Лондон банкінде бұғатта жатқан 500 миллион долларға қауіп жоқ

1821
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан әділет министрі Марат Бекетаев "билік қысым жасады" деп Астананы сотқа берген молдовалық бизнесмен Анатол Статидің шағымы бойынша соттың әлі өтіп жатқанын, "процесс бір жарым жылға созылуы мүмкін" екенін айтты.

Министрдің сөзінше, әуелде бұғатталған Ұлттық қордың 22 млрд доллар қаржысының 21,5 млрд доллары қазір "қорға қайтарылған".

- Ешқандай қауіп жоқ. 21,5 млрд доллар басқа банкке ауыстырылды. Ол қаржы басқа бағалы қағаздарға инвестицияланып, одан Қазақстанға пайда келеді. Ал 500 миллион доллар әлі Лондондағы New York Mellon банкінде жатыр. Бұл - аз [ақша] емес. Бірақ оған да ешқандай қауіп жоқ. Қазір Лондон сотында бұл мәселе қаралып жатыр. Процесс әлі біраз уақыт алады, - деді ол.

Журналистер Бекетаевтан Италия соты наурыздың басында шығарған шешім туралы сұраған. Шешім бойынша, Қазақстан молдавалық кәсіпкерлер - Анатол мен Габриэль Статиге 500 миллион доллардан аса өтемақы төлеуге міндеттелген. Бұған қоса, Рим сотының шешімімен Астана Статиге 120 мың еуро (шамамен 136 мың доллар) сот шығынын өтеп беруі керек болған.

Бекетаев "Италия соты Қазақстанға жүрмейді" дейді.

- Италия сотының құзыреті тек Италияда [бар]. Онда біздің ешбір активіміз жоқ. Тек елшілік ғимараты бар. Статидің неге Италия сотына жүгінгені бізге де түсініксіз. Мүмкін тек қана осындай сот шешімін алуға [барды], - деді министр.

Екі жыл бұрын - 2017 жылы желтоқсанда New York Mellon банкі молдовалық бизнесмен Анатол Статидің Қазақстан үкіметіне қарсы арызы бойынша Қазақстан Ұлттық қорының 22 миллиард доллар қаржысын бұғаттаған. Былтыр тамызда Англия соты бизнесмен Статидің сот шешімін орындату жөнінде түсірген шағымы бойынша өткен сот процесінде Қазақстанның пайдасына қарай шешім шығарған.

Қазақстанның мұнай-газ саласына инвестиция салған Стати мемлекеттік органдар өзін "инвестициясын тым арзанға сатуға мәжбүрлеу үшін қыспаққа алғанын" айтады. Астана бұл айыптауды терістеп, Статиді "алаяқтық жасады" деп айыптайды.

"Азаттық" радиосы

Пікірлер