Қайталанбас Қасымхан Бегманов өнегесі

2179
Adyrna.kz Telegram

      Қазақ поэзия жанрында жанқиярлықпен өзін тек әдебиетке арнап жүрген санаулы ұлтшыл ақын бар екендігі көзі қырақты оқырман қауымға белгілі. Міне, осы саусақпен санарлықтай топтың ішіндегі алашшыл бағыттағы алаш рухты ақын Қасымхан Бегманов ағамыз. Ақынның қаламынан туған әрбір дүниеден оның шексіз дүниетанымы, талғамы танылатыны даусыз. Бүгінгі қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылып отырған Қ.Бегмановтың шығармалары – шын мәніндегі бірегей туындылар.

Қасымхан Бегманов – қазақтың көрнекті ақыны ғана емес, қоғам қайраткері. «Қайраткер» деген ұғым – қай мағынасынан алсаң да, биік һәм абыройлы. Абыройлылығы сол – ол өзінің ұлттық құндылығын дәріптеп, руханиятқа жанашыр болып, ұлттың шынайы тірегі болады. Оның қайраткерлігі сол – рухты жырлар жазуы, Мұстафа Шоқайдың мұрасын насихаттауы, Шоқайтануға үлес қосуы, қазақтың салт-дәстүріне адалдық танытуы.  Республикалық деңгейде «Дәстүр»  атты ұлттық этнографиялық журнал шығарып, қазақтың мынадай алмағайып заманда ұмытыла бастаған дәстүрін жаңғыртып, салт-санасын ұлықтап, жас ұрпақтың келешегі үшін байырғы қазақтың жазылмаған «дала заңы» мен бабалар институтын қалыптастырып, оқырман қауымға ұсынуы. Бабалар институты дегеніміз – ежелден бергі ұстанып келген дәстүрі, ұлттық менталитетіне сай өзіндік ерекшелігі, ырым-тиымы. Кешегі қылышынан қан тамған кеңестік заманда қазақтың ділі мен тілі, салт-санасы солақай идеологияның құрбандығына шалынып, цензураның қайшысымен туралып кетіп еді. Ал, егемендік алып, азаттық таңына жеткенде, қазақтың салт-санасының титтей бөлшегі ғана қалып еді. Оның өзі нарық заманына келіп, тағдыры таразыға тартылды. Жаңа ғасырдың жаңа буыны – космополиттік ауруға шалдықпасын деп, исі қазаққа «Дәстүр» деген журнал шығарып, ескілікті жоқтап, ескілікті жырлады. Шүкір, бүгінгі күні «Дәстүр» журналы – мерзімді басылымдар арасында өзінің тұрақты аудиториясы мен оқырманын қалыптастырған, ел іздеп оқитын, сұранысқа ие басылымның бірегейі. Түркілік сарынмен ұлттың рухын оятып, кешегі жыраулардай кесек толғайтын көк бөрі ақын – Темірхан Медетбектің  «Дәстүр» журналына әдеби редактор болып келуінің өзі – ұлы Тұран ұлдарының берекесі мен бірлігін дәлелдеді. Темағамыз  «Қазақ ақындарының салт-дәстүр антологиясын» жасап, журналдың әдеби мазмұнына ерекше жаңалық әкелді.

Қасымхан Бегманов – азамат ақын. Қазақ поэзиясында тарихында «азамат ақын» деген бағаға лайық ақындар санаулы ғана. Мысалы, «Оян, қазақ!» деген Міржақып Дулатұлы,  «қараңғы қазақ көгіне  өрмелеп шығып күн болам…»  деген Сұлтанмахмұт Торайғырұлы сынды арыстарды тілге тиек етуге болады. Бүгінгі қазақ поэзиясынан  «азамат ақын» деуге тұрарлық ақын болса, ол – осы Қасымхан Бегманов. Қара өлеңнің биігіне айналған Қадыр Мырза Әлі ағамыз Қасымхан Бегмановтың  «Ташкентпен қоштасу» өлеңін жоғары бағалаған еді. Иә, онысы шындық. Ақынның  «Ташкентпен қоштасу», «Төрт қақпалы Түркістанға тағзым», «Мен өзімнен бөле алмадым Тұранды» деген өлеңдерінен ақынның азаматтық келбетін көресіз. Ол туған жерін жан-тәнімен өліп-өшіп сүйеді. Шетсіз-шексіз сүйеді. Иә, адам баласының бәрі өзінің туған жерін ерекше қадірлейді. Алайда, Қасымханның туған жеріне деген махаббаты өзгелердікінен тым бөлек, ерек, алабөтен. Себебі: оның жүрегінде мұң мен шер, нала бар. Мұң мен шері өзегін өртеп, намыс-жігерін алаулатып, көңілінің құтысын сындырып, жүрегінің түбінен азаматтық сөзін өлең қылып шығарады. Міне, өлең деген жүректегі сезімнен туады дейтініміз сондықтан. Жоғарыда мысал еткен Міржақып бабамыздан бұрын қай ақын «Оян, қазақ!» деген еді, айтыңызшы… Міржақыптың ауызына «оян, қазақ!» деген сөзді Жаратқан Хақ Тағала салған емес пе! Міржақыптың басқа ақындардан ерекшеленетіні де осы.

Түгел сөздің түйіні, ақын Қасымхан Бегманов шығармашылығы – өзінің оқырманына ұстаз боларлық, қосымша ғылыми-танымдық ақпарат бере алатын, сапасы мен мазмұндық мәні, тақырыптық-идеялық ерекшелегі зор, ауқымды да кең арналы шығармалар. Ақын шығармашылығындағы ұлттық рух – оқырманның жүрегіне мәңгілікке орнайтын үміт сәулесі. Ақын шығармашылығы тәрбиелік мәні жағынан – жаңашылдық сипатта әрқашан қазақ оқырманының пайдасына жарайтын мәңгілік рухани азық. Тек, ағамыздың көзі тірісінде, қадіріне жетіп, өз дәрежесінде дәріптеп жүрміз бе? Неге бағалы жауһардың мерейін үстем етпеске? Көкейді тескен сан сауал...

 

                                                                                          Саяна СЕЙТҚОЖА

Пікірлер