Автонесиеге арналған электронды кезек нәтижесін жарамсыз деп танып, қайта өткізуді талап етеміз - Диас Нұрақын

2304
Adyrna.kz Telegram

Бүгін, 6 ақпан күні 4%-дық жеңілдікпен автонесиеге өтінім беру басталған болатын. Алайда, портал жүктемені көтере алмай қалған. Тіпті, сағат 10:00-дің өзінде 761 адам тіркеліп үлгерген. Бұл туралы журналист Диас Нұрақын Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

“Электронды кезекке деген күмән қоюланды. Таныстарым, достарым, оқырмандарымның ешқайсысы тіркелмеген. Кейбірі осы кезекті мен ойлап тапқандай жекеге жазып, ренжіп жатыр.

Таңнан бері 50 шақты адам хабарласты. Соның бірде біреуі ілікпеген. Мақтаулы порталдары жүктемені көтере алмай қалды. Бірақ инсайдерлік ақпарат бойынша 761 адам өтініш беріп үлгеріпті. Соңғы заявка 10,00 де тіркеліпті. Демек біз клавиатураны тоқпақтап, ЭЦП-ның құпия сөзін жазып, ашылмай қалған көлік өндіруші деген батырманы баса алмай отырғанда, "өз адамдары" тіркеліп кеткен. Бірақ қазанның қақпағын ұстап отырғандардың қандай құйтырқылыққа барғанын дәлелдеу қиын”,- деп жазды ол.

Сондай-ақ, Диас Нұрақын Бағдат Мусин мен өнеркәсіпті дамыту қорынан тексеруді талап етті.

“Мусин Бағдат мырза электронды кезектің ашық әрі әділ болғанын халыққа дәлелдеп беріңіздер.

Өнеркәсіпті дамыту қоры арнайы брифинг өткізіп, кезекке кімдердің тіркелгенін жасырмай жариялаңыздар. Қай қала, қай облыстан екені де маңызды. Не себепті "ощибка" деген сөздің шыға бергенін түсіндіріңіздер. Не себепті "көлік өндірушіні таңдау" деген батырманың шықпай қалғанын ашық айтыңыздар. Менің ойымша осының бәрі белгілі бір адамдардың ғана тіркеуге тұруы үшін әдейі, қолдан қасақана жасалған кедергілер болды.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі түйеқұс құсап, бастарыңызды құмға тығып алып отыруды қою керек. Еститін үкімет қағидасына сай халықтың жаппай наразылығын тудырған жеңілдетілген автонесие бағдарламасындағы кемшіліктерге қатысты өз ойларыңызды айтыңыздар. Тіпті бүгінгі электронды кезек нәтижесін жарамсыз деп танып, қайта өткізуді талап етеміз”, - деп жазды журналист.

Пікірлер