Нөкістегі наразылық бойынша айыпталған Дәулетмұрат Тәжімұратов 16 жылға сотталды

2823
Adyrna.kz Telegram

Нөкістегі наразылық бойынша айыпталған Дәулетмұрат Тәжімұратов 16 жылға сотталды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Азаттық сайтына сілтеп. 

31 қаңтарда Қарақалпақстан сотының судьясы Елубай Абибуллаев Нөкістегі наразылық бойынша айыпталған 22 адамның ісіне қатысты үкім шығарды.

Үкім бойынша, "Ел қызметінде" ("Эл хызметинде") газетінің адвокаты Дәулетмұрат Тәжімұратов 16 жылға сотталды. Сот оны "Өзбекстанның конституциялық құрылымын бұзу немесе билікті басып алу мақсатында сөз байласу" және "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" баптарымен айыпты деп таныды. Бұған дейін прокурорлар Дәулетмұрат Тәжімұратовты 18 жылға соттауды сұраған.

Жаза мерзімі ол қамауға алынған 2022 жылғы 2 шілдеден бастап есептеледі. Үкімге сай, Тәжімұратов 228,8 миллион сум (20 мың доллардан астам) көлемінде шығын да өтеуі керек.

Одан бөлек, Азамат Турданов, Ахмет Сметуллаев және Азамат Нуратдиновтер бас бостандығын шектеу жазасын алды, Makan.uz сайтының негізін қалаушы, журналист Лолагүл Қаллыхановаға шартты жаза тағайындалды. Сот бұлтартпау шарасын өзгертіп, оларды залдан босатты.

Еске салайық, былтыр шілдеде Қарақалпақстанда Ташкенттің Конституцияны өзгерту туралы бастамасына қарсы наразылық болған.Ташкент ұсынған түзетулер арасында Қарақалпақстан автоном республикасын Өзбекстан құрамынан шығу құқығынан айыратын пункт болды.

Қарақалпақстандағы наразылықты басып-жаншу кезінде кемі 21 адам қаза болған, арасында күш құрылымдарының төрт қызметкері бар. 270-тен астам адам жараланған. Жаппай наразылықтан кейін Ташкент даулы түзетулерді жобадан алып тастады. Билік "тәртіпсіздікті қоздырған" сыртқы күштерді айыптады.

Пікірлер