«Туған жер» ме, «туылған жер» ме?

1596
Adyrna.kz Telegram

Осы сұрақ талқыланып жатқанын көрдім. Бірақ, пікірталасқа қосылғым келмеп еді. Ерсерік(Серік Ерғали) сұрақты өзіме тура қойған соң, жауап бермесіме болмады.

Бұл жерде бір түйткіл арқылы, қазақ тілі проблематикасындағы, бұған дейін қолға алынбаған, тұтас бір бағыт көтеріліп отыр. Оның аты – ТІЛ СТАНДАРТЫ. Бұл бұқараның талқылауымен шешілетін мәселе емес.

Тіл стандарты талаптары бойынша тілдік бірліктер екі аспектіде қарастырылады. Біріншісі – тұлғалық, екіншісі – мағыналық. Мысалы, қазақ тілінде «адым», «қадым», «қадам» деген сөздер бар. Бұл стандартталмаған тілдегі тұлғалық көптүрліліктің мысалы. Әдеби нормаға түсірілгенде бұл формалардың біреуі іріктелініп алып, бекітілуі керек. Тіл субъектілерінен сол таңдалып алынған форманы ғана қолдану талап етілуі керек. Мысалы, орыс тілінде «шаг» деген сөз бар. Оны ешкім «шак» немесе «чаг» деп қолданбайды. Егер біреу олай қолданатын болса, оны бірінші оқыған адам түзетеді немесе оның мәтінін қабылдамайды.

Мағыналық орнықтылыққа мысал ретінде «ұлықтау» деген сөзді алайық. Бұл сөз ресми айналысқа «инаугурацияның» эквиваленті сапасында еніп отыр. Енді біреулердің аузынан біз «достығымызды ұлықтап жүрміз» («инаугурация дружбы») дегенді естиміз.

Қазақ тілінде тұлғалық және мағыналық ауытқуларға ұшырап жүрген ондаған мың сөз бар, кімның аузына қалай түссе, ол солай қолдана салады. Тілбұзарлықтың көкесін, қарапайым адамдар ғана емес, журналистер, филологиядан дардай атағы мен дәрежесі барлардың өздері көрсетіп жүр. Мен бірде профессордың үш беттік ғылыми сараптамасында 48 қате жібергенін көрсетіп берген едім. Мүмкін, біреулердің есінде болар. Түпкілікті себеп: қазақтілді филологияның тілдік бірліктерді стандарттау арқылы, әдеби нормаға түсіріп, эквивалентін тағайындап, кодификациялап, стилін ажыратып бермегенінде.

Дамыған лингвистикаларда әр сөздің тұлғасы және мағыналық жүктемесі денотаттық-сигнификативтік келіспен ретке келтіріледі.

Күні жеткенде ананың дүниеге ұрпақ әкелуі – денотат. Оның сөзбен өрнектелуі – «туды» (орысша «родила») – сигнификат.

Ананың құрсағынан шығып, шақалақтың жарық дүниеге келуі – денотат. Оның сөзбен өрнектелуі – орысша «родился» – сигнификат. Даудың басы орыс тілінен калькамен аударылған екінші сигнификаттың – «туылдының» қазақтардың құлағына түрпідей тиюінен өрбіп отыр.

Қазақ филологиясында тілді стандарттау, эквивалентсіз қуысты толытру жұмыстарының жүргізілмегендігінен, әркім өзінше бытпыратып сөйлеп жүр. Әрине, әркімнің ұсыныс айтуға құқығы бар. Кез келген ұсыныстың өмір сүруге құқығы бар. Тек, ешкімнің осы жерде екінші сигнификатты қабылдаттыру құқығы жоқ. Бұл көптің қаулысымен шешілетін мәселе емес.

Осы сияқты түйткілдерді реттеу мәселесін біздің лингвистер қолға алған жоқ, ол туралы түсініктері жоқ. Қазіргі қазақ филологтарының арасында осы мәтінде қолданылған лингвистикалық терминдерді атауға тілі келетін адам жоқ. Мұны қазақ тілінің проблематикасындағы 100 мәселе туралы, 100 филологпен пікір алысқаннан кейін жасалған қорытынды деп түсініңіз.

Енді НЕ ІСТЕУ КЕРЕК дейсіз ғой. Ол туралы дайындықтағы «Тұжырымдама жобасында»жазылған.

ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ СӨЗДІК ҚОРЫНЕСЕПКЕ АЛУ, ЭКВИВАЛЕНТСІЗ ЛЕКСИКАНЫҢ ОРНЫН ТОЛТЫРУ, ӨҢДЕУ, СТАНДАРТТАН ӨТКІЗІП, ӘДЕБИ НОРМАҒА ТҮСІРУ КЕРЕКБұл трендті жүзеге асыру республикалық деңгейдегі лауазымдарда отырған, тілге қатысы бар шенеуніктер оның қажеттігін түсінгеннен кейінбасталады. Алдымен бір ғылыми мекеме таңдалынып алынып, оған мемлекеттік тапсырыссапасында, осы іс жүктелуі керек. Ары қарай, оның қашан, қалай орындалатынын өздеріңіз шамалапбіле беріңіздер.

Қанағат Жүкешев

Пікірлер