ балалары. Бір-біріне нөміріңді қалдыршы деп. Басқа елдердің сайтына кірсеңіз боқтық балағат емес, сол жаңалыққа қатысты өз ой-пікірлерін ғана көреміз.

Сенің жазған пікірің тек өз ойың ғана емес,  ұлттың да санасынан хабар беретінін ескерсек, әлеуметтік желіде ауызға абай болайықшы.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер