Израильдің әскери қызметкерлері Еуропа, Қытай және Ресей елдерінің дипломаттарына ескерту оғын атқан, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Bloomberg агенттігіне сілтеп.
Оқиға Иордан өзенінің батыс жағалауындағы Дженин қаласына сапар барысында орын алған.
Израиль армиясының мәлімдеуінше, делегация бекітілген қауіпсіз маршруттан ауытқып, қақтығыс аймағына кіріп кеткен. Соның салдарынан ЦАХАЛ (Израиль қорғаныс армиясы) дипломаттарға ескерту ретінде оқ жаудырған. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ.
Армия бұл жағдай үшін кешірім сұрап, ішкі тергеу жүргізілетінін жеткізді. Ал палестиналық әкімшілік бұл әрекетті «аккредиттелген дипломатиялық делегацияға қасақана шабуыл» деп бағалап отыр.
Бұл оқиға Израиль мен ХАМАС арасындағы ұзаққа созылған әскери қақтығыстардың шиеленіскен тұсында болды. 18 мамырда ЦАХАЛ Газа секторының солтүстігі мен оңтүстігінде «Гедеон арбалары» операциясын бастағанын хабарлаған. Бұл ХАМАС қозғалысына қарсы ірі шабуылдардың бірі болды.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху ХАМАС-ты толығымен жою мақсатында жаңа әскери операциялар жүргізілетінін мәлімдеді. Ал бұған дейін, қаңтар айында қол қойылған уақытша бітім 1 наурызда бұзылып, екі тарап арасындағы соғыс әрекеттері қайта жалғасқан еді.