Дәліз-сұхбат. «Журналистердің пікірі жұмыс тобында ескеріледі деп ойлаймын» - Министр

1659
Adyrna.kz Telegram

Кеше Мәжіліске көптен бері дау болған «Масс-медиа туралы» Заң жобасы келіп түсті. Сондай-ақ «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» Заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Аталған заң жобасына байланысты Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәліге бірнеше сұрақ қойдық.

«Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» Заң жобасы бойынша блогерлер ақылы пост жазатын болса, арнайы белгі қоюға міндетті болады. Біз әлеуметтік желіде биліктің позициясын ақтап бірінен бірі аумайтын пост жазатын топтар бар дегенді естиміз. Кейбір блогерлер Жаңаөзен азаматтарына қатысты ақылы пост жазғанын мойындады. Жалпы ақылы пост жазатын адамдар арнайы белгі қою керек пе?

Біріншіден, заң бәріне ортақ. Заңның алдында бәріміз теңбіз, біз заң үстемдігі туралы айтып отырмыз. Екіншіден, белгілеу заң қабылданғаннан кейін арнайы ереже бойынша белгіленеді. Өйткені ол жарнама ма, жарнама емес пе, кейде ол манипуляцияға түсіруі мүмкін. Мәселен, кей кезде есірткі немесе белгілі бір мекеменің мүддесі жарнамалануы мүмкін. Сондықтан арнайы белгі қою газеттерде болған секілді онлайн платформада бар екені халықаралық тәжірибеде белгілі.

Бұл біріншіден. Екіншіден, билік деп кеттіңіз, бірақ оны олардың өзінен сұрау керек. Мысалы, ту, тәуелсіздік секілді мемлекеттік мерекелерде әр адам өзі жарнамасыз өзі жазуы мүмкін, ол жарнамалық сипат болмауы мүмкін. Мысалы, кеше Мемлекеттік рәміздер күні болды. Бәріміз мемлекетіміз, рәмізіміз туралы жаздық. Сондықтан мұндай нәрсені жарнамалық сипат деп есептемеймін. Ал енді тапсырыс алдық дейтін азаматтар болса, біздің министрлікте ондай жоқ. Олардың өздерінен сұрау керек шығар.

Мәжіліске масс-медиа туралы заң жобасы келіп түсті. Бұған дейін бұл заң жобасы қоғам, жалпы журналистер тарапынан сынға ұшырағанын өзіңіз білесіз. Әсіресе, журналистке берілетін мәртебемен, пресс-карта туралы сын болды. Осыған байланысты қандай да бір өзгеріс енгізілді ме?

Иә, бұл заң жобасы бойынша біршама талқылау болды. Жалпы 40-тан астам кездесу өтіп, қызу талқыланды, көптеген сұрақтар болды. Біздің әріптестеріміз, оның ішінде менің өзім де әріптестерімізбен және халықаралық ұйымдармен кездесіп, заң жобасын жетілдірдік.

Мысалы, шектеу мерізіміне байланысты біздің біраз мәселелеріміз бар еді. Журналист мәртебесі және пресс-карта иелеріне түрлі артықшылықтар беру кейбір мемлекеттік құрылымдар тарапынан қолдау тапқан жоқ. Біз енді соны Мәжілісте жұмыс тобы арқылы қолдау көрсетеді деп отырмыз. Бұл әлі де созылатын процесс. Жұмыс тобына сіздерді де шақырамыз және 30 маусымға дейін үлгермейтініміз белгілі. Сондықтан күзге дейін жалғасады. Біз оған асықпаймыз.

Мысалы, мемлекеттік тіл туралы көзқарасымыз бар, оны 50/50 емес, 66/6, яғни 33/2 көтеру мәселесі немесе пресс-карта иелеріне әр түрлі мәдени ошақтарға, қоғамдық көлікте, әр түрлі іс-шарада жеңілдіктер жасалуы мүмкін.

Сіздердің, яғни журналистердің пікірі жұмыс тобында ескеріледі деп ойлаймын және оған белсене қатысуға шақырамын. Ал қазіргі дейін аталған заң жобасы мемлекеттік құрылымдардан талқылаудан өтіп, Мәжіліске түсіп отырған жайы бар.

 

Серік Жолдасбай 

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

Пікірлер