Соғыс аймағында 250-дей қазақстандық әйел жүр

1820
Adyrna.kz Telegram

Сирия, Ирак және Ауғанстандағы қақтығыс аймақтарында шамамен 250 қазақстан азаматшалары жүр.

Бұл туралы ҰҚК төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков Комитеттің отырысы барысында айтты.

"Кетіп жатқандардың басым бөлігі әйелдер, әрине, олар күйеулерінің соңынан кетеді. Қазақстан аумағында осы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар бар. Қақтығыс болып жатқан аймақтарда қазақстандық әйелдердің жүргені жайлы мәліметтер бар. Біз олардың әрекеттеріне қылмыстық құқық тұрғысынан баға береміз. Елімізге оралған жағдайда олар қылмыстық жауапкершілікке тартылады", - деді Білісбеков.

Жақында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан азаматтарын Сириядан эвакуациялау жөніндегі гуманитарлық шараның аяқталуына байланысты үндеу жасаған болатын.  "Биылғы 6 қаңтарда менің тапсырмам бойынша құқық қорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген гуманитарлық шара нәтижесінде Сириядан 47 азаматымыз, соның ішінде 30 бала елімізге қайтарылды. Олар дағдарыс жайлаған елге алданып барып, террористердің тұтқынында болды. Қазақстанға келген соң әйелдер мен балаларға мемлекет тарапынан барлық көмек көрсетілді. (...) Қақтығыс аймағында еріксіз жүрген балаларды қайтару жөніндегі жұмыстарды жалғастыра береміз. (...)", - деген еді Президент.

Пікірлер