Бүгін - ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні

2342
Adyrna.kz Telegram

Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйектe қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Сарытүбек ауылында дәулетті отбасында дүниеге келген.

Ахмет Байтұрсынұлының туған мерзіміне қатысты пікірталастар өте көп. Дегенмен «5 қыркүйек 1872, мешін жылы» деп, нақты айтуымызға негіз болып отырған, ғұламаның 1929 жылы өз қолымен орыс тілінде жазған «Өмірдерегі» (Жизнеописание) және әр жылдары мемлекеттік мекемелердегі ресми сауалнамаларға берген нақты жауаптары. Атап айтсақ, Орынбор Мұғалімдер мектебін бітіргені туралы куәлікте, оның туған мерзімі «5 қыркүйек 1872» деп көрсетілген.

Ахмет Байтұрсынұлы тар заманда ғұмыр кешіп, тағдыр желінің өтінде өз күрескерлігін жүзеге асырды. Ол ұлтты сүю ұлағатын өскен өңір, туған ортасынан көріп, біліп, танып өсті. Ұлт ұстазы 13 жасында болған кезде, оның ауылына полковник Яковлевтің басшылығымен полиция қызметкерлері келіп, ауылдың тас-талқанын шығарған. Ахметтің әкесі – Шошақұлы Байтұрсын мен Ахметтің үш ағасы полковниктің мұндай озбырлығына шыдамай, оны соққыға жыққан. Осы әрекеттері үшін олар Сібірге 15 жылға жер аударылған.

Қазақ даласының төл иесі қазақ екендігін айғақтап, ел мен жердің қауіпсіздігіне өзінің ақыл-ой, даналық парасатымен кепіл болды. Нақтырақ айтсақ, көсемсөз шебері 1905 жылғы "Қарқаралы петициясының" авторларының бірі. Петиция авторлары қазақ жерін экспроприациялауды тоқтатуды, қоныс аударушылар легін азайтуды және земствоны қалыптастыруды талап еткен.

1912 жылы Ахмет Байтұрсынұлы қазақ жазба ғылымын реформалады. Ол қазақ тілінде қолданылмайтын араб әріптерін алфавиттен алып тастап, қазақ тілінде бар, жаңа, айрықша әріптерін енгізді. "Жаңа емле-төте жазу" әліпбиін бүгінде Қытай, Ауғанстан, Ресей, Иран қазақтары қолданады. Ахмет бабамыздың дайындаған жазу үлгісінде ұйғыр, қырғыз сынды бауырлас халықтар өзінің төл жазуын қалыптастырды.

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ халқының интеллектуал ұлт болуына, санасы азат, ойы ашық атануына ықпал еткен тұлғалардың бірі. Ол "Қазақ" газетінің алғашқы редакторы болған. Басылымның үш мыңнан астам оқырманы болды және оны қазақ даласында, Қытай мен Ресейде оқыды. Газет беттерінде Ахмет Байтұрсынұлы өзінің пікірлестерімен бірге қазақ тілінің даму мәселесін көтеріп, халықты бірлікке және саяси күреске шақырған.

1917 жылғы революция кезінде Ахмет Байтұрсынұлы қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғаған Алаш қайраткерлерінің тобын басқарып, ұлт интеллигенциясының рухани көшбасшысы атанған. Ол өзінің жақтастары Әлихан Бөкейханұлы және Міржақып Дулатұлымен бірге қазақ халқының бостандығы үшін күрескен.

Ахмет Байтұрсынұлының тек асырап алған балалары ғана болған. Ресми дереккөздерде оның балаларының тек үш есімі ғана сақталған – Аумат, Қазихан және Шолпан. Үшеуі де ағартушының жиендері және соның үйінде тәрбиеленген. Алайда ұлт ұстазының тағы бір асырап алынған ұлы болды деседі, оның есімі ұзақ жылдар бойы құпия сақталған – Самырат Кәкішев. Ол туралы ешкімге айтпай, жасырып ұстаудың негізгі себебі - Самырат Байтұрсын әулеті шаңырағының иесі болған және ғалым оның өмірін сақтап қалуға тырысқан. Ахмет Байтұрсынұлы тұтқындалғаннан кейін оның ауылына солдаттар келіп, ұрпақ жалғастыратын ұл балаларды іздеген. Содан ауылдағы әйелдердің бірі Самыратты қазан астына жасырып, өмірін сақтап қалған деседі.

Ұлт ұстазының атақ-абыройы асқақтай берсін!

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер