Солтүстік Қазақстан облысы Президент шыршасына сыйлық алуды бастады

4742
Adyrna.kz Telegram

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Білім басқармасы Қазақстан Республикасы Президентінің атынан 2024 жылғы шыршаға арналған жаңа жылдық сыйлықтарды (планшеттер) сатып алуды бастады, - деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы goszakup.gov.kz сайтына сілтеме жасап.

Солтүстік Қазақстан облысының Білім басқармасы Президенттің атынан жаңа жылдық сыйлықтарды сатып алуды алты ай бұрын, маусым айында бастаған.

Облыстық Білім басқармасы маусым айының 30-ы күні 2024 жылы шыршаға арналған Президенттің жаңа жылдық сыйлықтарын (планшеттер) сатып алуға 14 285 714 теңге бөліп, тендер жариялаған. Баға ұсыну тәртібімен өткен тендердің қорытындысы 10 шілде күні шығып, жеңімпаз анықталмаған. Артынша, 15 шілде күні аталған лотты бір көзден «АрАй1216» компаниясы ұтып алған.

Тендердің техникалық сипаттамасында сыйлықтар шартқа қол қойылған күннен бастап 15 күнтізбелік күн ішінде Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласы, Қазақстан Конституция көшесі 60 үйге жеткізілуі керектігі көрсетілген. Сондай-ақ, білім басқармасы бөлген 14 285 714 теңге қаржыға 200 дана планшет сатып алынған. Әр планшеттің құны – 71 428 теңге, 57 тиынды құрайды.

Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдары Тәуелсіздік күні Жаңа жыл мерекесінің көлеңкесінде қалып қоятынын жылда сынайды. Сол сындарға байланысты мемлекеттік мекемелер Жаңа жылдық шыршаны тәуелсіздік мерекесінен кейін орнатуды қолға алды. Солтүстік Қазақстанның Білім басқармасы соның бірін де елемей, жаңа жылға Президенттің атынан сыйлықтар алуды 5-6 ай бұрын бастап кетуінің астарында не жатыр?

Сіз не дейсіз?

Қанат Бірлікұлы

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер