Қазақ тілі Жаңа Қазақстанда шарықтауы керек

2134
Adyrna.kz Telegram

Қазақ тілі – таяуда болған Сарыағаштағы 5 жасар қыздың көрген азабындай, осы күнге дейін түрлі құқай мен зорлық-зомбылықты бастан кешіп келді. Ана тіліміздің жүдеп-арыған, өксік хәлін сипаттауға бұдан артық теңеу жоқ шығар, сірә?

Сондықтан «мемлекеттік тілдің сиқы осы», «қазақекеңге орыссыз ас батпайды» деп жаппай айыптағаннан гөрі «не істеу керек» деген сауалға жауап іздеген дұрыс секілді.

Сонымен, не істеу керек? Қайдан, неден, кімнен бастаған жөн?

Әрине, «білгіштер» Тоқаевтан бастайық дей салуы мүмкін. Бірақ Назарбаев қазақша судай ағып тұрғанда мемлекеттік тілдің пұшпаққа шыққанын көрдік пе? Тіл туралы тапсырмалар берілгенімен қазақ тілдің деңгейі көтерілді ме? Жоқ, қалқам. Қазақ тілін бірінші деңгейге көтеру үшін ұлттық рухты ояту керек. Таным таяздығы мен сана саяздығы тіл мен ділді білмегеннен туады.

Ал ұлттық рух қаннан, тектен, сүйектен бастау алады десек те, қанына тартпай қары сынғандарды көріп жүрміз. Демек біріншіден, қарапайым болып көрінгенімен ұлы майдандарды қажет ететін отбасы, бала-бақша, мектеп, балақайлар күнде көретін мультипликациялық фильмдер, ойындар ана тілінде ұйымдастырылуы шарт деп түйдік. Өзіңіз ойлаңызшы, уызынан ана тілі мен бесік жырын тыңдаған, айналасы қазақ тілінде сөйлеп, смартфоннан естігені өз тілі болса, ондай баладан шүлдірбай мен шүлдіргүлдің шығуы мүмкін бе? Әрине, жоқ.  Мағжан Жұмабайұлы айтқандай, «Жас бала – жас шыбық, жас күнде қалай иіп тартсаң, есейгенде солай қатып қалады. Теріс иірілген шыбықты артынан түзеймін десең, сындырып аласың». Бұл – құлаққа ілетін қауым болса, тағы да бір айтып көргенім, бәлкім нәтиже берер деген есекдәме ой ғана... Әйтпесе, бұндай жалынды ұсынысты кім айтпай жатыр, қарғам?!

Айтпақшы, мультипликациялық фильм демекші, біздің балалар шыр етіп дүниеге келгеннен бастап youtube көретінін кімнен жасырайын?! Ол – боямасыз шындық. Бірақ бір өкініштісі, youtube-та балақайлар сүйіп көретін, түрлі реңкке ие мультипликациялық фильмдер орыс не ағылшын тілінде. Соның нәтижесінде, баланың үй іші қазақ тілінде сөйлесе де, тілі орысша не ағылшынша шығып жатқан жағдайларды естіп-көріп жүрміз. Балалар да бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, «мам, қазақша қызық емес» деп шыға келеді. Заман талабына сай күнделікті көретіні ана тілімен ауызданбаған соң олардан не үміт не қайыр? Ал қазақ тілділерден танымалдылыққа иелері  - бар болғаны баяғы «Қошқар мен теке», «Айдаһар», «Бал білім» бейне жинағы. Ендеше неге анимациялық мультфильмдердің ең ғажабын, ең таңдаулысын түсіретіндер арасында байқауларды жиілетпейміз? Осы саланы көтеріп, қаржы неге бөлгізбеске?

Екіншіден, Мемлекеттік тілді тегін меңгеру үшін қажетті жағдайдың бәрін жасау керек. Материалдық, рухани, физикалық қолдаулар қажет. Яғни қазақ тілін үйрену әр қазақстандыққа тегін болса деген талап-тілек, арман-мақсат, қиял-ой бар... Ал жекелеген кәсібі барлар тілге жанашырлық танытып, тегін үйрету жолдарын қарастырса, бірігіп, мемлекеттік тіл мәселесін шешуге мүмкіндік туар еді. Содан соң жаңадан тіл үйренушілерді келемеждей жөнелмей, «жарайсың, қазақ тілінде сөйлеген саған жарасады екен» деп мақтап-мадақтап отыруды да ұмытпайық.

Үшіншіден, БАҚ-тағы шала аударылған қазақ тіліндегі толассыз ақпараттарды көргенде жаның қарадай ауырады екен. Сондықтан БАҚ-тағы мемлекеттік тілді жақсы меңгерген азаматтарды ыңталандыру жұмыстарын ұйымдастырған жөн. Мысалы,  орыс тілді БАҚ-та қызмет етіп жатқан журналистерді тіл үйрететін кәсіби тегін оқыту курстарына қатыстырайық. Журналистер арасындағы қазақ тілді байқаулардың санын көбейтейік. Калькасыз қазақ тілі деген ұранды ұстанып, осы саланың мамандарын қаржыландырып, танымал әлеуметтік желілерде парақшалар ашу керек. Парақшаларда әзілмен, түрлі иллюстрациялық, каррикатуралық суреттермен калька қолданып сөйлейтін, жазатын БАҚ-тағы жазбаларға мазақ қылу жұмыстарын ұйымдастырған жөн.

Төртіншіден, қазір елде ашық түрде тілдік, идеологиялық, интеллектуалдық күрес жүріп жатыр. Және сол күрестердің тең жартысы ғана ана тілде.

Сондықтан Шаханов атамыз: «мемлекеттік тілді қалай қадірлеу керектігін көршілес Ресей мемлекетінен де үйрене де алмадық» деп ашына жазған. Ал Жапондар қазақтарды «орыстілді азияттықтар» деген. Ау соған намыстанбайтын тарихи жадысынан айырылған недеген халықпыз?

Енді бізге этнолингвистикалық ахуалды өзгертудің кешенді шаралары қажет. Осыдан 5-6 жыл бұрын, әлеуметтік желі алаңындағы талас-тартыс дәл осылай қайнап тұрмаған шақта мемлекеттік тіл енді дүниеге шыр етіп келген нәрестедей жас, қауқарсыз болды. Оны кім көрінген басынып, аяққа таптады. Ал қазір ше? Қазір бойжетіп, ержетіп кетпесек те, қуана тәй-тәйлаған балаға айналдық. Әлі де қауқарсыздаумыз, бірақ өзгеріс бар. Оған себеп әлеуметтік желі. Қоғамдық орындарда, іс-қағаздарда, сот істерінде, қате жазылған жарнамалық жұмыстарда талап етушілердің саны күннен күнге өсіп келе жатқанын әлем.желіден байқауға болады. Өзге тілде сайрайтындар қазақша сөйлей алмаса, оларды мойындамаушылық үрдісі қалыптасты. Мәселен, елдің алдына шығып, алда-жалда өзге тілде сөйлей қалсаң, қоғамдық талқының астында қаласың. Тіпті депутаттар ант бергенде де тілі күрмеліп сөйлегендерді БАҚ жаппай жазып, әлеуметтік желі пайдаланушылары мазаққа айналдырды. Баяғыдай ауруханадағы дәрігер, автобустағы кондуктор, дүкендегі сатушыға қазақша сөйлеп тұрсаң, сөйлеу білмесе де түсіне қояды. Жауап бере алмаса, өзге қызметкерді шақырып келеді. Ақырындап мемлекеттік тілді мойындамаушыларды керек қылмау саясаты еніп келеді. Әрине, аз-аздан. Әлі де үлкен күрестер керек. Қазақ та баяғыдай қойдан жуас емес. Өзге тілде сөйлегендерге «тәйт» деуге шамамыз жетіп қалды, оған да шүкір! Енді билік басындағыларға, саясатта тізгін ұстағандарға мемлекеттік тілдің мықтылығын сезіндірсек, сайрап кетейін деп тұр.

Бірақ, мүкістік, сақаулық мәселесі бар. Бұл – үлкен дерт. Мақтап-мақтап төбеден суық су құйғандай әсер қалдырдым-ау деймін... «Өзіміздікі, өндірісдікі» дегендей мүкістік те тілдің өлуіне әкеліп соқтырады. Әйтеуір қазақ тілінде сөйлеуге тырысамыз-ау. Бірақ орыс тілін араластырып, әдеби көркем тілді мүлдем ұмытуға айналдық. Ата-бабамыз құлақ құрышын қандырып, тіліп түсер наркескен тілімен ұлы дауларды шешкен жоқ па? Біз түп негізімізге қайта оралуымыз керек.

Онымен күресу үшін әдеби сөздер мен мемлекеттік тілдегі грамматикалық кітапшаларды ХҚКО-да, әкімдіктер мен министрліктер үйінде, басқармаларда, ауруханалар мен білім беру ұйымдарында, дүкендерде тегін тарату керек. Кітапшаға сөздік қорымыздағы небір нәрлі, сазды, құнды сөз тіркестер енеді. 10-15 беттік кітапша тиын-тебенді ғана құрайтыны белгілі. Сондықтан бұл нәтижелі әрі қаражатты аз-кем талап ететін жұмыс болғандықтан неге істеп көрмеске?

Сонымен қатар, Мемлекеттік сатып алу бойынша қазақ тілін дамытуға арналған конкурстарға қатты тексерістер жүргізу керек. Мемлекеттік сатып алу тіл мәселесіне келгенде жатып алғандарды кешірмеу керек. Әлеуметтік желіде конкурс аясында ұйымдастырылған іс-шараларға баға беру үрдісін қалыптастырған жөн. Мәселен, бір қоғамдық қор «мемлекеттік тілдің тұғырын кеңейту» деген сипаттағы конкурстан жеңімпаз атанып, іс-шаралар ұйымдастырғанда біз болып, сіз болып, бару керекпіз. Бармасақ, талқыға салу керекпіз. Кем-кетігін маржандай тізбектеп, істеу керек болған соң ғана істемей, жаны ашығаннан, жүрегі қалағаннан әрекет етуге итермелейтін қоғам қалыптастыру қажет. Нәтиже сонда болмаса, маған келіңіз!

Соңғы ұсыныс, мектептер мен колледж, ЖОО-да «ұлттық идеология Алаштың ізімен»  пәнін енгізу. Бұл пәнде қазақтың тілінен бастап, ділі, мәдениеті, саяси жүйесі, діні, тарихы төңірегінде сабақтар өткізілсе, жастардың ұлтқа деген жанашырлығы артуы бек мүмкін.

Мемлекеттік тіл мүддесін жаңа арнаға салатын заң қабылдауға әлі-әзір мүмкіндік тумайтыны белгілі. Ең бастысы бағзы бабаларымыздан бері тәуелсіздікке өлмей жеткен тілімізді «ақырзаманның ұрпағы» өлтірмесе игі еді. Олардың жүрегінің пошымына қарасаң қазақтікіндей, ал дүрсілі... айтуға ауыз бармайды. Қалай тартсақ та, қазақ тілі Жаңа Қазақстанда бекзаттықтың, зиялылықтың, кемеңгерліктің символындай шарықтап, құлашын кеңге жаюы керек.

 

Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ, журналист

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер