Ерекше қажеттілігі бар балаларға инклюзивті білім беру мәселесі

3133
Adyrna.kz Telegram
Diverse group of professionals working together on a project. teamwork people. Inclusion at the office. Coworkers talking at  business meeting. Vector illustration.
Diverse group of professionals working together on a project. teamwork people. Inclusion at the office. Coworkers talking at business meeting. Vector illustration.

Ерекше қажеттілігі бар және мүмкіндігі шектеулі балалар арасында инклюзивті білім беру қазіргі таңда Қазақстандағы ең үлкен көкейтесті мәселелерге айналып отыр. Осы тұрғыда 2023 жылдың 20 сәуірінде Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ауқымды брифинг өткен еді. Аталған шара барысында Білім министрлігінің "Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы" РММ директоры Әйгерім Кудеринова еліміздегі инклюзивті тұрғыдан білім беруді дамыту туралы кеңінен тарқатып айтып берді.

Қазіргі таңда инклюзивті білім беру жүйесінің сапасын арттыру бойынша бірқатар мәселелер шешімін тауып келеді. Әсіресе, атап айтқанда, соңғы уақытта нормативтік-құқықтық актілерге айтарлықтай үлкен өзгеріс енгізілді. Ең алдымен, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың қатары да, санаты да кеңейтілді.

"Айтылған дүниелер нені білдіреді? Егер осыдан 3-4 жыл бұрын осындай санатқа тек оқу процесінде денсаулығында қиындықтары бар балалар тобы ғана кіретін болса, ал қазір басқаша. Себебі аталған санатқа экономикалық немесе әлеуметтік қиындықтармен күресіп жүрген, тап болған оқушылар, сондай-ақ ерекше білім алуды қажет ететін, мұқтаж балалар да жатады", - деді А. Кудеринова.

Осыған байланысты білім беру саласында бірқатар шаралар жүзеге асырылып келеді. Мәселен, екі жылдан астам уақыт бойы мүгедек оқушыларды қолдау үшін, олардың қызығушылығын арттыра түсу үшін жазғы мектептердің түр-түрі өткізіліп жүр. Дарынды балалармен де жұмыс істеуге бар күш-жігер жұмсалуда. Спикердің сөзіне сүйенсек, ерекше білім беруді қажет ететін балалар арасында мүмкіндігі шектеулі оқушылармен қарым-қатынас жасау, жұмыс істеу ең күрделі процесс болып табылады. Бүгінгі таңда Қазақстан бойынша ондай балалардың саны 188 мыңға жуық.

"Өзгелерден ерекше балалардың жағдайын анықтау және әрі қарай оқыту үшін педагогикалық, психологиялық, медициналық кеңестер жұмыс істейді. Ал оларды бұл қолдау үшін психологиялық және педагогикалық арнайы мекемелер құрылған. Атап айтатын болсақ, Қазақстанда 99 арнайы мектеп пен балабақша, 13 оңалтатын орталық пен 208 түзету кабинеттері бар, - деді Арнайы білім беруді дамыту орталығының басшысы.

4 мыңдай жалпы білім беретін мекемелерде, яғни мектептерді ерекше білім беруді қажет ететін мұқтаж 40 мыңнан астам бала білім алып жатыр. Осы саладағы жағдайды неғұрлым жақсарту үшін Білім туралы заңда басшылардың міндеттеріне өзгерістер енгізіліп, оларға жүктелген жауапкершіліктер арта түсті. Ең алдымен басшылар оларды оқыту үшін ерекше жағдай жасауы керек. Екіншіден, балаларды қабылдамас бұрын барлық ережелді қатаң түрде сақтауы тиіс. Сонымен қатар, балаларды балабақша, мектептерде оқытатын болса, типтік оқу бағдарламаларының барлығын баланың дамуына және жетілуіне бейімдейді. Ал ең бастысы жеке бағдарлама әзірлеу мүмкіндігі бар.

"Сондай-ақ балалардың денсаулығындағы ақауды ерте жастан анықтап, оларға әрі қарай көмек көрсету үшін мемлекеттік тапсырыс та енгізілмек. Бұл өте тамаша мүмкіндік деп білемін, себебі бүгінгі таңда оңалтуға арналған орталықтар мен түзету кабинеттеріне сұраныстар саны артып келеді", - деп қорытындылады Кудеринова.

Пікірлер