Әсет Матаев парламент сайлауына қатысады: "Біздің буын көптеген мәселелерді шеше алады»

2981
Adyrna.kz Telegram

Бүгін тәуелсіз журналист, KazTAG халықаралық ақпараттық агенттігінің жетекшісі, Әсет Матаев Алматыдағы №5 бір мандатты округ бойынша ҚР Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына өз кандидатурасын ұсынатынын мәлімдеді (ескертпе. - Бостандық, Медеу, Наурызбай аудандары - Ә.Матаев тұрған, тұратын және жұмыс істейтін аудандар). Бұл туралы Әсет Матаев Facebook-тегі ресми парақшасында, сондай-ақ жеке Telegram-арнасында жазды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Жазбада алты ай бұрын Жоғарғы Сот ҚазТАГ және Қазақстан журналистер одағының жетекшілері  Әсет пен Сейтқазы Матаевтардан заңсыз соттағаны үшін мемлекет атынан кешірім сұрағаны және мұндай жайт Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет орын алғаны айтылған.

"Бір кездері саяси себептермен басталған қылмыстық іс Бас Прокуратура қызметкерлерінің мұқият тексерісінен кейін жойылды және қазір Жоғарғы Соттың бюллетенінде заңсыз соттаудың мысалы ретінде жарияланып жатыр. Менің түсінігімде Әділетті Қазақстан дегеніміз осы - барлық адам құқығы заңмен қорғалып, қылмыс аяусыз жазаланатын  ел", - деп жазды А.Матаев.

Сонымен қатар ол өзінің атына мемлекеттік органдардың заңсыз іс-әрекеттеріне қатысты халықтан көп шағым түсетінін және  сол өтініш-шағымдардың барлығын жан-жақты тексеру қажет екенін атап өтті.

"Мені соңғы кездері өзімнің қаламдас әріптестеріме, яғни тілшілерге қатысты сөз бостандығын шектеп, әділдікті белден басу оқиғаларының көбейіп кеткені қатты алаңдатады. Өйткені, мұндай тауқыметті біздің отбасымыз да талай мәрте басынан кешірген. Сөз бостандығы жолында басымызды бәйгеге тігіп, біраз өмірімізді тәрк еттік. Денсаулығымызға да қандай нұқсан келгені айтпаса да түсінікті. Соңғы жылдары біз менің әріптестеріме, журналистерге және қоғам белсенділеріне жасалған қатігез соққыларға куә болдық", - делінген хабарламада.

Әсет Матаевтың сөзінше, адамдар оған өңірлер мен орталық мемлекеттік органдардағы кадрлық шешімдерге қатысты сұрақтарды, коммуналдық саладағы проблемалар мен сыбайлас жемқорлыққа қатысты сұрақтарды жиі қояды екен. Үкімет пен парламентке жаңа көзқарастағы белсенді адамдар қажет. Мемлекеттік аппарат бюрократия мен қағазбастылыққа көміліп қалды. Шұғыл шешімдер қабылдау былай тұрсын, мойнына жауапкершілік алудан қашатын болды.

"Бізде экология, жұмыссыздық және қауіпсіздікке қатысты проблемалар толып тұр. Көптеген жүйелік проблемалар пайда болды. Әрекет ететін кез келді. Кез келген мәселенің соңғы шешімін табуды президенттің мойнына іліп қою дұрыс емес деп санаймын. Шенеуніктер қоғамның өзімен қоян-қолтық араласа жүріп, халықтың талабын бірлесіп шешу жолында алға басуы қажет... Барлығы өзгеріс пен дамуды қалайды. Біреу оны шетелден іздейді, бірақ мен өз өмірімді Отаныммен байланыстырамын. Біздің буын көптеген мәселелерді шеше алады және Қазақстанды даму мен заңдылық жолына бағыттай алады!"- деп қорытындылады Әсет Матаев.

Атап өтілгендей, Ә. Матаевты жастар өкілдері, қоғам қайраткерлері, өнер адамдары, әртүрлі өңірлерде БАҚ саласында жұмыс істейтін әріптестері қолдайды.

 

 

Пікірлер