Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров кезектен тыс І съезді шақыру туралы Жарлыққа қол қойды

2673
Adyrna.kz Telegram

Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров 6 ақпанда Астанада өтетін кезектен тыс І Съезді шақыру туралы Жарлыққа қол қойды, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.

Съезд жұмысына еліміздің барлық өңірінен партия мүшелері қатысады.  Шарада Respublica партиясының Сайлауалды бағдарламасы, сондай-ақ жаңартылған Жарғысы таныстырылып бекітіледі.  Сонымен қатар, партиялық тізімдер және бір мандатты аумақтық округтер бойынша ұсынылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарға дауыс беру өтеді.

«Қазір Орталық аппарат партияның өңірлік бөлімшелерімен бірлесіп, Respublica тарихындағы маңызды партияішілік іс-шаралардың бірі – кезектен тыс бірінші Съезге ауқымды дайындық жұмыстарын жүргізуде.  Барлық партия мүшелері Съезді тағатсыздана күтуде, өйткені бұл шара біз үшін тұғырнама болады, жиын барысында біз өзіміздің негізгі идеяларымыз бен ұсыныстарымызды жеткізетін боламыз», - деп атап өтті Айдарбек Ходжаназаров.

Съезд бейресми түрде, «галстуксыз» форматта өтеді.  Шараға белгілі қазақстандық кәсіпкерлер мен қоғам қайраткерлері  қатысады.  Respublica партиясының төрағасы, ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші, «Олжа Агро» серіктестігінің басшысы Айдарбек Ходжаназаров, тең төрағалар мен кәсіпкерлер – Сырымбек Тау, Руслан Берденов, Максим Барышев, Динара Шүкіжанова, Қуаныш Шонбай, Бейбіт Әлібеков және Нұрлан Қоянбаев қатысып, сөз сөйлейді.

Партия туралы

Respublica – мемлекет қызметінің түрлі салаларын қалпына келтіруге ұмтылатын белсенді азаматтарды біріктіретін жаңа партия. Оған қазақстандық кәсіпкерлер мен қоғам қайраткерлері тартылған. Ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші, «Олжа Агро» серіктестігінің басшысы Айдарбек Ходжаназаров партия төрағасы болды. Теңтөрағалар қатарында кәсіпкерлер – Сырымбек Тау, Руслан Берденов, Максим Барышев, Динара Шүкіжанова, Қуаныш Шонбай, Бейбіт Әлібеков және Нұрлан Қоянбаевтар бар.

Партияның басты мақсаты – әрбір қазақстандық саяси, әлеуметтік және экономикалық өзгерістерге өзінің атсалысып жатқанын сезінуі үшін ел саясатына ықпал ету тетіктерін жасау.

Respublica партиясының ұраны – «Жаңа адамдар – Жаңа қадамдар».

Партияның құрылғаны туралы 2022 жылдың тамызында жарияланды. 2023 жылдың 18 қаңтарында Respublica партиясы тіркеу құжаттарын қабылдады.

Сайлау-2023

Мәжіліс пен мәслихаттардың мерзімінен бұрын сайлауы жаңа ереже бойынша өтеді. Инновациялар биліктің өкілетті тармағын неғұрлым бәсекеге қабілетті және әділ қалыптастыруға бағытталған, кеңірек көзқарастар палитрасын қамтамасыз етеді, сонымен қатар саяси жаңғырту аясындағы реформалардың жалғасы болып табылады.

Басты жаңалық – аралас пропорционалды-мажоритарлық сайлау жүйесіне көшу. Сонымен қатар, енді Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім бойынша, 30 пайызы бір мандатты округтер бойынша сайланады. Аралас сайлау жүйесі бойынша 50-де 50 қатынасы негізінде облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына да сайлау өтеді. Ал аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына сайлауда азаматтар бір мандатты округтердегі кандидаттарға ғана дауыс береді.

Сондай-ақ, партиялардың Мәжіліске өту шегі 5 пайызға дейін төмендетіліп, оларды тіркеу тәртібі жеңілдетілді.

"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер