Астанада 76 жастағы зейнеткер сұлулық байқауында жеңіске жетті

3999
Adyrna.kz Telegram
Фото: видеодан алынды
Фото: видеодан алынды

Астанада 76 жастағы зейнеткер "Супер әже-2023" байқауының жеңімпазы атанды. Елорда әкімдігі ресми байқауға барлығы 63 пен 76 жас аралығындағы 10 әйел қатысқанын жеткізді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Байқауға қатысушылар арасында жоғары санатты ұстаздар мен дәрігерлер, халық хорының әншілері және республикалық еріктілер қозғалысына қатысушылар болған.

Әжелер бар өнерлері мен аспаздық қырларын көрсетіп, ұлттық билер мен вокалдық нөмірлерді орындады. Байқау қорытындысы бойынша Күлпаш Қалқабекова жеңіске жетіп жеңімпаз тәжі мен 100 мың теңгелік сертификатқа ие болды.

"Ұйымдастырушылар мен қатысушыларға осындай байқау үшін үлкен рахмет. Оларға жеңімпазды таңдау қиын болғаны сөсіз. Біз бәріміз белсенді, көңілді жандармыз. Мен ансамбльде ән айтамын, би үйірмесіне барамын. Жарысқа қатысуға қолдау көрсеткен, сенім білдіріп, көмектескен отбасыма алғыс айтамын. Барлық ата-әжені үйде отырмай, белсенді болуға шақырамын", - деді Күлпаш Қалқабекова.

Шараны ұйымдастырушы Валентина Толмачеваның айтуынша, мұндай байқаулар тек әжелерге ғана емес, жастарға да қажет.

"Оларға қарап, әжелердің де белсенділік таныта алатынын түсінуге болады. Бүгінгі қатысушылар басқа зейнеткерлерге үлгі", - деді ұйымдастырушы.

Айта кетейік, "Супер әже-2023" байқауы Астанада алғаш рет өтті.

Пікірлер