Бүгін ақын, журналист Жарасқан Әбдірашевтің туған күні

3034
Adyrna.kz Telegram
Бүгін ақын, журналист Жарасқан Әбдірашевтің туған күні.  Ол 1948 жылы 7 наурызда Арал ауданы Аманөткел ауылында дүниеге  келіп, 2001 жылы 10 ақпанда Алматы қаласында дүние салды.

Жарасқан Әбдірашев 1969 ж. ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 1969-94 ж. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақ  әдебиеті» газеттерінде, «Жалын» альманағында, «Жұлдыз» журналында, Қазақстан Жазушылар одағы  жанындағы көркем аударма және әдеби байланыстар жөніндегі бас редакцияда қызмет атқарған, «Тамаша»  ойын-сауық театрында бас редактор болған. Алғашқы жинағы - «Тұңғыш кітап» 1969 ж. жарық көрген.

Замандастарымыздың өмірінен өрнектелген «Ақ қайран» (1970), «Найзағайлы жаз» (1971), «Саяхат» (1972),  ұлттық ой-сана тұрғысындағы толғамдардан тұратын «Дала сенің ұлыңмын» (1975), «Соғыстан соң туғандар»  (1977, 1993), «Перзент парызы» (1980), «Сана соқпағы» (1988) т. б. өлеңдер мен поэма жинақтары, қазақ  әдебиетінде эпиграмма жанырын қалыптастырған «Әзілің жарасса» (1989) кітабы, қазақ балалар әдебиеті  мәселелерін көтерген «Парасат пен парыз» (1973) әдеби-зерттеу еңбегі жарық көрді.

Ақынның таңдамалы жырларының 3 томдығы («Сана соқпағы» 1998; «Көңіл көкпары» 1998; «Шежірелі шаңырақ» 1998) жарияланған.

А.С.Пушкиннің, Р.Тагордың, М.Бсисудің, П.Элюардың, Я.Купаланың, К.И.Чуковскийдің, А.Л.Бартоның, А.А.Блоктың жекелеген туындылардың қазақ тіліне аударған.

Жарасқан Әбдірашевтің төл шығармалары неміс, венгер, орыс, украин, өзбек, тәжік, әзербайжан, түркімен, қырғыз, саха тілдеріне тәржімеленген. Ол Қазақстан Жазушылар одағы М.Жұмабаев атындағы сыйлықтың алғашқы иегері (1989) атанған.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер