"Барлығының назары біздің жігіттерде болды" - Қазақ жігіттері ерекше іздестіру-құтқару әдісімен шетелдіктерді мойындатты

2454
Adyrna.kz Telegram

Қазақ елінен барған азаматтар ерекше іздестіру-құтқару әдісімен күрделі нысандарды жылдам аршып, ірі үйінділерді тазалауға, адамдардың тағдырына арашашы болып, мәйіттерді бұзып алмай сыртқа шығаруға араласты. Олар Еуропадан барған құтқарушыларға қарағанда бірнеше есе өнімді еңбек етіп, тапсырманы артығымен орындады, қосымша нысандарда жұмыс жүргізді, деп хабарлайды "Адырна"  ұлттық порталы. 

Қазақ елі құтқарушыларының ерекше әдісі жайлы журналист Нұрбек Бекбау жазды. Оның айтуынша, қазақ жігіттері қабырғаларды ойып-ұңғу мәнерін тиімді қолданған. Астында адам қалған үйіндінің бүйірін ойып, мүмкін болмаған жағдайда астыңғы тұсынан ұңғып, тұрғындарды құтқарып отырған.  Осылайша, аман қалған тұрғындардың денесін жарақаттап алмауына ыңғай жасап, қайтыс болғандардың мәйітін арулап жерлеу үшін далаға бұзбай шығарған. Мұндай әдіс Түркиядағы зілзала зардаптарын жою жұмыстарында өз жемісін берген:

- Қазақтың төтенше қызметі Газиентеп шаһарына келгенде, шеткірек бір учаскені берген. Еуропаның мен-мен деген елдерінің құтқарушыларына көбірек иек артқан ғой.
Біздің жігіттер, жарайды,-дейді де, сол өздеріне берілген аумақтан әуелі 2-еу, сосын тағы 3 адамды дін аман, қирандылар арасынан суырып алады. Әлгінде ғана; – дамыған елдердің робот боп киініп алған төтеншеліктерінің қасында, қазақтың қайла ұстаған жігіті не бітіреді?-деген пікірі сап жойылады. Назар біздікілерге ауады. Қазақ жігіттері өте өнімді жұмыс көрсетеді ғой, аз ғана уақытта, - деп жазды Нұрбек Бекбау.
Сонымен қатар, журналист біздің құтқарушылардың қызметін артығымен орындап, өзгеше тактикасымен шетелдіктер арасында көзге түскенін баса жазады:
- Шетелдік құтқарушылар — қиранды астында қалып қойған адамдарды тек ауыр техника күшіне сүйеніп қана шығарады. Оған ұзақтау уақыт керек. Тірі жатқан кісі күтіп жатып-ақ өліп қала берген.
Ал қазақ жасағының тактикасы өзгеше. Қираған ғимараттың бүйірін үңгіп, жетіп барады немесе үй жанын ойып, басылып қалған кісінің астынан келеді. Осындай пидагерлікке баруының арқасында, жігіттеріміз 7 жанды аман алып қалды. 88 адам денесін қиранды ішінен суырып алды. Бізжің жігіттер — қабырғаларды қақырата қазып жатқан кран аяулы адам денесін мылжалап тастауына жол бермей, әр марқұмның арулап көмілуіне жағдай жасады.
Түріктер осыдан кейін, ГазиАнтеп қаласындағы бізге тиеселі 3 учаскеде қазақтың жігіттерін негізгі күш етіп, басқасын соларға бағындырып қойды.
Кеше қиранды үйлердің астынан тірідей болса тірідей, шейіт болғандардың денесін алып шығып, үйінді болған үйлерді сүріп, тап-таза етіп барып, елге қайтты.
Әбжіл, арықтау келген, көпшілігің 5 уақыты түгел, сабырлы жігіттер. Нағыз батырсыңдар! - дейді автор.
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер