Бір оқпен үш қоян

2611
Adyrna.kz Telegram

Арайы аспаннан төгілген, ақ қарға оранған ақпан айының аяғында "Ұрпақ жадындағы ұлттық мұра" атты дүбірлі доданың өтуі Абай атындағы мектеп-интернатына бұйырыпты. Бұл сайыста біртуар тұлға Зейнолла Сәніктің өмір баяны мен еңбектері қамтылды. Оқушылар киіз үйдің бастан-аяқ құрылуын жаттап, сахнада саспай сайрады. Менің де мұндай мол мұраға толы бәйгеде бағымды сынағым келіп еді. Бірақ, ақымақтығым ұстап бас тарттым. Неге дейсіз ғой? Аламанға бір күн қалғанда дайындалып, өзіме-өзім сенімсіз күйге түстім.

Жарыстың басталуына жарты сағат қалғанда ұстазым Жарқын Сәленұлына: Ағай, мен бүгін сайысқа қатыспауды жөн көрдім. Себебі, дайындығым ө-өте әлсіз. Оданда балалардың шабысын тамашалап, маржан сөздерді тізіп тұрып мақала жазайыншы. Жарай ма? "—дедім. Сонда Жарқын Сәленұлы: Мақұл. Қалауың білсін. Бірақ, ойла-ан. Бабың емес, бағың шауып кетуі мүмкін"— деп баланүйрек саусағын шошайтты.

Сайыс басталды. Жеребе тартылды. Балалар бірінен соң бірі шығып жатыр. Қазылар ынталы жастарға сұрақтарын қарша боратуда. Оқушылар да тайсалар емес. Білгенін жанталаса айтып, білмегенінің жауаптарын ескеріп тұрды. Сұрақтардың алпыс пайызы мен білетіндер екен. Іштей:" "Әттеген-ай, қатысуым керек еді ғой" — деп өкінгенім өтірік емес. Оның несін жасырайын? Киіз үйдің сүйегі, туылдырығы, түндігі т.б дүниелері туралы білетінмін. Бірақ, оқып, жаттап үлгермеген сұрақтарды естігенде, "Ухх, мынаны маған қойғанда не болар еді? Бір орында қатқан қара тастай үн түнсіз тұрсам.. Масқара.. Қатыспағаным дұрыс бопты" дедім. Осы бір сәттерде ойым сан-саққа жүгіріп жатты: " Сонда менің бұл іс-әрекеттерім ақша мен атаққұмарлық үшін бе? Жо-оқ Шәміл, сен бұл жарысқа ұлттық мұраны ұлықтаған ұландарды тыңдауға келдің. Соны біл. " — деп өзімді-өзім түзеп алып, ары қарай балалардың дабысына құлақ түрдім.

Зейнолла Сәніктің өмір-баянын, жазған нақылдарын естігенмен қоса сан-алуан еңбектерімен таныстық. Өзім де әлеуметтік желіге кіріп, тың мәліметтерді ақтара бастадым. Ол кісінің түрлі тауқыметке толы ғұмыры оқырманды қызықтырмай қоймасы анық. Біз ұмытып жатқан, бабалардың ойлап тапқан киіз үйінің қыр-сырын дәріптеуді өшпейтін ерлік деп білемін. Сондықтан Зейнолла Сәнікті тек көрнекті жазушы деп қарастырмай, зерделі зерттеуші десекте артық болмас. Меніңше Зейнолла Сәнік тамыры тереңге жайылған байшынар іспеттес. Ал, мына еңбектерін еш етпей, көз майын тауысып оқып, жаттаған жалынды жастар байшынардың бұтақтары сияқты көрінді маған.

Жарыс уақыты аяғына тақады. Қазылар оқушылардың алған орындарын әділ бағалауға аттанды. Мәжіліс залы тым-тырыс. Ақын жігіттер болып, жиылған көрерменді өрген өлеңдерімізбен тәнті етейік деп шештік. Сейтжанұлы Ерасыл "Күшән" атты шытырман уақиғаға толы өлеңін оқыса, Жалғас Серікболұлы "Көп өлең" деген қаракөз қарындасына арнаған жүрекжарды жырын жатқа айтты. Ал мен өз сыныбымның сәнқойларына жазған әдемі тармақтарымды қыздарға қарап қайырып, бір марқайттым.

Балалар бұйырған жүлделерімен марапатталды. Бас жүлде(50 000тг) 9-сынып оқушысы Балауса Медетқызына бұйырды. 1-орынды(40 000тг) 11-сыныпта оқитын Жалғас Серікболұлы жеңіп алды. Ал 2-орынға(30 000тг) 2 оқушы, 3-орынға(20 000тг) 2 оқушы қол жеткізіп, мерейлері үстем болды. Бұл жолғы зияткерлік байқауға "Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры" демеуші болды. Абай атындағы РММИ-дің қолдауымен "Ділмар" шешендік өнер үйірмесі ұйытқы болып өткізді. Қордың атқарушы директоры ақын, ұстаз, баспагер Серік Қалиев және басқа мамандар қазылық етті.

Іс-шарадан соң барлығы кезектесе суретке түсіп жатыр. Мен мектебіміздің айтыскерлерін баптайтын азулы ақын Серік Қалиев Әкірамұлынан көз алмай тұрмын. Себебі, соңғы күндері айтысқа деген қызығушылығым оянып жүрген болатын. Тежелмей бардым да, сәлемдесіп, ниетімнің бар екендігін айттым. Серік ағай мақұлдады.

Міне, аламанда алысып, қанжығама жүлде байламасам да, айтыс үйірмесіне қосылу мен үшін үлкен олжа болды. Көрермен ретінде жарыста соңына шейін тамашалаумен өткізсем де, бір оқпен екі емес, үш қоян аттым. Әуелі киіз үймен толыққанды таныстым. Екінші Зейнолла Сәнікті зерттеуге деген махаббатым ашылды. Үшінші айтысқа қосылдым. Осылайша жақсылыққа толы жайдарлы күн мәресіне жетті.

Шәміл Тимурланұлы,

"Ділмар" үйірмесінің мүшесі

(Абай атындағы РММИ-дің 10-сынып оқушысы)

Пікірлер