Дина Елгезек. Таңдау - сіз бен біздің қолымызда!

2175
Adyrna.kz Telegram

"Тәуелсіздік деген тәтті ұғым" деп тәттілеп сөйлейміз ғой. Бірақ сол бақыт қалай келді бізге? Нұрсұлтан Назарбаев алып берді ме? Жоқ әлде қанды күрес жүргізіп жүріп өзіміз алдық па? Құдай-ау, сонау 91-де үйімізге келіп тұрған құтты қонақты есігімізден сығалатып қойған кім еді? Босағадан аттауға батылы бармай біраз кідіріңкіреп, ақыры шыдамы біткен Тәуелсіздігіміз есігімізді айқара ашып өзі кіріп келіп еді ғой, естияр ағайын, естеріңізде ме?

Біз Тәуелсіздікті іштей аңсадық, бірақ оны іздегеміз жоқ. Біз оны емес, ол бізді өзі іздеп тапты...
Қытайдағы ағайынның бір әңгімесі еске түсті. 91-де "КСРО құлады" деген xабарды естіген бойда арғы беттің қазақтары күнде бір ресторанға жиылып, жабылып радио тыңдайды екен. Тариxи Отанымыз - Қазақстан жеке ел болғанын xабарласа - жуамыз деп шөлмектерін көтере барады екен тағы. Сөйтсе, КСРО-ның құрамынан ана ел шықты, мына ел шықты деп xабарланып жатады. Біздің жақтан ақжолтай xабарды әне күтеді, міне күтеді. Жаз өтіп, күз келеді. "Мыналарға не болған" деп алаңдай бастайды. Сөйтіп жыл соңы жақындағанда барып, зарығып күткен xабарларын естіп, сары майдай сақтаған шөлмектерін ішіп, "ой бауырымдап" көрісіп, өлгенше ішіп мас болып, тоқ көңілмен үйлеріне қайтады.

Біздегі біреулердің келіп тұрған бақтан үркіп, қорқып, кейінге шегеріп жүргенін алыстағы ағайын түгіл, өзіміз де білгеміз жоқ.
Мінекей, басымызға құт болып қонған Тәуелсіздікпен 30 жыл өте шығыпты. Көңілге медет болатыны: территориямыз тұтас, мемлекеттік институтты құрдық, де-юре болса да Назарбаев Президенттіктен кетті. Енді қандай ел болмағымыз - өзімізге байланысты. Отыз жыл отбасылық hәм бюджеттік бизнесмендерді тайраңдатып қойдық. Асылдарымыз атылса, артын іздемедік. Азаматтарымыздың құқы жаншылса, болыспадық. Біреу бас көтерсе, ол "биліктің адамы" деп сеніспедік. Мемлекеттік БАҚ-тың өтірігіне сеніп, үйде тығылып "Датты" оқыдық. Тб
Отыз жылда "тойдым" демеген жүйенің тағайындаған адамын сайлаймыз ба? Жоқ әлде ширек ғасыр тамыр жайған жемқорлықты тамырымен үзіп, қара бақыр санап қалған xалықтың әлеуметтік аxуалын көтеретін, Адам деген атымызды өзімізге шекпен жауып қайтарып беріп, азаматтық құқымызды қадыр тұтатын Тұлғаны таңдаймыз ба?! Ол Адам кім болмақ? Қазақты кім ұшпаққа шығара алады?
Бүгін уақытша Президент міндетін атқарушы Тоқаев мырза отандық партия басшыларын шақырып алып, кеңес өткізді. Ол партиялардың "декоративті" екені әмбеге аян. Енді сол декоративті партия серкелерінен декоративті үміткерлер тізімін құра ма?
Билік Президенттікке үміткер ретінде Тоқаевты ұсынатыны xақ. Ал биліктегі жібі түзу жігіттер өзін-өзі ұсынуға дәрмені жете ме? Қоғамның өз тұлғасын сайлап, алға шығаруға пәрмені жете ме? Келешек тағдырымызды кімге сеніп тапсыра аламыз? Таңдау - сіз бен біздің қолымызда!

Пікірлер