Әбубәкір Қайран. Күмән мен Күнә. (новелла)  

1863
Adyrna.kz Telegram

Әмісе, әйел жұмбағын

Әулие де шеше алмас.

                       

Тәмсіл

 Кербез де кеуделілеу жігіт Мәуленнің соңғы күндердегі өзгерісі басқаларға байқалмаса да, үй ішіндегілердің бәріне үрей туғыза бастағандай еді.

Мырзалығы мен жомарттығын маңайындағы жұртқа қашанда көрсеткісі келіп жүретін мақтаншақтау азамат өзінің әйелінің сұлулығынан бастап, хан сарайындай алты бөлмелі үйі барлығын, қымбат көлік мініп жүргенін, аудан орталығындағы ең жаңа мектептің директоры екендігін санамалай келіп, өзінің қара басын ең бақытты адамдардың қатарына баяғыда қосып қойған.

Бір үйдің жалғыз баласы болған соң, ішкені – алдында, ішпегені – артында, қалай жүрем, қалай тұрам демей, еркін өскен бұла жігіттің балалық шағы да, студенттік кезі де алқып-шалқумен өткені рас. Мұны үйлендіре салып әкесі Сейілжан қайтыс болып кеткеннен кейін, екі-үш ай бойы еңсесі езіліп, жетімдік, жалғыздық дегеннің не екенін енді-енді сезініп жүрген кезінде, анасының қайсарлығы мен намыстылығының арқасында, тез-ақ бойын жинап алған болатын.

Кейде ғана күрсіндіріп қоятын бір уайымы – көрген перзентінің де жалғыздығы, әйелінің бір бала таба салып, құрсағы құрғап, теп-тез тоқырап қалғандығы. «Екеудің бірі кетсе – бірі қалар, жалғыздың өзі кетсе – кімі қалар?» деген – мәтел сөзге айналып кеткен өлең жолдарын жиі-жиі есіне алып, мұңдылау ойға батып кететіні де содан.

Атын Мәжит деп өзі қойған ерке баласы он жасқа толған соң мұндай атаулы мезетті ескерусіз қалдыру жөн болмас деп, ағайын-туыс, дос-жарандардың басын қосып, дүрілдетіп той жасағаны таяуда ғана. Міне, сол той өте салысымен-ақ Мәуленнің көңіл күйі сабындай бұзылып, отыз жастан баяғыда асып кетсе де, тал шыбықтай бұралып тұратын келіншегі Зылихаға да, анасы мен баласына да суық тартып, олар тілдесе қалса, танауының астынан міңгірлеп сөйлейтін мінез шығарған. Мұнысы үйдегілердің бәріне әсер етіп, тіпті, дастархан басындағылар бұрынғыдай ашылып сөйлеуден, жайраңдап күлуден де қалып барады.

Дариға кемпір жасаурай беретін бұлыңғыр көздерін жаулығының ұшымен қайта-қайта сүрткіштей түсіп, отыз бес жасқа келсе де, өзіне әлі сәбидей болып көрінетін бұйра бас баласына қарағыштап, телмеңдейді де отырады.

Үйленгендеріне он екі жылдай уақыт өтсе де, ұрысып-керіспек түгілі, бір-біріне «шәй» десіп көрмеген ерлі-зайыптылар да тоң-торыс. Бұл шаңырақтың астына шуақ төгіп, нұр шашып тұратын Мәжиттің сықылықтап күлген қоңыраулы дауысы да азайып бара жатқандай: төртінші сыныпта оқитын ерке бала өзінің он жасқа толғанын тойлап, жиылған жұрттың бәріне бетінен сүйгізгеніне, әкелінген сыйлықтардың өз бөлмесінде тау болып үйіліп жатқанына тым масайрап-ақ жүр еді. Бірақ, әкесі мен шешесінің арасында әлде бір келіспеушіліктің бар екенін сезінгеннен кейін, бір қауіптен секемденгендей, үлкендерге үрке қарап, жаутаңдай беретінді шығарыпты.

Бүгін таңғы ас үстінде бір-екі кесе шайды ысылдап-пысылдап отырып, жау қуып келе жатқандай аптығып ішкен Мәулен кесесін төңкерек салды да, келіншігіне әдеттен тыс әуенмен:

– Әй, Зылиха, Оқушылардың каникулы бітуіне де екі-үш-ақ күн қалды. Мектептің жұмысы басталып кетеді. Той-пой деп жүріп, қанша уақытты босқа өткізіп алдық, – деді.

– Иә... не? Бір шаруаң бар ма еді? – деді Зылиха, күйеуінің бетіне тосырқай қарап.

– Анау картоп егетін жерді қашап тастау керек. Міне, көктем де өтіп барады. Сен... Зылиха, давай, мына Мәжиттің табаны қалың резеңке етігін тауып бер. Екеуміз жер қашаймыз. – деп орнынан тұрып кетті де, баласына қарап: – Мәжит, сен он жасқа толдың. Жігіт болып қалдың. Енді маған көмектесетін уақытың жетті. Жинал! Жүр! – деді қатаң дауыспен.

Кемпірдің көзі шақшиып кетті.

– Әй, Мәулен! Тоқта!

Дариға басындағы ақ жаулығын сілки сыпырып, анандай жерге лақтырып жіберді.

– Сен осы той аяқталғаннан бері басыңды бұтыңа тығып алып, ішкенімізді – ірің, жегенімізді желім қылып біттің ғой. Сені жын қақты ма, әлде басыңды біреу дуалап тастады ма? Атадан қалған бір жалғыз деп, әулетті жалғайтын бір тұяқ деп, басыңнан құс ұшырмай өсірдік қой сені, жарымжан әкең екеуміз. Жақсы оқыдың. Рахмет. Бет-беделді азамат болдың. Анау үш қабатты ең үлкен мектепті басқарып отырсың. Ендігі мынауың не қылжақ?! Сен де бүгін жалғыз ұлыңның амандығы мен саулығын құдайдан тілеп отырған жоқсың ба? Әлде, тілемейсің бе? Қабырғасы қатып, бұғанасы бекімеген он жастағы балаға жер қашату деген не сұмдық!

– Апатай, ашуланбаңызшы. Давлениеңіз көтеріліп кетеді. Құдай үшін... – Зылиха енесін құшақтай алып, екі бетінен шөпілдетіп сүйе бастады.

Есікті «тарс» еткізіп жауып кеткен әкесінің соңынан Мәжит те томпаң қағып ілесе жөнелген.

Сәлден соң, бұтына шалбар, аяғына үп-үлкен етік киіп, басына орамалын шарт байлап алған Зылиха да далаға шықты. Қолында – күрек.

– Әй, Зылиха, сен пысықсымай-ақ қой. Апамның қасында бол, дәрісін бер, – деді Мәулен.

Зылиха бір сәт қалт тұрып қалды да, күрегін селқос сүйретіп, Мәуленнің қасына жақындады. Бұл кезде Мәжит есік алдында жатқан ұсақ тастарды тепкілеп, өзімен-өзі әуре болып тұрған.

– Мәулен... айтшы... саған не боп жүр? – деді Зылиха, – Өзім білгелі сенің мұндай мінезіңді бірінші рет көріп тұрмын. Саған не болды?

– Ал саған не болып еді.... сонда?.. Баяғыда...

– Түк түсінсем бұйырмасын.

– Осы, сонау Алматыдан ат сабылтып тойға келген әлгі... Сәкен... сол – сенің байыңның досы ма? Әлде сенің бұрынғы көңілдесің бе?

Зылиханың сұлу өңі сұп-сұр болып, состиған күйінде тұрып қалды. Қап-қара, ұзын кірпіктері шықтанып, бота көздері әлдебір терең тұңғиыққа сіңіп бара жатқандай.

– Сен... не деп тұрсың? – деп күбірлегендей болды.

– «Не деп тұрсың?» дейді. «Ол мединститутта оқыса да, досың ғой, курстарстарыңмен қосып шақыр. Көптен бері көріскен де жоқпыз» деген сен едің ғой. Енді өп-өтірік таң қалған боп тұрсың.

– Мәулен, не айтып кеттің, ол сенің ең жақын досың емес пе еді?

– Дос!.. Иә, дос! Сол достығынан ғой, менің мына жалғыз балам да дәл соның аузынан түскендей. Білегіндегі жалпақ қалына дейін... Тойда Мәжитпен бірге түскен суреттері тұр ғой, қарасаңшы!

– Идиот! – Зылиха күрегін лақтыра салып, қос қолымен бетін басқан күйі үйге қарай тұра жүгірді.

– Әй, сен де бара бер! – деп зекіді Мәулен баласына.

 

*        *        *

Мәжит өз бөлмесіне кіре салысымен, төсегіне шалқасынан түсіп жата кетті. Терезеден түскен күн сәулесінен жасқанып, бетін көлегейлей беріп еді, білегіндегі қап-қара қал көзіне оттай басылды. Шошып кеткендей, қолын тез серпіп жібергенін өзі де сезбей қалды. Әкесінің жаңағы айтып тұрғаны – осы қал.

Баланың көз алдына Алматыдан тойға келген Сәкен ағасының бет-бейнесі елестей жөнелген. Оның көліктен түсе салып, мұны шақыртып ала қойғаны, «Ой, Мәулентай, он жасқа толдың ба, үлкен жігіт болдың ба?» деп, үш рет көкке көтеріп, бетінен, маңдайынан сүйгені, сонсоң сөмкесінен бір қорапты шығарып, оның ішінен алтындалған, жарқылдаған қалта телефонын суырып алып, «маған звандап тұр» деп қолына ұстатқаны... бәрі-бәрі бүгінгідей есінде. «Сонда... бұл кісі...» деп әлденені ойлағысы келді де, орнынан тұрып, қатталған күйінде үстел үстінде жатқан фотосуреттерді бір-бірлеп қарай бастады. Міне, мына суретте Сәкен ағасының тізесіне отырып алып, оның танауына саусағын тигізіп, күліп отыр. Екеуі де мәз. Ал мына суретте Сәкен ағасы мұны мойнына мінгізіп, өзі ат болып шауып жүр.

«Папамның жаңа «аузынан түскендей» дегені – «ұқсайды» дегені ғой. Қай жеріміз ұқсайды? М-м!.. Мұрнымыз, қасымыз. Тоқта. Көзіміз де ұқсайтын сияқты».

Мәжит езу тартып, күлімсірей түсті де, кенет қабағын түйіп, аузын бұртита қалды. Сонсоң, суретке ызалана, тесіле қарап тұрды да, екі суретті де жыртып-жыртып, ас үйдегі қоқыс жәшігіне апарып, тастай салды.

Ол өз бөлмесіне қайтып келіп, тағы да төсегіне құлай кетті. Төбеге қарап жатып, Сәкен аға туралы мамасының той үстінде айтқандарын есіне түсіре бастады.

Мамасының айтуы бойынша, мұның әкесі мен Сәкен аға кішкентай күнінен бірге өсіпті. Бір сыныпта оқыпты. Сәкен ағаның әкесі осы ауылдағы бастықтардың бірі екен, төсек тартып жатқан Сейілжан атасы мен Дариға әжесіне ылғи көмектесіп, қамқор болып жүретін жақсы адам көрінеді. Мектепті бітіргеннен кейін мұның әкесі мұғалімдер оқуына, Сәкен аға дәрігерлік оқуға түсіп, екеуі де Алматы қаласында жұптарын жазбай бірге жүріпті. Оқуларын бітіргеннен кейін Сәкен аға Алматыда қалып, мұның әкесі аулына келіп, мұғалім болған.

Дариға әжесінің айтуынша, өзінің күйеуі Сейілжан Сәкеннің әкесі Көшербайдан бір жыл кейін қайтыс болғанда, Алматыда оқып жүрген Мәжит пен Сәкен екеуі бір қорымда қатар жерленген өз әкелерінің басына мәрмәр тастан құлпытас орнатыпты.

«Егер екеуі сонша жақын дос болса, менің әкем Сәкен ағаны неге жақсы көрмей қалған?» деп ойлады Мәжит.

Ол бағанағы мамасы мен папасының керісіп қалған сәтін тағы да бір елестетіп өтті.

Мамасының жүгіре басып, жылап кеткеніне Мәжит қатты назаланып қалып еді. Қазіргі жағдайы қалай екен? Қасына барып, мамасын жұбатқаны дұрыс қой.

Мәжит жатын бөлмесінің есігін ақырын ашып, саңылаудан сығалап қарап еді, мамасы теріс қарап, бүрісіп жатыр екен. Бағана жер қашауға көмектесемін деп киген жұмыс киімдерін де шешпепті.

«Мама» деп шашынан сипалаған ұлының қасына келіп тұрғанын сезсе де, анасы екі көзін тарс жұмып, тіс жармады. Қабағы қарс түйілген анасының жүзіне зер сала қараған бала, оның беті мен танауының үстінен тарам-тарам болып жас ағып жатқанын байқады. Мәжиттің қара көздеріне де шүпілдеп жас толып тұр еді.

 

*        *        *

 

Сол жатқаннан бесін ауғанша орнынан тұрмаған келініне алаң болған Дариға кемпірдің мазасы кетіп, түскі астан да нәр татпаған Зылиханы шәйға шақырайын деп, жатын бөлмеге кірді. Кіре сала байқағаны – қап-қара шашы қалай болса солай қобырап, ақ сейсепті үстіне қымтана жамылып алған келіні терезеге телміре қарап отыр екен. Зылиханы мынандай қалыпта көргенде, кейуана байғұс шошынып, әбігерленіп қалғаны соншама, келінінің қасына сылқ етіп қалай отыра кеткенін білмей қалды.

– Зықашжан-ау, қалың қалай, жаным? – деді Дариға, келінінің шашын бір қолымен реттеп отырып, – Жүр, жүре ғой. Шәйіңді іш. Дастархан жасап қойдым.

– Жоқ, ішпеймін, апа. Ештеңеге зауқым соқпай, әлсіреп отырмын, – деді Зылиха. – Мәулен қайда?

– Ол түске дейін жер қопарды. Қазір қонақ үйде кітап оқып жатыр ғой деймін.

– Шақырыңызшы. Оңаша әңгімелесейін деп едім.

Дариға шығып кеткен соң, іле-шала мәйкішеңденіп алған Мәулен кірді. Зылиха есік көзінде состиып тұрып қалған күйеуіне қадала қарағанда, оның көздеріндегі жарқ-жұрқ етіп тұрған отты кекесін мен ызалы мүсіркеуге шыдай алмаған Мәулен төсектің аяқ жағына отыра кетті.

– Сонымен... Мәулеш, маған тағы да қандай жаман атақты жапсырмақ ойың бар? – деді Зылиха бәсең болса да ызғарлы дауыспен. – Мен өзімді сен үшін тудым, сен үшін өмір сүрем, қажет болса, сен үшін өлемін деуші едім. Бірақ онымның бәрі бекер екен. Сен мені бір-ақ сәтте жаман атқа қиып, жүрегімді дал-дұл етіп жараладың. Жоқ, жаралаған жоқсың, өзің үшін соғып тұрған жазықсыз жүректі қолқасымен қоса суырып алдың. Мәжиттің түрі Сәкенге ұқсап кеткенін көріп, өзіңнің арзан да арсыз ой толғамыңның жетегіне еріп, менің бетіме қара күйе жағуға дейін бардың. Мен аппақ жүрегімді қолыма ұстап тұрып, алдыңда тізерлеп отырып, адалдығымды айтып ақталар едім. Бірақ оған менің әйелдік, аналық намысын жібермейді. Мен сенің алдыңда не үшін ақталуым керек? Тіпті, ақталу деген сөздің өзінің аты қандай жаман! Қылмыс жасаған адам ғана ақталады. Әлде, сенің бала күннен бірге өскен досыңды жақсы көріп, сыйлағаным үшін, оны тойға шақыр деп кеңес бергенім үшін қараланып қалып па едім? Менің бүкіл ойым да, тіпті, мақсат, мұратым да – тек сенің азаматтық мәртебеңді өсіріп, даңқыңды асыру ғана. Айтшы, мен  қай уақытта өзім үшін қам жасап, ұмтылмасқа ұмтылдым? Қашан соңғы сәнмен тігілген киімге құмартып, құлағыңның құртын жедім? Әшекей-үшекейге әуес болып, «алайыншы», «тағайыншы» деп бір рет айтып көрдім бе?..

Зылиханың қан-сөлсіз қуарған өңіне, кешкі батар күннің сәулесімен шағылысып, қызғылттанып тұрған ащы жас пен ашуға толы жанарына тіктеп қарай алмаса да, екі қолын кеудесіне айқастыра салған бойы тіп-тік отырған Мәуленнің бет жүзінен ешқандай құбылыс байқалар емес. Тас мүсіндей міз бақпаған қалпы.

– Осы сен маған жапқан жалаңның қандай ауыр екендігін, маған қалай әсер еткенін бір сәт те болса пайымдап көрген жоқсың ғой деймін? – деді Зылиха бағанадан бері өзін қабырғаға сөйлеп отырғандай сезініп.

Мәулен Зылихаға еңсеріле бұрылды.

– Адамға адамның ұқсай беретіні рас қой, – деді сонсоң, – бірақ, «қасқа айғырдан қасқа тумаса да, төбел туады» деген сөз бар. Адамға адам да бекер ұқсамайды ғой. Егер сен менің орнымда болсаң, қайтер едің? Мен болып бір сәт ойланып көрші.

– Атамыз қазақ дана ғой, – деді Зылиха, – осындай жайлардың болмай қалмасын ескерген болар, аяғы ауыр әйелдің құрсағына қадалып қараған адамға да туашақ сәбидің тартып күтуі мүмкін деген бұрынғылар.

– Сен осы жолы өзіңнің әдебиетші ғана емес, сұңғыла екеніңді де анық байқатып отырсың. Айтқан уәжіңнің бәріне нана беретін – мен бала емеспін ғой. Ең дұрысы біз бұл әңгімені доғарайық та, ел мен жұртқа күлкі болмай тұрғанда, осы ауылдан басқа жаққа, тіпті, бір алыс жаққа көшіп кетейік. – деді Мәулен алғаш рет Зылихаға тіктеп қарап.

– Қай жаққа? Алматығы көшсек деп жүруші едің ғой?

– Жоқ, Алматыны түсімде де көргім келмейді.

– Неге?

– Білмей отырмысың?

– Ә! Сәкен бар екен ғой. Сәкен деген – сен үшін қара пәледей бір елес. Енді сол елес Тескентау асып кетсең де, қыр соңыңнан қала қоймас. Жүрегіңе өзің жұқтырып алған осы бір қара қасірет уақыт шіркіннің алақанымен сүртіле-сүртіле, бір күні жоқ болып кетер деп үміттенбей-ақ қой. Керісінше, уақыт өткен сайын бұл қара таңба айқындалған үстіне айқындалып, тереңдей-тереңдей сүйегіңе де сіңіп кететін шығар. Білесің бе, махаббат сапарында болса да, отбасылық өмірде болса да шешілместей бір түйін пайда болса, сол түйін сәт сайын түйнектеле береді де, бір күні түбіңе жетіп тынады.

– Сонда не демекшісің?

– Егер сен өзіңнің сүйіп алған әйелің мен жалғыз балаңнан айрылғың келмесе, жазғы демалыс кезінде Мәжитті қасыңа ертіп, Алматыға бар да, әлгі... медециниалық сараптама дей ме, немене, соған барып тексеріліңдер. Сонда бұл баланың әкесі өзің екендігіңе көзің жетіп, бәріміз бақытты өмір сүретін боламыз.

– Мүмкін, сөйтерміз. – деді Мәулен екі шекесін қос қолымен сығымдай түсіп.

– Аяқ астынан маған осынша күмәнданғаның не? – деді Зылиха күйеуін әлі де тұқырта түсейін дегендей.

 

*        *        *

 

Жасы жетпістен асқан Дариға кейуана – кейінгі кезде көзінен ғана қорлық көріп жүргені болмаса, есту қабілетінен айырылмаған, саққұлақ кісі.

Келінінің баласына не айтқысы келгенін білгісі келіп, жаулығын құлағынан асыра түріп тастап, шала жабылған есіктің саңылауынан екеуінің сөзін тыңдап тұрды. Мәселенің негізі немересінің Сәкенге тартып туғанына байланысты екендігін білген сәтінде-ақ, қос құлағы шуылдап, екі көзі қарауытып, тұрған орнында құлап қала жаздады. Жүрегінің соғысы әлсіреп, буын-буыны құрып, қабырғаны қармалай сипалап, өз төсегіне зорға жетті.

Жалғыз немересі көп күттіріп дүниеге келгеннен бері Дариғаның көкейіне екі ұдай сезім ұялап алған болатын. Оның біріншісі – өспей, өнбей, келе жатқан осы әулетті жоғалтпай, келер күнге жалғастырар тағы да бір сәбидің дүниеге келгеніне деген шүкіршілігі болса, екіншісі – осы сәбиді туытханадан алып келе салысымен, құндағын шешіп, тырбаңдаған қызылшақаны қызықтап отырғанында, оның білегіндегі қап-қара қалды көріп, шошына қараған сәтінен басталған үрейлі сезім болатын. Ол үрей бала білегіндеге қара қалды жамандыққа жорып ырымдағаннан емес, сол қара қал кеудесінің түкпіріндегі тас зынданда отыз алты жылдан бері мәңгі құлыпталған құпясының кілтіндей, жұртқа соны жайып салатын куәгеріндей болып көрінгендігінен еді.

Сол қара қал баланың білегінде емес, өзінің жүрегінде тұрғандай көрініп, қатты тітіркендіріп, үрейлендіріп жіберген.

Баласы мен келінінің арасына мәңгі жымдаспас жік түсіріп, жүректеріне ешқашан айықпас күдік пен күмәнға толы қайғы-қасірет орнатқандай болған жазығы жоқ Сәкеннің әкесі Көшербайдың білегінде де тура осындай қара қал бар еді. Сол қап-қара қалы бар жүндестеу білегі мұның қыпша белі мен қыл мықынына қанша рет оратылды десеңші!

Көшербай өзінің бұл қап-қара қалын «Құдайдың өзі тарту еткен нысана, білектілік пен жүректіліктің белгісі» деп мақтан ететін.

Ол жылқы фермасының бастығы еді де, мұның күйеуі Сейілжан бас жылқышы болатын. Бұлар ферманың орталығы болып саналатын кішкентай ауылдағы қоржын үйде тұрды. Үйленгендеріне бес-алты жыл болса да, Дариғаның пұшпағы қанамай, бір шикіөкпені аңсаумен күн өткізіп жатқан жас жұбайлардың қабағындағы кірбең қырау уақыт өткен сайын мұзға айналып бара жатқандай еді. Сөйтіп жүргенде, Сейілжан өзі үйретпекші болған асаудан жығылып, жамбасын сындырып алды да, ұзақ уақыт облыстық ауруханада емделіп жатты. Міне, сол кездерде көп уақыттан бері Дариғаға ынтық болып, көңілін білдіре алмай жүрген Көшербай өзінің діттеген мақсатына жетіп тынып еді.

Көп ұзамай-ақ Дариға бала көтеріп, Сейілжанның шаңырағына шаттық орнады. Ақжарылқап дәурен басталды. Дүниеге сәби келіп, оның атын Көшербайға қойғызды. Көшербай: «Бұл бала жолбарыстай қайратты, арыстандай айбатты болсын! Атын Мәулен деп қоямын. Білесіңдер ме, жолбарыстың күшігін «мәулен» деп атайды ғой!» – деп, қолына ұстап тұрған айғыр стақанға толтырыла құйылған ақ арақты түбіне дейін бірақ сіміріп, қалың қара мұртпен көмкерілген қып-қызыл еріндерін бір шүйіріп қойып, аузын алақанымен басып, ұзақ тұрып қалып еді, сонда.

Дариға өз нәрестесінің Көшербайға тартпай өзіне тартуын тілеп, жаратушы иеге күнде жалбарынатын. Ақыры, сол тілегі орындалып, Мәулен шешесіне тартқан – қараторының әдемісі дейтіндей жігіт болып өсті.

Оң жамбасынан қатты мертіккен Сейілжанның осы кемдіктен көрмеген бейнеті жоқ: ат құлағында ойнап жүрген арыстандай азамат балдаққа байланып қалған соң, атқа да өзі міне алмайтын болды. Жылқы десе, ішкен асын жерге қоятын атжанды байқұс шұрқырап жүрген жылқы үйірлерін көргенде, біресе күлімсіреп, біресе жыламсырап тұрғандай, бір өзгеше кейіпке енуші еді. Сыртқы жұрт «Шойнақ Сейілжан» деп атап кеткеніне іштей намыстанып жүрсе де, өз атұстары Мәулен дүниеге келген соң бүкіл қайғы-қасіреті бірақ күнде көкке ұшып кеткендей, өңі нұрланып, өзі қырланып шыға келді.

Ол құндақтаулы бөпесін әуектеп отырып:

Айналайық баладан –

Тауып алған даладан.

Далада бала жата ма,

Түсіп қалған ғой шанадан.

– деген өлеңді қайта-қайта әндетіп айтқан сайын, Дариғаның жүрегі дір-дір етіп, өзінен-өзі қуыстанып, бет құбылысын сездірмейін деп, теріс айналып кететін. Бірде, «Осы өлеңіңді қойшы!» деп айта жаздап барып, тез тиыла қалғыны да бар. Дариға әр кезде сәл нәрседен Сейілжанның күдігі оянып кете ме деп қауіп-қатер үстінде жүргендей болатын. Сондықтан болар, Көшербайды маңына жуытпақ тұрмақ, оның қарасын көрсе болды, жау көргендей шошынып, тезірек көзден таса жерге қиыстап кетуге ыңғайланар еді. Көшербай да көңілдесінің жайын терең түсінгендей, бұлардың бұрынғы қарым-қатынастарын еске салатындай ешқандай қылық көрсетпеді. Сөйтіп, сол бір арқа-басын тітіркендіретін қосүрей сәттер де бірте-бірте алыстап, тіпті, ұмытылуға айналғандай боып еді.

Амал қанша, аш арыстандай болып алдынан тағы шықты сол үрей! Енді не істесе екен?!

Бұл құпияны тәуекел етіп балаларына ашып салуға да дәті бармақ емес. Ойбай-ау, одан өткен сұмдық бар ма, бұл жалғанда?! Бір аяғы жерде, бір аяғы көрде тұрған шағында бүкіл әулеттің бетіне мәңгі шіркеу болатын бұл күнәні, бұл қылмысты қалай ғана жария етпек?! Өзі ғана әшкереленіп, өзі ғана күнаhар аталса, бір сірә, одан кейін мұның балалары мен үрім-бұтағы ел мен жұртқа қай бетімен қарайды? Күнаhар аналарына қарғыс айтып, өмір бақи өксумен, жұрт көзінен қысылып-қымтырылуымен өтпей ме?!

Жоқ! Дариға өзінің келіншек кезінде жасаған осы бір күнәсін өз жүрегінің түбіне берік сақтап, жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырады! Бұл құпияны өзімен бірге көрге ала кетеді!..

Дариға жаулығының ұшымен екі көзін кезек сүрткілеп отырып, өз күйеуі Сейілжанның немересін көрмей, күйініш пен күдікке шырмалмай, өмірден сәл де болса ертерек өтіп кеткеніне, құрдым құсаның құрығына түспегеніне мың да бір шүкіршілік етті.

Жалғыздығына жаны құлазып, оның үстіне өзінің де ұрпаққа жарымай қалғанына мұңайып жүрген Мәуленінің бір әкеден туған өз бауыры дәл қасында жүргенін білмей өмірден өтетіні де қандай азап!

«Ешқашан білмесін! Білмегені өзіне де, өзгеге де жақсы!» деген байлам жасады кемпір.

Пікірлер