Қазақы әңгіме. Депутат Әлтаев Қырғызстан президенті ат мінгізген қазақ ақынына шүйлікті

2039
Adyrna.kz Telegram

Белгілі айтыскер ақын, ҚР Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев жуырда Қырғызстан президенті ат мінгізген қазақ ақыны Біржан Қалдыбаевқа шүйлікті. Ол Қырғыз президентінен сыйлық алған қазақ ақынынан барша айтыс ақындарынан кешірім сұрауды талап етті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

- Мынау Біржан деген ұяты жоқ, беті қалың жігіт екен. Оның мұқым қазақ елінің атынан домбыра ұстап сөйлейтіндей жөні жоқ еді. Себебі қазақ айтыс өнерінде мұндай ақын жоқ, - деп жазды Аманжол Әлтаев.

Cонымен қатар, Аманжол Әлтаев қырғыз тарапын да түйреп өтті.  Айыр қалпақты ағайынды екі елдің айтыс ақындары одағының арасындағы қол қойылған меморандум ережесін сақтауға шақырды.

«Қырғыз бауырлардың ыстық пейіліне рақмет! Бірақ, кім көрінгенді көшеден тауып алып, қазақ елінің ақыны деп ел алдына шығармауын сұраймыз. Қазақ елінің айтыс ақындары мен жыршы - термешілер одағының төрағасының бірінші орынбасары ретінде мәлімдеймін. Қазақ халқының бекзат өнерінің құнын олай түсірмеулерін талап етемін. Ақындық таланты жоқ мұндай пысықайлар ешкімге де опа әпермейді. Ендігі жерде ҚЫРҒЫЗ БАУЫРЛАР екі елдің айтыс ақындары одағының арасындағы қол қойылған меморандумдағы ережені сақтауды, біздер ұсынған ақынды ғана халық алдына шығаруларын сұраймыз.

Құстың қос қанатындай бауырлас едің достығын жалған өлеңшілер емес, нағыз құрметке лайық дарынды ақындар жырласын. Біржан бауырымыз елге жеткенсін халықтан, барша айтыс ақындарынан кешірім сұрауды ұмытпасын», - деп жазды ол.

Кейіннен өзінің не себепті айтыскерді сынға алғанын "Халық үні" порталына айтып, көпшілік алдында ашық көзқарасын танытты.

- Пост жазуыма себеп болған нәрсе, мен Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасарымын. Айтыс өнерінің бағыт-бағдарының дұрыс жүруіне сол басқарманың басшыларының бірі ретінде жауаптымын деп ойлаймын. Сондықтан қандай да бір түсініспестік тумауы керек. Біржан деген жас жігіттің өнеріне, алдына кесе көлденең тұрғым келіп тұрған жоқ. Мәселе, жер бетіндегі халықтардың ішінде қазақ деген ұлтты даралайтын, біздің саф өнеріміз, бекзат өнеріміз, атамұра өнеріміз – айтыс. Сондықтан айтыстың бекзат болмысына қылау түсірмеуге бүкіл ақындар жауапты деп ойлаймын. Ашып айтуымыз керек, Біржан деген баланың қырғыз халқының алдында, президентінің алдында арнау айтқанына қарсы емеспін. Оның сол арнауды қалай айтқанында. Біріншіден, мен ол баланың бойынан ешқандай ақындық өнерді байқап тұрған жоқпын. Шатпақ өлең, не ұйқасында, не ойында жүйе жоқ. Арнаудың негізгі мақсаты – қырғыздың президентінен ат сұрау үшін барған секілді көрінді. Сондықтан ол жігіт арқылы қазақ айтысы туралы бауырлас қырғыз халқының пікірі қалыптасады. Осы жағын ойлау керек еді, әрине, өлеңі келісті болса, екі елдің достығын тамылжытып тұрып, қазақтың ата дәстүрімен жырлап жатса, оған бәріміз қуанатын едік. Талантсыз адамның қолына домбыра алып, келелі жиындарда сөйлеуі дұрыс емес деп есептеймін. Айтыстың абыройын қорғау үшін айтыс ақындары атынан пікірімді білдіруді жөн деп таптым, - деп түсіндірді Аманжол Әлтаев.

Орайы келгенде айта кетейік, 13 тамызда қазақ ақыны Біржан Қалдыбаев Чолпон-Атада өткен көкпардан әлем чемпионатының ашылу салтанатында өнер көрсетіп, Садыр Жапаровқа арнап сөз сөйлеп, екі халықтың достығын жырлаған болатын.

Қырғыз президенті Садыр Жапаров сол жиында қазақ ақынына құрметі ретінде сыйлық табыстайтынын айтып, 20 тамызда Қырғызстан президентінің көмекшісі Қаныбек Түмонбаев Садыр Жапаровтың сыйлаған cәйгүлігін Біржан Қалдыбаевқа тарту етті.

''Адырна" ұлттық порталы  

Пікірлер