Алматы шырғалаңы. Қоғамдық көлікпен жүру ақысы қымбаттайтын болды

1620
Adyrna.kz Telegram

Алматыда қоғамдық көлікпен қатынау бағасы қымбаттады. Ендігіде алып шаһардағы жолақы құны 20 теңгеге өседі. Мұндай жаңалықты мәслихат сессиясында қала әкімінің орынбасары Асқар Әмрин мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Қала әкімінің орынбасары бұған қатысты бір жайтты айтты. Оның сөзінде, тасымалдаушылардың шығыны артқанына қарамастан, Алматыда жол жүру құны 11 жылдан астам уақыт бойы еш өзгермеген.

«Ағымдағы тариф тасымалдаушылардың шығынын өтемейді. Себебі, жол жүрудің нақты құны бекітілгеннен 3 есе қымбат. Осыған байланысты әкімдік ай сайын тасымалдаушылардың шығыстарын субсидия түрінде жауып келеді. 2020-2022 жылдары төленген субсидиялар сомасы 115,8 млрд теңгені құрады. Инфляцияның, жанар-жағар май бағасының өсуі мен қосалқы бөлшектердің шығынын ескере отырып, төленетін субсидиялар сомасы жыл сайын 10-нан 30% дейін ұлғаяды», - деді Асқар Әмрин.

Мұнымен қоса, қала әкімінің орынбасары жолаушылар үшін қоғамдық көлікте жол жүру құны 20 теңгеге артатынын мәлім етті.

«Қолма-қол ақшасыз төлеммен – 100 теңге, қолма-қол төлеммен 200 теңге мөлшерінде жаңа тарифтерді қолдану – биылғы жылы субсидиялар сомасын шамамен 10 млрд теңгеге төмендетуге мүмкіндік береді. Оларды басқа да әлеуметтік маңызы бар жобаларға қайта бөлуге болады», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин.

«Алматы көлік холдингі» ЖШС дерегіне сүйенсек, жолаушылардың шамамен 97% жол жүру ақысын «Оңай» картасымен, оның ішінде «Оңай» қосымшасында QR-код немесе SMS-хабарлама арқылы төлейді.

Алматыда қоғамдық көлікті күніне 1,4 миллионға дейін адам пайдаланады.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер