Жалқыдан жалпыға жетпеген жетім үн. Газеттерге қайтсе жан бітеді?

1678
Adyrna.kz Telegram

Қазір бүкіл Қазақстан аумағында республикалық, облыстық һәм аудандық ресми басылымдар бұқаралық ақпарат құралы ретіндегі негізгі міндетін тиісті дәрежеде атқара алмай отыр. Өйткені, соңғы он шақты жыл бедерінде еліміздегі журналистика саласы толық тоқырау дәуірін бастан кешуде.

Мұндай тоқырауға тап болуымыздың басты себебі интернет кеңістігіндегі әлеуметтік желілердің қарқынды дамуы болғанын жоққа шығара алмаймыз. Десе де, дәстүрлі медиақұрал газеттердің тынысын ашудың жолы жоқ па? Осы сұраққа әлетімізше жауап іздеп көрсек...

Қазір әлеуметтік желі пайдаланушыларының ойнақы ақпарат таратуға, демократиялық қоғам үдерісіне сай кез-келген жеке тұлғаның цензурасыз өз ойын айтуға, тіпті қоғамдық резонанс туғызуға мүмкіндігі бар. Ал, дәстүрлі медиа ойнақы ақпарат таратып, цензурасыз ой айтуға, сөйтіп қоғамдық резонанс туғызуына не кедергі?

Еліміздің саяси-экономикалық, қоғамдық-мәдени өмірінің айнасы саналатын басылымдардың тынысын қайта ашу арқылы мемлекеттік газеттерді оқылымды етуге болмай ма? Жыл сайын мемлекеттен миллиардтаған қаржы алатын басылымдарды заман көшіне ілестірудің төте жолы қандай? Халыққа да, билікке де қажетті контент туғызуға не кедергі болып отыр? Заман ағымына сай жаңашыл басылым жасаудың жаңа концепциясы қандай болмақ керек? Пресс-релиздік сипаттағы өлі материалдарды тірі мақалаға айналдырудың жолы жоқ па?

Еліміздегі жоғалудың алдында тұрған газеттерді дамыту үшін алдымен осы сұрақтарға толық жауап берілуі керек. Сонда ғана азаматтық журналистика мен ресми журналистика бір-бірінің алдын орамай, екі күштің ағыны бір арнаға тоғысып, мемлекет идеологиясын дұрыс ырғақты жолмен нәтижелі насихаттауға жол ашылады.

Ол үшін не істемек керек?

ЖАЛҚЫДАН – ЖАЛПЫҒА...

Қазір басылымдар ресми стильдегі, жалпылама негіздегі, мадақ-мақтау сарынындағы материалдарды жариялаумен шектеліп отыр. Бұл Ахмет Байтұрсынұлы айтқан «Газет халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген қағидадан алшақ кеткендік. Жалпыға айтылған сөз, сөйлем, ой жалқыға ешқашан да әсер ете алмайды. Сондықтан, мемлекет идеологиясы басылым бетінде насихатталғанда «ЖАЛҚЫДАН – ЖАЛПЫҒА» деген принципті басшылыққа алуы керек. Ресми ақпарат, ресми статистика, ресми мәліметтер, жалқының фонымен ғана халыққа ұсылылуы тиіс.

ЖАЛҚЫ деген бір ғана – Адам. Адам – Тұлға.

Мысалы, қазіргі мемқызметкердің басылымға берген кез-келген бір сұхбатын алайық. Ол жерде алдын-ала дайындалған сұрақ, ол сұраққа ресми деректі сықастыра берген ресми жауаптан басқа ештеңе оқымайсыз. Бұл материалды солғындатып, оны ешкім де оқымайтын хәлге түсіреді.

Сұхбат алушы кейіпкердің (сұхбат берушінің) адамдық келбетін, өмірлік ұстанымын, тұлға ретіндегі дүниетанымын ашуға мүлде талпыныс жасамайды. Егер мақаланы дайындаушы журналист бір күн бойы кейіпкерімен бірге жүрсе, оның қым-қуыт жұмысының қиындығын сезінсе, жұмыс істеу стильін көзбен көріп, зерттеуге мүмкіндік алса, тілшінің дайындаған контенті кез-келген оқырманға қызық болар еді. Сол жалқы кейіпкердің, яғни сұхбат берушінің адамдық келбеті, іскерлігі арқылы мәселен облыстық әкімдіктің жұмысының қалай жүріп жатқанын ЖАЛПЫ халыққа шынайы жеткізуге болар еді

Түсінікті болу үшін тағы бір мысал айталық. Бір жұмыссыз адам кәсіп ашты делік. Ол адам Тұлға ретінде кәсібінің сырын, халыққа тигізіп отырған пайдасын, осы жолдағы қиындықтар мен кедергілерді қалай жеңгенін, мемлекеттің бизнесті ынталандыру бағдарламасына қалай іліккенін тарқатып айтып береді. Әлгі мақаланың түйінінде дәл осы адам сияқты бір жылдың ішінде мемлекеттен қанша кәсіпкердің қаржыландырылғаны, я басқа да ресми статистикаларды жариялауға болады. Жалқыны мысал ете отырып, Жалпыға ортақ контент ұсыну деген осы.

ХАЛЫҚТЫҚ ПРОБЛЕМАЛАРДЫ КӨТЕРУ ЖАЙЫ

Ел-жұрт, халық, бұқара болған жерде түрлі проблемалар кездеседі. Ол ауыз су, жол, коммуналдық қызметтер, әлдінің әлсізге әлімжеттігі, ел ішіндегі түрлі заңсыздық, кейбір жағдайда бұқараның құқының қорғалмай, үнінің естілмей қалуы сияқты проблемалар болуы мүмкін. Оны жазу, ушыққан ахуалды шешудің жолын іздеу, мәселе көтеруші бұқара өкілі мен соған жауапты органның ортасында алтын-көпірге айналу алдымен ресми басылымдардың мақсаты болуы тиіс. Яғни, түрлі сыннан дәл уағында нәтиже шығарып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «Еститін үкімет» идеясының шынайы жүзеге асырушы ең алдымен мемлекеттік газеттер болуға міндетті.

Қазір облыстық басылымдар «барлығы дерлік» проблема көтеру деген негізгі міндетінен «босатылған». Сол үшін де азаматтық журналистика өкілдері проблема көтеріп, қоғамдық резонанс туғызып, оны ресми органдар шешіп, нәтижесінде халыққа қызмет еткен меморганның еңбегі екінші планға ысырылып, сол проблеманы көтеруші азаматтық журналистиканың өкілі барлық абыройды еншілеп кетіп жатыр. Бұл «блогер-батыр болмаса, мемлекеттік қызметкерлер міндетін дұрыс атқармайды» деген сыңаржақ пікірдің белең алуына септесуде. Халық сол үшін де блогерлерге жүгініп, шу шығарғанды, жалпы қоғамның айғайымен проблемасын шешкізгенді құп көреді. Мемлекеттің, я облыс бюджетінен қаржыландырылатын басылым халықтың мәселесін көтеріп, оған тиісті орган реакция танытып, мәселені айғай-шусыз шешсе, жеке блогердің батырға айналу үрдісі саябырсып, мемлекеттік басылымның қызметі өз деңгейіне көтерілер еді. Сондықтан, газет алғашқы бетінен-ақ қат-қат проблеамаларға орын беру арқылы еліміздегі түрлі саланың сергек жұмыс істеуіне ықпал етуге тиіс деп білеміз.

Бүгінгі таңда халықтың пікірі мен биліктің көзқарасы таласқа түсіп қалған кезде, мемлекеттік БАҚ-та биліктің мүддесін түсіндіру ісі солғын шығып жатады. Яғни, тек мақтау-мадақпен күн көрген басылымның үнімен ешкімнің де, тіпті сол өңірде қызмет ететін мемқызметкердің өзі санасқысы келмейді. Сондықтан, басылым бетіне халықтың да, биліктің де пікіріне тең орын беріп, өңірлердің идеология жұмысын ширатуға болады. Бұл жайт облыстық деңгейдегі түрлі басқармалар, аудан әкімдері, басқа да мемлекеттік мекемелер газеттің сынына қалмау үшін де жұмыс қарқынын арттыруына септігін тигізер еді.

Бір сөзбен айтқанда, облыстағы күрделі проблемалар мен оқиғалардың ортасында мемлекеттік басылымдардың тілшісі де ең алдымен жетуі керек. Сол жерден нақ, шынайы ақпарат таратып, басылым міндетін адал атқаруы тиіс.

ШАРАЛАРДЫҢ ШЫРМАУЫ...

Бүгінгі таңда мемлекеттік басылымдардың оқылымды болмауының тағы бір себебі бар. Газеттер өңірде өтіп жатқан түрлі шаралардың шырмауында қалып, соны өлі мақалалармен «насихаттаудың» аясынан шыға алмай келеді. Уақыты өтіп кеткен әлдебір шара, оған келген қонақтар, мерекелік-көңіл күй, ғылыми конференция, жиын-тойлардың есептік жазбалары, т.б ақпараттарды оқырман ешқашан да кәдесіне жаратқан емес. Мұндай шара ақпарат стильінде жүгіртпе жаңалықпен газеттің сайтында жедел жарияланып, ақпарат тұтынушының жаңалықты дер кезінде білу құқын сақтау керек. Интернетте жарияланған, үш күн бұрын өтіп кеткен шараға төртінші күні газет бетінен орын беруге болмайды. Яғни, шаралар шырмауы ығысып, оның орнын сараптамалық, зерттеу, репортаждық материалдар басуы тиіс.

Қазір облыстық газеттер әр ауданнан осындай «өтті, кетті» жаңалық жинаумен, сол «өтті, кетті» жаңалықпен облыстың бүкіл өңірлерін қамтып отырмыз, осылай ақпараттық саясатты жүргізіп жатырмыз деумен күн көруде... Бұл үрдіс журналистиканың шығармашылық тұрғыдан кемелденуіне кедергі болып отыр.

Сондықтан, интернет сайттар дамып, ақпарат алу жылдамдығы қарқын алған дәуірде газет бетінде уақыты өтіп, маңызын жоғалтқан жаңалықты жариялау – заман көшінен қалу. Қазір ақпаратқа деген көзқарас мүлдем басқа формаға ауысып жатыр. Сондықтан жылдам ақпарат тарату, өткен оқиғалармен дер кезінде халықты құлақтандыру міндеті газет сайтының еншісіне берілуі керек.

ПРЕСС-РЕЛИЗДІК МАҚАЛАЛАР

Қазір мемлекетіміздегі әр сала, әр мекеме өз жұмыстарын насихаттау үшін баспасөз парағын (пресс-релиз) дайындайды. Сол пресс-релиздік мәтіндер сәл ғана редакцияланып, бастапқы күйін өзгертпестен газет бетінде жариялай салу белең алды. Рас, пресс-релиз деген жариялауға болады деген ақпараттардың жиынтығы. Сол жиынтық ақпараттың бәрін сықастырып, газет бетіне көшіре салу басылымның бағын ашпайды. Облыстық басылым тілшілері ондай мәтіндерді, пресс-релиздерді қолына алған соң, ақпарат жіберуші тараппен байланысқа шығып, мәтінді дамытып, ойнақы формамен, қызықты мақала етіп қайта даярлауы керек. Болмаса, мінезсіз мақала оқылмайды, оқылмаған дүниемен идеологиялық жұмыстар жүрмейді.

«НЕ ІСТЕМЕК КЕРЕК?» НЕМЕСЕ ИДЕЯ ҚАЗАНЫ ТУРАЛЫ...

Әрине, айта берсек, мұндай проблемалар шаш-етектен. Мемлекетті БАҚ-ты жандандыру үшін не істемек керек?

Меніңше, газеттер бағытына өзгерту енгізіп, біріншіден жаңа идеялардың қазанына айналуы керек. Ел ішіндегі сала мамандарының, ғалым, өнертапқыш, бизнесмен, я белсенді бұқараның халықтық жобаларын, яғни жаңа идеяларын газет бетінде үздіксіз жариялауы қажет. Қазір әр адамның басында сан түрлі идея бар. Оның дені арман сипатында ғана қалып, ақпараттық қолдау болмағаннан кейін іске аспай қалуда. Мысалы, Шопық Шокиннің Іле өзенін бөгеп, энергия өндіру жобасын Дінмұхаммед Қонаев оқып шығып, соның нәтижесінде Қапшағай көлі пайда болды. Бүгінгі таңда облыс орталығына айналған Қонаев қаласының негізі қаланды. Газет күнделікті уақыты өтіп кеткен ақпараттар шырмауынан босап, осындай адамзат баласының игілігіне жарайтын идеяларды насихаттау жолына түсуі тиіс. Облыстық газет ғылыми жұмыстар, инновация жаңалықтар, заманауи идеяларды оқылымды мақалаға айналдырып, ел игілігіне ұсына алса, оқырманды мәжбүрлі түрде газетке жаздыру дертінен де құтылуға болар еді.

ОҚЫРМАНМЕН БАЙЛАНЫС

Газеттердің оқылмауының тағы бір себебі басылымның оқырмандармен байланыс дәстүрінің үзіліп қалуынан. Оқырман нені қалайды, газет бетінен нені оқығысы келеді? Бұған соңғы жылдары мүлдем мән берілмей келеді. Газет жанынан қосымшалар шығару, оқырмандардың жас ерекшелігіне қарай қажетті контент өндіру, оқырманға хат жіберу, одан қайта хат алып, ел ішінен авторлар тарту, ол авторлардың жаңашыл идеясына қолдау көрсету басты назарға шығу керек. Оқырманмен байланыстың болмауы далаға сөйлеумен тең дүние.

КАДРЛАР ТАПШЫЛЫҒЫ

Басылымдардың тоқырауға түсуінің басты себептерлің бірі – журналистиканың мән-маңызын жан-тәнімен сезіне алатын кадрлардың жоқтығы.

Кадрларды іздеу, бар кадрларды республикалық басылымдардан тәжіибеден өткізу, журналистиканың қазанында қайнаған мамандардың мастер-кластарын өткізу, газет кадрларын мықты мамандарға шәкірт етіп, тәлімін алу жұмыстары жүруі керек. Мемлекеттік басылымдар еліміздегі журналист кадрларды нақты тәжірибемен дайындайтын институт дәргейіне көтерілмей, оқырманды қанағаттандыратын басылым жасау мүмкін емес. Университетті жаңа тәмамдаған жас мамандарды қызметке шақырып, оларға тәжірибелі мамандарды ұстаз етіп, бұл кедергіні жоюға болады.

ТҮЙІН

Мақалада газеттердің заман көшіне ілесе алмай отырғанының басты бірнеше себебі аталды.

Олар:

  1. Жалпылама мақалаларды жою;
  2. Халықтың проблемасын көтеру;
  3. «Шаралар шырмауында қалмау;
  4. Пресс-релиздік өлі мақалалар жарияламау;
  5. Идея қазанына айналу;
  6. Оқырманмен байланыс орнату;
  7. Кадр тапшылығын шешу.

Осы басты жеті проблеманы шешудің төте жолын саланың арнайы мамандарымен бірігіп табуға тиіспіз! Әйтпесе, газет-журналға деген қоғам көзқарасын өзгерту мүмкін емес.

Қанат Бірлікұлы

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер