Ажырасудың жиі болуы - отбасылық құндылықтардың құлдырауынан - психолог Ержан Мырзабаев

2537
Adyrna.kz Telegram

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда 2022 жылдың қаңтар мен желтоқсан айлары аралығында 128,5 мың жұп шаңырақ көтерген, ал 17,7 мың отбасы ажырасқан. АХАТ органдарының дерегі бойынша, бұл 2021 жылғы деңгейден 8,1% төмен. Нәтиже төмендегенімен, бұл қоғамның дертіне айналуда. Отбасылық психолог Ержан Мырзабаевтың айтуынша, ажырасудың көп болуы отбасылық құндылықтардың құлдырауынан болады. Бұл туралы ол “Адырна” ұлттық порталына берген сұхбатында айтты.

Отбасы құндылықтары дегеніміз бір отбасының экологиялық өмір сүруі, дамып өсуі үшін қажетті құндылықтары. Мысалы, адалдық, сүйіспеншілік, сыйластық, кешірімділік, сабырлылық, бір біріне қолдау білдіруі. Осындай ұғымдар отбасы құндылықтары түсінігіне жатады. Бұл құндылықтар бар болса, бір отбасы өседі, дамиды, отбасы мүщелерінің барлығы бақытты болады. Ал егер отбасылық құндылықтар болмаса, адамда жиі ұрыс-керіс жанжал болады, отбасы  мүшелері бақытсыз болады және мұндай отбасы ұзаққа бармайды. Қазіргі таңда отбасында проблемалар жиі туындап жатса, демек осы құндылықтардың құлдырауынан, құндылықтардың толық ұсталмауынан туындап жатады”, - деді психолог Ержан. 

Ал отбасылық құндылықтарды дәріптеу үшін не істеу керек?

Отбасылық құндылықтарды дәріптеу алдымен, бұл құндылықтардың не екенін білу керек. Екіншіден, оларды дәріптеу мақсатында мемлекет деңгейінде нақты заңдар қабылдау керек. Мысалы, отбасылық зорлық-зомбылық арналған бір-біріне қол көтермейтіндей қатаң заң қабылдану керек. Одан кейін отбасылық құндылықтарға кедергі келтіретін қазіргі таңда белең алып бара жатқан құмар ойындарына шектеу қою, әлеуметтік желі, телевидение арқылы отбасы құндылықтарын дәріптеу қажет. Соған байланысты сапалы жақсы фильмдер, клиптер мен роликтер түсіру керек. Өйткені, адамның миы солай жұмыс істейді. Біз нені жиі көреміз, соған еліктегіш келеміз. Соған қызығушылық туындайды. Мәселен, сіз жан-жағыңыздан құмар ойындардың жарнамасын көре беретін болсаңыз, ертелі-кеш пе құмар ойын ойнап кетесіз. Тура сол секілді отбасылық құндылықтар туралы клиптер мен роликтерді жиі көретін болсаңыз, соған еліктейсіз”, - деді отбасылық психолог. 

Одан бөлек Ержан Мырзабаев отбасын сақтап қалуға арналған үш кеңес айтты. Айтуынша, отбасы мүшелерінің бір-біріне көп уақыт бөлмегенінен де, жанжалдар жиі орын алады.

Отбасын сақтап қалу үшін ең маңызды үш нәрсе бар. Ең бірінші, ерлі-зайыптылар бір-біріне көңіл бөліп, арнайы отбасылық күннің болуы. Сол күнде отбасы мүшелері бас қосады, бір-біріне көңіл бөліп, бірін-бірі тыңдайды, қуанышқа толы уақыт өткізеді. Бұл неге керек? Сондай сәттерде отбасы мүшелері арасында психоэмоционалды байланыс пайда болады. Ол байланыс күшейген сайын, отбасы берік болады. 

Екіншісі, отбасы психологиясы төңірегінде білім алу. Кейде отбасын сақтап қалу керегін біледі де, бірақ, нақты не істеу керегін білмейді. Отбасының өзінің даму динамикасы бар. Даму динамикасына сай белгілі бір кезеңдерде кездесетін проблемалар, олардың алдын-алу жолдары және шешу жолдары бар. Осыны алдын-ла арнайы курстар оқып, білімін жетілдіретін болса, онда кез келген сәтке дайын болып отырады.

Үшіншісі, еркек пен әйел адам арасындағы қарым-қатынаста теңдікті қалыптастыру. Яғни, еркек әйелін өзінің теңі қылу керек, әйел еркекті өзінің теңіқ ету қажет. Серіктестік тұрғысынан қарым-қатынас құрылатын болса, сонда ондай отбасылар берік болады. Бұл отбасыларда бір-бірін тыңдау, сыйлау, пікірлерімен санасу жақсырақ болады”,  - деп сөзін қорытындылады отбасылық психолог Ержан Мырзабаев.

Пікірлер