Mысық бақсаң да, мал тап… Бес мысықтың бағасы үйірлі жылқының құнынан асқан заман

8128
Adyrna.kz Telegram

Жүре берсең, көре бересің! Жоқ әлде көру үшін жүре береміз бе екен? Өткен жолы бір жолдасымның үйіне қонаққа бардым! Үйінің алдына кішігірім өндіріс орнын ашып тастапты. Түрлі кәдесый жасайтын лазерлі аппараты бар екен. Сонымен отбасының ішіп-жемін айырып отырған көрінеді.

Лазерлі аппарат, онымен жасалатын сансыз кәдесый, шағын ғана өндіріс орны мені қызықтыра қойған жоқ. Өнім өндірерсің, оны әлеуметтік желі арқылы жарнамалап сатарсың… Яки, мейрамдар жақындағанда тапсырыс алып, қалтаң қалыңдар! Қытайдан аппарат сатып әкеліп, компьютерде арнайы бағдарламамен бұйым эскизін сызып, оны техниканың күшімен қиып-пішіп, зат жасауға аз тер төгілмейді. Десе де, менің назарым осы кішкентай ғана өндіріс орнында арлы-берлі ойнақшып жүрген он шақты мысыққа ауа берді.

Өндіріс орнының бір бұрышы шағын кітапхана екен. Сол жердегі кітаптарды қарап, аударыстыра бастағаным сол еді, мысықтар кезек-кезегімен алдыма секіріп шығып, еркелеп, ойнап, мазамды алды. Тумысымнан үй хайуанындарын жек көретінмін! Неге екенін қайдам, ит пен мысық жақындап кетсе болды, денем дір ете түседі. Менің тыжырынғанымды көріп, жолдасым мазалаған үй жануарларын қуып әуре болды.

Қазақ мысыққа тышқан аулатады. Бір үйге бір мысық жетіп артылады. Ал мына жерде он шақтысы жүр. Жағдайлары керемет. Әрқайсысына арнап, жеке тұрғын-жай жасапты. Ойыншықтары және бар! Кітаптар жиылған сөренің үстінде мысықтың түрлі тағамдары тізіліп тұр. Әлгінің қорабына қарасаң, тіпті адамның тәбетін ашады-ау. Тамақтардың бір шетінде үй жануарына арналған дәрі-дәрмектер! Бөлменің екі-үш жерінде ағаш қиындысы салынған себеттер тұр, мұның «әжетхана» екенін ұға қоясыз. Соншама құрмет көрсетілетін бұ хайуандардың қандай қасиеті бар еді? Көкейіме осы сауал тығылды.

– Мұның бәрін не істейсің?

– Балаларым ойнайды.

– Балаларға бір, я екі мысық жетпес пе еді?

Досым күлді. Сөйтті де мысықтарымен таныстыра бастады.

– Мынау бенгаль мысығы! Терісі жолбарыстан аумайды. Жартылай жабайы, жартылай қолға үйретілген мысық ретінде әлемге танымал тұқым…

Жабайы болғанда бұрын, ертеректе жабайы мысықпен шағылысқан болса керек, қазір кәдімгі үй хайуаны екен.

– Мынау әппақ қардай мысық – шиншилла! Анау екінші ақ мысық түрік тұқымы. Қазір Түркия шекарасынан шығаруға тиым салынған. Әркімнің қолына түсе бермейтін – қасиетті мысық.

Түкті түсінбесем де, жолдасымның айтқандарын зердеме тоқып ала бердім.

– Мынау - британ мысығы. Жуырда туады. Алматыға арнайы апарып, еркегін тауып, 40 мың теңгеге шағылыстырдым.

Құдай-ау, мен өзі не естіп тұрмын? Мысықты 40 мың теңгеге шағылыстыру дегеніңіз үш ұйықтасаңыз түсіңізге кіретін жайт па?

– Сонымен бұдан не пайда?

– Оны өзің зерттеп көрерсің, –  деді досым.

Сосын мысықтардың қасиеті туралы ұзақ лекция тыңдадым. Олардың адамды ием деп емес, досым деп қабылдайтыны, бізді дәу мысық деп танитыны, адам денсаулығына тигізер пайдасы, пайғамбардың мысық туралы хисасы, мешітке кіретін жалғыз хайуан да осы мысық екені, т.б толып жатқан мінездері хақында сауатым ашылды.

Сонымен үйге келе сала интернет ақтарып, досымның үйінен көрген мысықтар туралы ақпараттармен таныса бастадым. Мә, тұнып тұрған – ғылым. Бір беттен екінші бетке өтіп, бірнеше сағат басымды көтере алмай қалдым. Рас, осы мысықтардың бағасын көргенде жағамды ұстадым.

Бенгаль мысығының марғауының ең арзаны 250 мың,  шиншилла мен британ марғауы 200 мың теңге тұрады екен.

Бір тананың, яки құнажынның құнына жақын ақша… Мұның сыртында 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін бағаланатын марғауларды көргенде аяқ-қолым дірілдеп кетті. Екі жылқының қаржысына екі мысық бақсам ба екен деп ойлап қалдым.

Сөйттім де, қолыма есепшотымды алдым. Бір мысық бір жылда төрт рет туады делік. Бір туғанда алты марғаудан топырлатады. Алты көптік етер, төртеу-ақ дейікші. Сонда бір мысықтан жылына 16 марғау аласыз! Орта есеппен 100 мыңнан сатқанның өзінде 1 600 000 мың теңге. Бес мысығың болса, жылана 8 миллион теңге кіріс кіреді екен. Оның 2 миллионы шығынға жұмсағанның өзінде қалтаңызда 6 миллион теңге таза табыс қалады.

Бір үйір жылқы айдаған адам жылына 6 миллион таза табыс таба ала ма? Жоқ! 6 миллион дегеніңіз 12 жылқының құнына тең сома… Яғни, тұтас үйір жылқының құны…

Бес мысықтың бағасы үйірлі жылқының құнынан асқан заман келіпті.

Егер сіз бір мысықтың құнына бір құнажын сатып алдыңыз делік. Ол бір жылда өз құнына жақын жем-шөп жейді. Одан туған бұзауды өсіру үшін және жем-шөп керек, оны бағу, күту керек. Сол баққан еңбегіңізге лайық маңдай теріңіз ақталарлық ақша таба аласыз ба? Ол арасына өз басым жауап бере алмаймын!

Баяғыда бір ақылды, жомарт патша жар салып, өнерпаз атаулыны жинаған екен. Ел таңданар өнер көрсеткенге ат басындай алтын беретін бопты. Елдің түкпір-түкпірінен небір өнер иелері келіпті. Солардың арасында бір жігіттің өнері елді бәрін таң қалдырған екен.

Ол жігіт он қадам жерде тұрып жіпті лақтырғанда иненің көзінен өткізеді екен. Жұрттың бәрі таңдай қағысыпты. Патша да таңырқап, жігітті шақырыпты да: «мына жігітке ат басындай алтын беріңдер де, жүз дүре соғыңдар» деп бұйырыпты.

Ел де аң-таң, жігіт те аң-таң. «Не жаздым?» дегенінде патша айтыпты: «Өнерің ғажап екен. Сол үшін алтын бердім. Алайда, түкке қажеті жоқ іске талай жылыңды арнапсың. Сол үшін дүре соғуды бұйырдым, елге өнеге болсын деп» депті...

Рас, өнердің де іске жарайтыны, жарамайтыны бар. Біздің көзбен қарасаңыз, мысық бағу да «жіптің көзінен ине өткізгендей» мағынасыз дүние. Бірақ, айналамызда жалғыздықтың зардабын шеккен қаншама адам бір мысықтың мейіріміне, махаббатына зәру екенін ойладық па? Мұның сыртында жануарға аналық-аталық мейірімін төккісі келетін қаншама жұрт бар. Сол зәрулік біреулердің ақша табар кеніне айналыпты. Қызық!

Мен мысық бизнесін зерттей келе бір дүниеге көзім жетті. Әлем бойынша Қазақстан мысығы арзан мемлекет екен-міс. Сондықтан, бізде туып, шетел асып кетіп жатқан марғаулар да аз болмаса керек. Бұл – бір. Екіншіден мысықтар негізінен арнайы «питомниктерде» темір тордың ішінде өсіріледі екен. Кәдімгі түрмеде жатқан құжатты жануарларға жаным да ашыды. Сөйтсе де, «есектің артын жуса да, мал тапқан» азаматтарға өкпелей алмадым.

Түйін

Мен қазаққа мысық бақ деп отырған жоқпын! Осы мысық бизнесі секілді біз білмейтін қаншама кәсіп бар. Сол кәсіптердің қыр-сырын білуге талпынбайтынымызға, еш жерде жоқ жаңа кәсіп ойлап таба алмайтынымызға қапа боламын. Біз неге осындай екенбіз?

 

Қанат Бірлікұлы

 

 

Пікірлер