“Өз үлесімді қосамын”: Шавкат Рахмонов су тасқынынан зардап шеккен отбасыға үй салып бермек

2224
Adyrna.kz Telegram

Қазақстандық аралас жекпе-жек файтері, бірде-бір жеңіліс таппаған спортшы Шавкат Рахмонов Қобда ауданының Қобда ауылында болып, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, үй салып беруге жәрдемдеспек. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

«Наурыз мейрамымен баршаңызды құттықтаймын. Керемет күнде 24 үйдің қазығы қағылып жатыр. Мен де бұл бастамаға өз үлесімді қосамын деп шештім. «Апат айтып келмейді» дейді. Сынақтарға мойымай, жеңе білдіңіздер. Сіздерге денсаулық, бақыт тілеймін. Тек алға!» - деді Шавкат Рахмонов.

Айта кетейік, Ақтөбе облысының Қобда ауданында су тасқынынан зардап шеккендер үшін салынатын үйлердің қазығы қағылды. Жаңа үйлер Қобда ауылының «Жаңақоныс» шағын ауданында бой көтереді. Құрылысы басталған 24 үй төтенше жағдайға қарастырылған бюджетке салынады. Олар биылғы 1 маусымда пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Пікірлер