Көкшетауда 44 сарбаздың ауруханаға жедел жеткізіліп, бесеуінен менингококк анықталғаны айтылды

1205
Adyrna.kz Telegram
Көкшетаудағы қызуы көтеріліп, басы ауырған №5510 әскери бөлімшесінің сарбаздары жаппай ауруханаға түсіп жатыр. Олардың дені инфекциялық ауруханаға жатқызылып, бесеуінен менингококк белгілері анықталғаны айтылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 
Науқастанған сарбаздар саны 44-ке жеткен. Дәрігерлер ішіндегі бір сарбаздың жағдайы ауыр екендігін айтты. Қазір бөлімшедегі барлық жауынгерлер медициналық тексеруден өтіп жатыр.
КТК телеарнасының хабарлауынша, жауынгерлер ауыр жағдайда емханаға жеткізілген:
"Бізге ауруханаға әкелгенде 40 градус температура, безгегі ұстап, қалтырап тұрды. Алты адам бірақ түсті, одан соң тағы бірнешеуі. Бір сарбаздың жағдайы мүлдем мүшкіл болды. Денесі құрысып, тартылып, тіпті жүрегі тоқтап барып, әйтеуір дәрігерлер жанын сақтап қалды. Әлі де жансақтау бөлімшесінде жатыр. Нақты толық есін жиды деп айта алмаймын", - деді Көкшетау көпсалалы аурухананың директоры Сәкен Қалымжанов.
ҚР Ұлттық Ұлан "Орталық" өңірлік қолбасшылығы медицина басқармасының бастығы Рашид Әбілмәжінов жұқпалы аурудың қалай тарап, қайдан келгені анықталып жатқанын жеткізді:
"Қазір жұқпалы ауруларға қарсы шаралар жүргізіп жатыр. Әскери бөлімшеде сарбаздарды жан-жақты тексеретін мүмкіндік жоқ. Бір дәрігер ғана бар. Олардың барлығы бірдей медицина бекетінде емделе алмайды. Ал түрлі сараптама қорытындысы дайын болғаннан кейін қызметтік тексеріс жүргізіледі. Жаппай ауру себебі анықталған соң кінәлі әскерилерді анықтаймыз".
Қазіргі уақытта әскери бөлімшеде шектеулер енгізіліп, науқастармен байланыста болған 278 сарбаздың тексерістен өткені хабарланды.
"Адырна" ұлттық порталы 
Пікірлер