«Сұмдық қылмыс болды. Совет үкіметі соны жабу үшін Қазақ АССР-іне одақтас республика статусын бере салды»

2226
Adyrna.kz Telegram

31 мамыр – Cаяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Осы күні елімізде өткен ғасырдағы қуғын-сүргінді еске алып, ұлт тарихындағы ауыр кезеңді еске алады. Алайда алапат аштық саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінің тасында қалып жатқан жоқ па? Қазақ елі ашаршылықты Украина секілді қашан әлемдік деңгейде геноцид ретінде мойындатады? Осы және өзге де сұрақтарды тарихшы Бейбіт Қойшыбайға қойдық.

«АШАРШЫЛЫҚҚА САЯСИ БАҒА БЕРУГЕ ӘЛІ ЖЕТКЕН ЖОҚПЫЗ»

Бүгін саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Биліктің қаралы күнге қатысты саясатына көңіліңіз тола ма?

– Соңғы жылдары бұл  бағытта біраз нәрсе жасалып жатыр. Президенттің бастамасымен қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия құрылып, қазіргі таңда аталған бағытта жұмыс істеліп жатыр. Мысалы, былтыр саяси қуғын-сүргінге қатысы бар 31 том болатынын құжат жариялады. Сондай-ақ бұрын ақталмаған тұлғалардың ісін қайта қарап, оларды толық ақтау жөнінде мәселе көтеріп жатыр.

Айталық, 1990 жылдары қабылдаған заң бойынша қолына қару ұстап Совет үкіметіне қарсы көтерілген адамдар ақталмайтын. Қолына қару алып көтерілгендерді бандалық қозғалыс деп айтатын. Бірақ олар кәмпескелеу мен қисынсыз салықтарға қарсылық білдірген азаматтар болатын. Бұл жағдай сол кезде халықтың наразылығын туғызды. Кезінде «бандиттік қозғалыс» деп айыпталған дүние жаңа заманда халықтың советтік реформаға қарсылығы деп қарастырылып жатыр. Себебі жер-жерде болған қозғалыстар халықтың ұлт азаттық көтерілісі болатын. Ол кезде халық советтік реформалардың салдарынан қатты қиналып, көтеріліске шықты.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Қолына қару алған азаматтар ақталуға жатпайды» деп, оларды назардан тыс қалдырдық. Президенттің тапсырмасымен құрылған комиссия олардың халықттық ұстанымда болғанын анықтап келе жатыр. Бұдан басқа да біраз шаруа істеліп жатыр. «Ештеңе істелмей жатыр» деп айта алмаймын. Бірақ, Ашаршылыққа саяси баға беруге әлі жеткен жоқпыз. Өткен ғасырда қазақ халқы үш рет ашаршылықты бастан өткерді. Мысалы 1917-1918, 1921-1922 және 1932 жылдары елімізде алапат аштық болды. Жалпы 1917 жылдан 1932 жылға дейінгі аралықта 4,5 миллион адам аштықтан қырылып қалды.

«САЯСИЛАНДЫРМАҢДАР» ДЕГЕН ТАПСЫРМА БОЛДЫ

Тарихшылардың арасында «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні мен Ашаршылықты екі бөлек атап өту керек» деген пікір айтылады. Тарихымыздағы ең ауыр оқиғаны бірге атап өту керек пе, жоқ әлде бөлек пе?

– Әу баста 31 мамырды Ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп белгілеген болатынбыз. Тәуелсіздік алардың алдында Жоғары Советтің төралқасы ғалымдардан арнайы комиссия құрып, өз шешімдерін жариялады. Сол шешімде «большевиктер қазақ халқына қарсы геноцидтік саясат жүргізді» деген сөз жазылып, оны Жоғары саяси бюро мақұлдап, тіпті ол газетке жарияланған болатын. Бірақ бұл бағытта арнайы жұмыс жүргізілген жоқ. Өкінішке қарай, сол кездегі Үкімет Ресейге жалтақтап, бұл істі одан әрі жалғастырмады. 31 мамыр қаралы күн болғанмен ол кезде ресми түрде аталған жоқ. Әр түрлі ұйымдар өз бастамасымен атап өткенімен ресми билік ол күнді назардан тыс қалдырды.

Тек 1997 жылы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп белгіленді. Ал алапат ашаршылық соның тасасында қалды. Ашаршылықты жалпылама айтқанымызбен негізінен қуғын-сүргін құрбандарына басымдық беріліп кетеді.

«Әділет» ұйымы арқылы талай рет конференция өткізген кезде ресми БАҚ журналистерін жібермейтін. 2012 жылы Астанада Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш монумент ашылғаннан кейін бұған назар аудара бастады. Бірақ сол кезде «Ашаршылықты саясиландырмаңдар» деген тапсырма болды. Аштықты саясиландырмау деген не? Аштық солақай саясаттың салдарынан болды. Оны қалай айтпай, жасырып қаласың? «Аштықты саясиландырмау керек» деген сөз әлі күнге дейін бар. Бірақ дегенмен оң сипат өзгеріс қалыптасып келе жатыр. Мысалы, 31 мамыр қарсаңындағы жұма күнін Ашаршылық құрбандарына арнап, мешіттерде, шіркеулерде еске алу керек деген бастаманы көтерген болатынбыз. Билік бұл бастаманы қолдағандай болды...

«ОДАҚТАС МЕМЛЕКЕТ ҚҰРУҒА СӘЙКЕС КЕЛМЕЙТІН ЕДІК»

Қоғамда Ашаршылықты Украина секілді геноцид деп тану туралы бастама жиі көтеріледі. Біз өткен ғасырдағы нәубетті әлемдік деңгейде қашан мойындатамыз?

– Бұл Үкіметтің саяси ерік-жігеріне тікелей байланысты дүние. Ал ғылыми тұрғыдан біз мұны әлдеқашан зерттеп, көпшілікке ұсындық. Биліктің саяси ерік жігері мықты болса, оны көтеруге әбден болады. Қажетті материалдар жеткілікті деп санаймын. Халық Ашаршылықты геноцид ретінде мойындатуды биліктен талап ете беруі керек. Өкінішке қарай, Ашаршылықты мойындау бұқаралық сипат алған жоқ. Сондықтан да бұл мәселені қарапайым халық талап етуі керек. Халықтың талабы Ашаршылықты жоғары деңгейде мойындату болса, оны биліктің есіне жиі салып отыруы қажет.

Себебі бұл шын мәнінде сұмдық қылмыс болды. Совет үкіметі бұл қылмыстық істі «керемет» жапты. 1936 жылғы Конституция бойынша, біз Россияның құрамындағы Қазақ автономиялы республикасынан одақтас республикаға айналдық. 1936 жылғы Қазақстанның экономикалық жағдайы мен қырылып қалған халқын есептеген уақытта одақтас мемлекет құруға сәйкес келмейтін едік. Одақтас мемлекет болуға біз халқымыздың санына байланысты 1924 жылы сәйкес келетінбіз. Менің ойымша, қырылған халықтың алаң көңілін басу үшін одақтас республика деген статус бере салған секілді.

Атыраулық ғалым Ахмет Аққали Алматыда өткен жиында "Ресейдің өзінде ашылған архив бізде неге ашылмайды?" деп айтыпты. Расында көрші елде қолжетімді материал біздің елімізде неге жабық болып тұр?

– Менің ойымша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың комиссиясы арқылы мұрағат құжаттары ашылып жатыр. Бірақ бізде әлі де болса ескіше жұмыс істейтін азаматтар көп. Бірақ қазіргі таңда тарихи құжаттарды құпиясыздандыру жұмыстары жүріп жатыр. Ашаршылықтан бастап 1930 жылдардағы көтеріліс, 40 жылдардағы соғыс және 1986 жылғы көтеріліс кезіндегі тарихи құжаттар айналымға енуі керек.

– Сұхбатыңызға рахмет!

 

Серік Жолдасбай

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер