"Болашақпен" оқыған Кентау экс-әкімінің ісі. 2,8 миллион доллар пара жайы сотта қаралуда

2037
Adyrna.kz Telegram

Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған аудандық сотында бірнеше аптадан бері Кентау қаласының экс-әкімі Рашид Аюповтың соты болып жатыр. Бұрынғы әкімге кәсіпкерден 2,8 миллион доллар пара алды деген айып тағылып отыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Еске сала кетейік, Рашид Аюпов 2022 жылы Кентау қаласының әкімі болып тағайындалды. Сол жылдың қазан айында ұсталды. Ол Alageum Group компаниясының иесі – белгілі кәсіпкер Сайдулла Қожабаевтан 2,8 млн теңге пара алды деген күдікке ілінді.  Алдын ала айтылған ақпаратқа қарағанда мұндай қаражат үшін Аюпов тендер ұттырып беруге уәде еткен.

Кәсіпкердің айтуынша, екеуі 2013 жылы танысыпты. Оларды Кентау трансформатор зауытында жұмыс істеген ортақ таныс Бағлан Нұргелдиев таныстырған.

Тергеу хаттамасында көрсетілгендей, аса ірі көлемде пара алған Рашид Аюпов сол ақшаға алдымен Toyota Land Cruiser Prado жол талғамайтын автокөлігін (13,4 млн теңге), Астанадағы BI Village коттедж қалашығынан үй (90 млн теңге) сатып алып, туысының атына жаздырып қойған. Сондай-ақ, бірнеше жүк көлігін де сатып алыпты.

Бұл қылмыстық істе Шымкент қаласының экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың де есімі жиі айтылады. Ол әкім болған кезде Аюпов әкімдіктің аппаратын басқарды. Екеуі де «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Ал, арыз жазған кәсіпкер осынау ірі соманы Ғабидолла Әбдірахымовтың көмекшісіне бергенін айтады.

«Ақша толы сөмкені осыдан он жыл бұрын кәсіпкер Сайдулла Қожабаевтың ұлы Еркебұлан Ильясов пен Бағлан Нұргелдиев Ғабидолла Әбдірахымовтың көмекшісі Исамидин Қантөреевке әкеліп берген», – делінген тергеу материалында.

Сот отырысында кәсіпкердің ұлы Еркебұлан Ильясов пен Рашид Аюповтың әңгімесінің аудиожазбасы тыңдалды. Онда экс-әкім 2,8 миллион доллардан тек 100 мың доллар алғанын анық айтқан. Әңгіме барысында ол арыз бен куәгер сөзінен өзін және Бағлан Нұргелдиевті алып тастауды бірнеше рет сұрайды. Есесіне Ғабидолла Әбдірахымовқа қатысты компромат беруді ұсынады. Оның сөзінше, Әбдірахымовтың де «арты таза емес», оның заңсыз алған нысандары мен фирмалары бар көрінеді.

«Міне, қара, шынымды айтамын, мен тек 100 мың доллар ғана алдым, мен ол ақшаны орнына қоямын. Әбдірахымовты отырғызу оңай, ол үшін бірақ мені және Бағланды бұл істен алып тастаңдар», – дейді Рашид Аюпов кәсіпкердің ұлына.

Сотқа қатысқан Еркебұлан Ильясов да тосын пікір білдірді. Ол Аюпов тарапынан Әбдірахымовқа қатысты төрт рет ұсыныс түскенін айтты. Дегенмен, сотталушының өзі болса бұл сөздерді айтпағанын, Әбдірахымовқа қарсы куәлік бермейтінін мәлімдеп отыр.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер