Жас ғалым экономиканы көтерудің жолын айтты

1841
Adyrna.kz Telegram

Еліміздің дамуына қаржыгерлердің қажырлы қайраты қажет. Ал Қазақ елінде экономикалық бағытта білім алып, тиімді жұмыс істеп жатқан жас ғалымдар баршылық. Солардың ішінде Назарбаев университетінің түлегі Досбол Социалханның есімін атауға болады. Қытайда дүниеге келіп, туған жерде білімін жалғастырып жатқан азамат Қазақ елінің экономикалық дамуын қалай елестеді?

«Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген сөзді қаперге алған Досбол Социалхан 2018 жылы елге келіп, 2019 жылы Қазақстан Республикасының азаматтығын алады. Қытайдың ЖОО білім алған азамат Қазақ еліне келе салып, Назарбаев университетінің түлегі атанады.

«Қытайдың жоғары орта мектебінде 4 жыл білім алдым. Одан кейін 2013-2017 жылдары Шаңхай Лишин атындағы Есеп және қаржы университетінде қаржы инженері мамандығында білімімді толықтырдым. Ал елге келгеннен кейін 2020-2022 жылдары Назарбаев университетінің магистрантурасында экономика саласы бойынша оқыдым. Сол жылдары аталған университетте оқытушының көмекшісі болсам, қазіргі таңда профессордың көмекшісі ретінде қызметімді жалғастырып жатырмын.

Негізі Назарбаев университеті жоғары деңгейде білім береді. Мәселен мұнда өзіміз алған білімді игеріп қана қоймай, оны одан әрі жетілдіруге мол мүмкіндік берілген. Назарбаев университетіндегі білім беру жүйесін қытайдағы өзім оқыған оқу орнында көрмедім. Жалпы өзім алдағы болашағымды ғылым жолмен байланыстырамын. Сондықтан да шет елдің жоғары деңгейдегі унивеситетінің доктарантурасында оқуымды жалғастыруды жоспарлап отырмын. Қазіргі кезде әлемдегі іргелі оқу орындарына құжаттарымды тапсырып, жауап күтіп отырмын. Америака мен Еуропалық елде білімімді жетілдіріп, олардың білім беру жүйесімен танысқым келеді», – дейді ол.

Жас экономистен Қазақстанның экономикалық тұрғыдан дамуы үшін қай бағытпен жүру керек деп сұрадық. Досбол Социалханның айтуынша, бір елдің экономикасы даму үшін географиялық, ұлттық, мәдени және діни жағдайына мән беру керек.

«Еліміздің экономикалық жағдайы жақсаруы үшін ұлттық ерешелігімізге сай жұмыстар істелуі керек. Нақтырақ айтсам білім беру жүйесін жетілдіріп, отбасы мүшелерінің жұмысшы күшіне мән беру керек. Негізі он жылдан бері айтылып келе жатқан экономиканы әртараптандыру деген мәселе бар. Біз бұған дейін мұнай, газ саласына тәуелді болдық. Бірақ бұл мәселені Қазақстанның өз үкіметі шеше алмайды. Мысалы шетелдік инвесторлар Қазақстанға инвестиция құю үшін олардың сараптау, талдау деген процестері болады. Олар «Қазақстанға келіп не үшін инвестиция құюуым керек» деп ойлайды. Олардың елге келіп, жұмыс істеуіне барлық жағдай жасау керек. АҚШ пен Еуропаның мықты компаниялары Қытай мен Ресейдің инвесторларымен салыстырғанда аз келеді. Неге? Бұл заңдық жағымыздың осалдығынан ба, жоқ әлде бұған саяси жағдай себеп болып отыр ма? Егер олардың Қазақстанға келгісі келмейтін бір себебі болса, біз оны тез арада түзеуіміз керек», – дейді Досбол Социалхан.

Жас ғалымның айтуынша, ел экономикасының өсіп өркендеуіне инвестиция әсер етеді. Ал инвестиция тарту үшін ел Үкіметі қолайлы жағдай жасап отыр ма? Сіз не дейсіз, оқырман?

Пікірлер