Қазақ ғылымы жасарып келеді

1547
Adyrna.kz Telegram

Соңғы жылдары қазақ ғылымына деген көзқарас түбегейлі өзгерді. Оған Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылым саласына жасаған реформалары сеп болды. Ғалымдардың жалақысы өсіп, жас ғалымдарды қолдау шарасы кеңейді және ғылымды дамытуға бөлінетін қаражат көлемі едәуір артты. Сала ғылымға қатысы жоқ адамдардан тазарып, нағыз жаны ашитын, өмірін осы салаға арнаған адамдармен толықты.

Соңғы деректерге сүйенсек, елімізде ғылыми зерттеу жұмыстарын жүзеге асыратын 438 мекеме бар көрінеді. Онда 21 617 ғалым қызмет атқарады екен. Бұл қазақ ғылымы үшін үлкен жетістік деуге болады. Себебі ғылымды қаржыландыру көлемі соңғы үш жылда 70 пайызға өскен.

Сондай-ақ балалар ғылымына да ерекше назар аударылуда. Әсіресе, бұл бағытта мақтанатын тұсымыз көбірек. Мәселен, елімізде өткен «Central Asia FIRST CHAMPIONSHIP-2023» робототехникадан Орталық Азия ойындарына 1 200 оқушының қатысуы сала болашағының жарқын екенін дәлелдейді. Сонымен қатар 50 оқушымыз әлемнің төрт елінде (Австралия, Марокко, АҚШ, Индия) өтетін халықаралық бәсекелерге жолдама алған. Жалпы, қай салаға болмасын қызығушылық бала кезден пайда болатынын ескерсек, бағыт бар, бағдар белгілі.

Бүгінгі таңда желіні ашып қалсаң болды еліміздің түкпір-түкпірінде ғылымда алғашқы жетістіктеріне қол жеткізіп жатқан жеткіншектерді көруге болады. Оларды көріп қазақ ғылымының ертеңін елестетесің. Ішің жылиды. Күні бүгін біреуін көзім шалды. Тараздық оқушы тәлімгерінің жетекшілігімен қызыл жалынды сөндіруге арналған робот ойлап тауыпты. Ол тіпті қаптаған қалың түтін арасында қалып қойған адамды еркін алып шығатынға ұқсайды. Роботты алыс қашықтықтан басқаруға да болады екен. Міне, тапқырлық. Небәрі 9-сынып оқитын оқушының алғырлығы. Бұл жоба болашақта жетілдірілсе, талай жанды өлімнен арашалап қалуы сөзсіз. Ал енді Ақтөбелік оқушылар «ақылды терезе» ойлап тапқан. Олардың жасаған жұмыстары бүгінгі таңда өте маңызды деуге болады. Өйткені кішкентай балалардың терезеден құлау жағдайы жиілеп кеткені рас. «Ақылды терезе» жобасы бұл мәселенің шешімі болары анық. Себебі «ақылды терезе» өзіне жақын 90 см аралықта дыбыс естісе құлыпталып қалады. Бұл баланың терезенің жақтауына өрмелеп жатқандығының белгісі. Мәселенің оңай әрі ақылды шешімі деп осыны айт.

Бұл қазақ балалар ғылымының бұрын-соңды шықпаған белесі. Шүкір, дейміз. Балаларымыз кішкентай кезінен ғылымның не екенін біліп өсетін жағдайға жеттік. Жетістік оңай келмеді. Талай тер төгіліп, қыруар қаржы жұмсалды. Қазіргі таңда еліміздің әр аймағында балалардың ғылыммен айналысуына керекті жағдай жасалған. Заманауи орталықтар салынған. Орталықтарда балалардың кішкентай болса да маңызды жаңалықтарының куәсі болып жатырмыз. Мұнымен тоқтамаймыз деп сенеміз. Қазақ ғылымы жасара берсін!

Пікірлер