Ақаңның «Өз ауылымның иттері үріп қапқаны» деп ишаралап отырғаны кімдер? - Ықылас Ожайұлы

1831
Adyrna.kz Telegram
...Көң тасыған көк есектер, бәріңе,
Қалдырмастан жағалай жас-кәріңе,
Үрім-бұтақ нәсіліңе қалғандай
Нық басылар кетпейтін мөр тәніңе...
Асықпаңдар!
Артымызда қазы бар,
Тергеп талай, сүйектерің қазылар.
Пайғамбарды сатып отыр тілла алған,
Яһудамен бірге аттарың жазылар.
Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес дарға асқаны, атқаны.
Маған ауыр осылардың бәрінен
Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны...
Бұл – Байтұрсынұлының «Көк есектерге» деген айтулы өлеңінің қысқартылып алынған үш шумағы ғана. Мұны не үшін тілімізге тиек етіп отырмыз. Негізінде, тарих дұрыс болмайынша, таным дұрыс болмайды емес пе?
Тарих тек дәлдік пен әділдікті ғана талап етеді десек, оны саяси құралға айналдыруға я бұрмалауға әсте болмайды ғой. Өкінішке қарай, біз бұл үддеден мүлде шыға алмай отырмыз. Тарих тек өлілерге ғана мадақ айтып, өткен шаққа салауат айтудың құралына емес, ең бастысы, ол тірілердің тәжірибе таразысына айналуға тиіс.
Біздің тарих тәжірибе таразысына айналуы керек деп отырғанымыз, кез келген тарихи оқиғаға ғылыми сараптама беріп, оның шынайы бет пердесін толыққанды ашып көрсетпейінше, ештеңенің де байыбына жету қиын. Неге дейсіз ғой? Себебі тарихтың қайырылып соқпай, қайталанбай қоймайтын тағы бір әдеті бар.
Міне, тарихи тәжірибе сонда ғана сіз бен бізге зерделі таңдау, дұрыс пайым жасатады. Әгәрәки, бұлай болмаған жағдайда тарих сценарийі еш өзгермеген, тек кейіпкерлері ғана ауысып ойнай беретін көп сериялы фильмге ұласып кете береді.
Осы жерде сценарий дегеннен шығады ғой, сөз жоқ, кешегі қазақ халқын қанкөбік еткен қос сериялы «1932» және «1938» атты трагедиялық фильмнің сценарийін Ленин жазды. Режиссері Сталин болса, көркемдік жетекшісі Голощекин, ал әртістері большевиктер (жасырып неме керек, басым бөлігі өзіміздің қазақтар) болды. Ахаңың (Ахмет Байтұрсынұлының) ашынып айтатын «Қинамайды абақтыға жапқаны, Қиын емес, дарға асқаны, атқаны, Маған ауыр осылардың бәрінен, Өз ауылымның иттері үріп қапқаны» дейтін қамырық халі осыны аңдатады. Режиссерден гөрі әртістердің майдан сахнасындағы әсіре әпербақандығы көбіне шешуші рөл атқарататыны анық.
Бүгінде Ақаңның жоғарыдағы үш шумақ өлеңі толыққанды талданып, ондағы кейіпкерлер есімі түгелдей дерлік ар-ұждан сотына тартылды ма?
Мінекей, мәселе сонда.
«...Көң тасыған көк есектер, бәріңе...», «...Үрім - бұтақ нәсіліңе қалғандай, Нық басылар кетпейтін мөр тәніңе...», «...Асықпаңдар, артымызда қазы бар, Тергеп талай, сүйектерің қазылар...» деген өлең жолдарындағы үміті мен тілегін артында қалған біздер, аманаты ретінде орындай алдық па?
Ақаңның «Көк есектерге» деп тақырып қойып, «Өз ауылымның иттері үріп қапқаны» деп ишаралап отырғаны сонымен кімдер болды?
Олардың есім-сойлары сондай-ақ кіндігінен тараған бүгінгі ұрпақ, зәузаттары бар ма?
Әрине, «Жазалының отына жазықсыз күйеді» қағидасымен қарасақ, олардың өз ата-бабасының осы бір қанқұйлы әрекеттері үшін қазіргі ұрпағының еш жазығы жоқ қой.
Десек те, ата-бабасының осы бір аяр әрекеттері үшін ар-ұят алдында тәубаға келіп, баба қателігінен басты сабақ алуы керек қой енді.
Бұл неге десеңіз, ертең біз де ата-бабаға айналғанда өз ұрпағымыздың алдында жүзіміздің жарқын, арымыздың аппақ, ең бастысы, ұрпақ алдындағы шын жауапкершілікті сезінуіміз үшін ғана қажет.
Мінекей, жоғарыдағы Ахаңның назы мен тілегіндей болған осы бір үш шумақ өлеңдегі соядай сауалдарға нақтылай жауап берілген күні ғана Байтұрсынов секілді боздақтардың аруағы мәңгілік барақат таппақ.
Біз аталған сауалға қатысты адамдар есімін «ахметтанушылардан» асыға күтетінімізді де еш жасырғымыз келмейді.
«Қазақтың өлі разы болмай тірі байымайды» деген танымы да осы жерден келіп шығады емес пе?
Ықылас Ожайұлы 
 
Пікірлер