«Хиджаб» киген кейбір отандық жұлдыздар дін мен дәстүр байланысын қате түсініп жүрген жоқ па?

9458
Adyrna.kz Telegram
Muslim woman in black dress against dark background
Muslim woman in black dress against dark background

           Кейінгі кездері елдің алдында жүрген отандық жұлдыздар мен блогерлердің кейбірі «хиджаб» киюді үрдіске айналдырды. «Сонда олар кімді еліктеткісі келіп жүр?», - деген сұрақтар да қоғамда көп талқыланып жүр.

Кейбір азаматтар хиджабтың қазақ халқына қатысы жоқ екенін айтып, оранғандардың көпшілігін өзге дінге кіріп кеткендер деп сынға алуда. Сол сынға ұшырағандардың қатарында халық арасында танымал өнер жұлдыздары бар.

Солардың бірі танымал әнші Айдана Меденова жақында орамал тағып,
4 жылдан бері намаз оқитынын жариялады. «Иә, мен басыма орамал тақтым. Бұл шешімімді түсінбей жатқандар да бар. Әрине бұл да қалыпты нәрсе. Мүмкін кейбір адамдар «Айдана бір күнде оранып шыға келді, асығыс шешім жасады» дейтін шығар. Бірақ бұл аяқ астынан жасалған шешім емес»,— деп жазды әнші.

Ал әнші Алтынай Жолдыбаева да соңғы уақытта дінге толықтай келгісі келетіндігін жеткізді.

Белгілі актриса Жанель Мақажанның да хиджаб кигенін әлеуметтік желі оқырмандары байқаған. Ол бұл қадамға күйеуінің қалауымен келгенін айтқан. Актриса мұндай шешім  қабылдағаннан кейін парақшадағы ескі суреттерін өшірген.

Орамалға келгендерді қолдаушылар қанша болса, сынаушылар соншалықты көп. Солардың қатарындағы Ерке Есмаханның пікірінше, жұлдыздардың көбі орамалды «хайп үшін тағады» екен. Оны әнші көріп те, біліп те жүрген көрінеді. Өнер иесі өз ойын Instagram парақшасындағы оқырмандарының бірі оған сұрақ-жауап бөлімінде «сіз де болашақта өзге жұлдыздар сияқты орамал тағатын шығарсыз?» - деп сұрағанда жауап берді. Ол сұраққа әнші әзірге дайын емеспін дегендей жауап берді. «Орамалға келген әр пенденің ниетін білуші әрине, бір Алла. Бірақ, көп әншілер орамалға сәйкес емес іс-қимыл мен хайп, контент үшін жасалып жатқан дүниелерді көргенде жаным ашиды», — дейді Ерке Есмахан.

Одан өзге танымал қазақстандық  журналист әрі тележүргізуші Динара Сәтжан жаппай орамалға оранған блогерлерді сынап пост жазды. Ол орамалға келген блогерлердің әрекетіне таңқалып, тіпті олардың кейбірі бұл үшін ақша алатынын жария етті. Журналист бұрын әлеуметтік желіде жеке өмірін,
сондай-ақ дене бітімдерін мақтанышпен насихаттайтын блогердердің жаппай хиджаб киіп кеткеніне таңданады. «Мен өз басым дәстүрлі қазақи исламды ұстанамын. Біздің өз мәдениетіміз бен дәстүріміз бар. Келесі ұрпаққа жеткізуіміз тиіс тарихымыз бар. Ал, бірнеше он жылдықтан кейін, тіпті жылдардан кейін біздің қазақ әйелдері қара хиджаб киіп жүрсе ше?! Біз осыны қалаймыз ба?», – дейді Дианара Сәтжан желідегі парақшасында.

Бұл ретте арабтың емес қазақтың ұлттық киімдерін киюді насихаттайтын қоғам өкілдері де жетерлік. Солардың бірегейі ұлттық киімді зерттеумен айналысып жүрген этнограф Халиолла Ахметжан қазақ – өзінің ұлттық киімдерін кию дәстүрін жоғалтқан халықтың бірі дейді. Ол ұлттық киімдердің дер кезінде зерттеліп, замануи үлгіде халыққа ұсынылмағандығының кесірінен дін жолына түскен қыздарымыз арабтың киімін киюге мәжбүр болып жүр деген пікірде. «Қазақ – мұсылман халықтардың бірі болғандықтан, ежелден әйел заты етек жеңін жинап, жауып жүрген. Дәл бүгінгідей ашық-шашық киім киген емес. Алайда дәл қазақ халқы секілді ұлттық мәдениетін жоғалтқан халық жоқ. Қазақтың бойына біткен еліктегіш қасиет ұлттық құндылықтарға, ұлттық киімге деген қызығушылықты жойып жіберді десе болады. Мысалы, өзбек, түрікмен ағайындарды алсақ, ұлттық киімге деген құрметтерін жоғары сақтаған. Ал қазақтың өзінің ұлттық киімі қолға алынбай, ұмыт қалғандығынан діндар отбасындағы қыз-келіншектер етек-жеңін жабу үшін арабтың киіміне қол созды. Оның нәтижесі бүгінгі шиеленіске әкеп соқты», – дейді Халиолла Ахметжан. Сонымен қатар Халиолла Ахметжан қазір Еуропа мәдениетіне бой алдырған жастардың санасына ұлттық киім туралы түсінікті, құрметті, мақтанышты сіңіру үшін көп жыл керек дейді.

«Жалпы хиджаб пен қазақтың ұлттық киімінің атқаратын қызметі бір. Бірақ хиджаб – арабтың киімі. Ал қазақтың өзіне жарасымды киімдері жеткілікті. Тек оны дұрыс қолдана білу керек. Ал қыз-келіншектеріміз арабтың киімін киіп, адаспаулары үшін, өзіміздің ұлттық кимідерді ұсынуымыз қажет. Олардың әуретті жерін жауып жүргендері дұрыс. Шынымды айтсам, көшеде ашық-шашық жүрген қыздардан өзім ұяламын», - дейді.

Бұл тұрғыда имамдар да ой қозғауда. Әлеуметтік желідегі танымал теолог Нұрлан Асанов бұрынғы кезде хиджаб деген сөз болмағанын атап өтті. «Сол уақыттарда орамал, кимешек болды. Ақ жаулықты әже-аналарымыз кимешек киді. Сол себепті баста орамал болғаны дұрыс. Бірақ көзді тұмшалап, қап-қара қылып «никаб» кию бұл салт-дәстүрімізге сай келмейді. Оны ашық айтып та жүрмін. Ұнамайтындарға айтқан сөзіміздің де өтпейтінін білеміз. Қазақ дәстүрінде бетті тұмшалау болмаған. Аналарымыз ұзын етек көйлек киіп, басына орамал тағып, ұлттық нақышпен жүрді. Бұл біздің жолымыз. Ал қолына қара қолғап киіп, бетін жауып жүретіндерді еліктейтіндер деп есептеймін. Осыған бір тосқауыл қою керек. Қазақта «адасқанның айыбы жоқ, қайтып елін тапса» деген жақсы сөз бар. Бұған да біртіндеп келе жатырмыз. Бізде зиялы қауым, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар бар. Олар да ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айтып жүр», – дейді Нұрлан Асанов.

Шоу бизнесте жүрген танымал әншілер мен блогерлердің хиджаб киюі көбейгенін жоғарыда айттық. Дегенмен, хиджабын көп ұзамай әр түрлі себеппен шешіп жататындар көп. Сарапшылар хиджабтың саяси мәселенің біріне айналып кеткенін айтады. Оны шешудің жолы – ұлттық киімді қайта қалпына келтіру дейді.  Бірақ қанша жерден дінге бет бұрып кетсе де, өзінің тарихы мен болмысы, ата тегі әуретін жасырған текті халықтың ұрпағы екенін қара көз қыздарымыз ұмытпаса екен дейміз.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер