Ғылыми жетістіктерді ілгерілету - еліміздің болашағына салынған инвестиция

1826
Adyrna.kz Telegram

Заман талабына сай қазірде әлеуметтік-экономикалық приоритеттерді жоғарылату Қазақстандағы білім саласының басты міндеттерінің бірі. ХХІ ғасыр — ертеңгі қажеттілік болып табылатын серпінді технологиялар мен керемет инновациялардың уақыты! Ғылымды дарынды жастар өздерін тауып, табысты дами алатын салаға айналдыру қажет. Бұл ретте, Білім және Ғылым министрлігінен жасалып жатқан шараларды атап өтсек болады.

2020 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша министрлік сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларын қабылдады – бұл жалақыны арттыру, арнайы ай сайынғы ақшалай төлемдер, қосымша жүктеме үшін қосымша төлемдер белгілеу, туындылардың авторларына қаламақы төлеу, қызметкерлердің тұрғын үй жағдайларын жақсарту. Алғаш рет шығармашылық одақтарды қолдауға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында қаражат бөлінгендігін айтқан жөн. Мемлекет басшысы қойған стратегиялық міндеттерге сәйкес Қазақстанның жаңа экономикалық бағыты негізге алуға тиіс қағидаттардың бірі өнімділіктің өсуі, экономиканың күрделілігі мен технологиялылығын арттыру болып табылады.

Қазіргі кезде елдің инновациялық ғылыми-технологиялық дамуы үшін бірқатар заңнамалық актілер қабылданды. Ғылым туралы және инновациялық қызмет туралы алғашқы заңдар қабылданған кезден бастап заңнамалық деңгейде айқындалған тиісті өкілеттіктері бар қажетті даму институттары құрылды, бұл қазіргі уақытқа ұлттық ғылыми-инновациялық жүйенің негіздерін қалыптастыруға мүмкіндік берді десек болады. Мәселен, технологияларды коммерцияландыруға және кәсіпорындарды жаңғыртуға гранттар беруді; жеңілдікті кредиттер беруді және пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауды; инновациялық инфрақұрылымның квазимемлекеттік обектілерінің көрсетілетін қызметтерін ұсынуды; мемлекеттік және жобалық инвестицияларды; салықтық ынталандыруды қоса алғанда, қолдаудың әртүрлі құралдары сыналды, қолға алынды.

Осы ретте, «Отандық ғылым саласы қалай дамып жатыр?» деген сұрақ туындайды.

Қазақ ғылымы дамуының негізгі күші – ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындары. Қазіргі таңда Қазақстанда ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын 400-ге жуық ұйым бар. ҚР Білім және ғылым министрлігінің жетекшілігімен еліміздегі оқу орындары жанынан ғылыми-зерттеу орталықтарының құрылуы да отандық ғылымның ілгерілеуіне өзіндік үлесін қосуда. Сондай-ақ ғылымға қызығушы азаматтарымыздың магистратура мен докторантурада өз білімдерін шыңдауы үшін және шет мемлекеттерде тағылымдамадан өтуі үшін арнайы гранттар да бөлінуде. Соңғы жылдары гранттардың саны өсумен қатар оларға берілетін стипендияның көлемі де айтарлықтай ұлғайып отыр. Сондай-ақ Үкіметтің 2021 жылғы 12 қазандағы қаулысымен бекітілген «цифрландыру, ғылым және инновациялар мен ғылым есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасының «ғылым» блогы да осы ақпараттық қолдауға сүйеніп жасалып отыр.
2020 жылы Мемлекет басшысы «Жас ғалым» жобасы бойынша 1 мың грант бөлуді тапсырды. Мақсаты - ғалымдар санын арттыру. Осы мақсатта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстандағы ғылымды ұлттық деңгейдегі қолданбалы проблеманы шешуге тарту үшін ғылыми және сарапшылық қоғамдастықпен бірге ғылымды дамытудың 2020-2026 жылдарға арналған бағдарламалық құжаты әзірленді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан бұл қолдаулар еліміздің болашағына салынған инвестиция деп білемін. Дегенмен, көптеген жағдайларда осы ғылым саласының өкілдері мен жаңашыл жастардың өнертабыстары мен ғылыми еңбектері көрінбей қалып жатады. Бұны шешу үшін біз ең алдымен, ғылым және білім саласына ақпараттық қолдауды жақсартуымыз керек.

Себебі, жасалып жатқан істер ғылымға, кәсіпке қызығушылығы бар тараптарды толықтай қамти алмауда. Мемлекет тарапынан берілетін гранттар мен мүмкіндіктер жанама емес, толық қамту қажет. Сол кезде әрбір ғылымды насихаттау және халық арасында отандық ғылыми жетістіктерді ілгерілету, жас ғалымдар мен зерттеушілерді мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру нығаяды.

Пікірлер