Жаңа әкім Кеген ауданын жаңарта ала ма?

1974
Adyrna.kz Telegram

29 қыркүйек күні  Алматы облысы Кеген ауданында өңір туризмін дамыту бағытында ақпараттық пресс-тур ұйымдастырылды. Негізгі мақсат – аймақтың туризмдік әлеуетін арттыру, жаңа серпін беру. Бір топ БАҚ өкілдерін Кеген ауданының жаңа әкімі Нұрбақыт Теңізбаев пен әкімдік қызметкерлері қарсы алып, өңір тіршілігімен таныстырды. Бұл шараға «Адырна» тілшісі де қатысты.

Айта кетейік, Нұрбақыт Теңізбаев – грек-рим күресінің палуаны, жастар арасында әлем чемпионы. Кеген ауданының әкімі лауызымына биыл тамыз айында тағайындалған. Бұған дейін бұл қызметте Талғат Ескендірұлы отырды.

Табиғатымен талайларды тамсандырған Кеген ауданында шешілмеген мәселе жоқ емес. Сәйкесінше, елі үшін қызмет етем деген палуан-әкімнің жоспары көп. Бір топ БАҚ өкілдерін жинап, түйіткілді мәселелерінінің түйінімен біртіндеп бөлісті.  

ЖАУЫР БОЛҒАН ЖОЛ МӘСЕЛЕСІ ҚАШАН ШЕШІЛЕДІ?

Солардың алғашқысы – айта-айта жауыр болған жол мәселесі. Кегенде орналасқан Қайыңды мен Көлсай көлін көзбен көру үшін келетін туристердің саны жыл сайын артып келеді. Алайда, мұнда келушілер жетем дегенше, жанын шүберекке түйіп отыратындарын жасырмайды. Бұған дейін жол жөндеген мердігер компания жұмысын сапасыз орындап, бөлінген ақшаны алып, жоқ болған.

ҚазАвтоЖол мекемесі Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Жасұлан Келімбетұлының айтуынша, қазір жолда орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қысқа дейін бүлінген жолды жамап қоймақ. Ал келесі көктемнен бастап, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізеді.

«Жолдың барлығын жөндеу үшін белгілі бір уақыт керек. Жергілікті халықтан сұрайтыным – шыдам. Дегенмен, жұмыста барынша жеделдетудеміз», - деді Жасұлан Келімбетұлы.

Ал биыл бұл мәселені шешу үшін аудан әкімі қандай қадамдарға бармақ?

«Ауданымызда 775 шақырымдық жол бар. Ол республикалық және аудандық, облыстық болып бөлінеді.

Жол мәселесі көптен туындап келеді. Мұны мен жақсы білемін. Келгелі бері халықтың әр-бері қатынауы үшін, туризмді дамыту мақсатында осы жол мәселесін қолға алып жатырмыз. Қазір осы ҚазАвтоЖол мекеме басшыларымен келіссөздер жүргізіп, болашақта сапалы жол үшін әрекет етудеміз. Қазір ойылған, тесілген жолдарға жөндеу жұмыстарын жасап жатыр. Сонымен қатар, біз қазір қыстағы мерзімде жолды ашық ұстау үшін талапты күшейттіа. Мамандар келіп, өз жұмыстарын атқаруда», - деді аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев.

ЖҰМЫССЫЗДАРҒА ЖАҢА МҮМКІНДІК

Жол жөндеу жұмыстарымен таныс болғаннан кейін, БАҚ өкілдері Кеген ауданы Тасашы ауылында салынып жатқан “Кеген Мяспром” ЖШС - ет комбинатымен танысты. Комбинаттың құрылысы 2021 жылы басталған. Қазіргі таңда жұмыстың 85%-ы аяқталды. 2023 жылдың желтоқсан айында іске қосылмақ.

2,5 млн. теңгені құрайтын жоба аяқталуға таяп қалғанымен, комбинатқа қызметкерлер тапшы. Бұл туралы Базис компаниясының вице-президенті Тоқтар Баймолдаев айтып берді.

«Кеген мяспром» ЖШС-да тәулігіне 50 ірі қара, 150 ұсақ мал, 10 жылқы сойылады. Жылына 2500 тоннадан астам ет, 330 тоннадан астам шұжық, 70 тоннаға жуық консерві өндірілмек. Мұнда мал бордақылау, мал сойылатын алаңдар, кәріз-тазарту жүйесі, санитарлық аймақ болады. Зауыт биыл желтоқсанда қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр.

Жоба жүзеге асса, 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Бүгінгі күні технолог, медтехник, мал бордақылау маманы, аграном, осы ауыл шаруашылығына қажетті мамандар жоқ. Тіпті, комбинатқа директор қажет. Оларды арнайы оқытамыз деп ойлап отырмыз. Бұл мәселені жұмыспен қамту орталығы да қарауда. Жұмыс керек дегенге есігіміз ашық”, - деді Тоқтар Баймолдаев.

Жайылымдық жері мол бұл өңірде қорасы қойға, шарасы майға толы мал сойып, ет асумен айналысып жүрген шаруашылықтар көп. Ет комбинаты осындай өңірге жақын шаруашылықтардың ірілі -ұсақты малдарын алмақ. Дегенмен, тәулігіне 250-ге жуық мал союды жоспарлап отырған комбинатқа отар-отар қойын, табын-табын сиырын беретіндер күнде қайдан табылсын?! Қостанай мен Арқалықтағы қаңыраған ет комбинатының күйін кешпей ме?

Бұл жөнінде Тоқтар Баймолдаевтан сұрағанымызда, мұндай қауіптің бар екенін жасырмайды. Алайда, пайда үшін емес, халыққа көмек ретінде салынып жатқан жобаның берері мол болмақ дейді.

Кеген ауданындағы тағы бір өндіріс орны - 2017 жылы құрылған «Талас» өндірістік кооперативі. Мұнда күніне 1 тонна сүт өндіріледі. Компания өкілі Айбол Болатұлы өндірістің бас-аяғымен таныстырып өтті.

Бұл жерде 117 бас сиыр бар. 1 сиыр күніне 20 л сүт береді. Ал барлығы күніне 1 тонна сүт береді. 3 күнде молоковоз келіп, 3 тонна сүтті алып кетеді. Чехиядан асыл тұқымды «Сементал» сүтті сиырының 80 басын әкелдік. 2022 жылы «Алатау» сүт бағытындағы ірі қара малын алып, сиырдың жалпы санын 164-ке жетті. 400 басқа дейін әкелгіміз келеді, дегенмен, азық базасы жетпейді.

Сиырды сауатын техникаларды Түркиядан әкелдік. 18 адамды жұмыспен қамтып отырмыз”, - деді Айбол Болатұлы.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ИСЛАНДИЯ

БАҚ қызметкерлері аралаған кезекті мекен - Бестөбе су қоймасы. Табиғатының сұлулығынан көз сүрінетін мекенде кезекті жүзеге асып жатқан жоба -  "Great Steppe Heritage" форель шаруашылығы. Мақсаты – Қазақстанға  ең алғашқы Норвегия технологиясына бейімдеген балық шаруашылығын өндіру кәсібін алып келу.

Жобаның қуаттылығы жылына 500 тонна форель өсіруге жеткілікті болады деп жоспарланған. Шаруашылықтың жер көлемі де ауқымды – 13 гектар. Бүгінде құрылыстың 90%- ы аяқталған. Бұл жер балық өндіріп қана қоймай, табиғаты Исландиядан асып түзетін туристік орынға да айналмақ.

Кеген ауылында 20 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Бұл туралы пресс-тур барысында белгілі болды. Тілшілер Кеген ауылында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс барысымен танысты. Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Дархан Маусымбаевтың айтуынша, ауылда 2018 жылдан бері биыл 81-ші үй салынып жатыр. Оның бірқатары халық игілігіне беріліп, қазіргі таңда 20 үйдің құрылысы аяқталған.

«20 тұрғын үйдің құрылысын аяқтауға 265 млн теңге, инженерлік-коммуникациялық желілерін тартуға 110 млн теңге бөлінген. Қазан айында пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз», - деді Дархан Маусымбаев.  

Бұдан бөлек, елді мекенде 30 үйдің құрылысы басталды. Ол үшін 1 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Аталған 50 үй әлеуметтік осал топтан шыққан отбасыларға берілмек.

«Сонымен қатар кезекте тұрған адамдарға үй салу үшін 50 жер учаскесі бөлінді. Қазір ол жерге инженерлік желілері тартылып, асфальт төселуде», - деді бөлім басшысы.  

Айта кетейік, ауданда үй кезегінде 482 адам тұр.

Болашақ - білімді ұрпақтың қолында. Ал олардың білім алар мекенінің хәлі қандай? БАҚ өкілдері Кеген ауданының мектептерімен де танысып шықты. Аудандағы үш мектептің екеуіне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оқу жылы басталса да, жөндеп жанталасқан  мектептер ескі  болғандықтан биыл күрделі жөндеуден өтіп, оқу жылының алдағы тоқсанында сақадай сай болып дайын тұрмақ. Қалпына келтіру жұмыстарының  - 68 % -ы орындалған.

Сондай-ақ, Кеген ауданы Қарқара ауылынан спорт залымен біріктірілген мәдениет үйінің  құрылысы да аяқталып қалды.

Жастарды өнер мен білімге тәрбиелемек өңірдің тұрмыс-тіршілігімен танысқан БАҚ қызметкерлеріне аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев алда мәселелердің барлығын біртіндеп шешілетініне уәде беріп, алғысын білдірді.

Кеген ауданында үлкен мәселелер бар. Ол су мәселесі, жер мәселесі,  интернет мәселері. Бізде облыс әкімінің қолдауы өте жоғары, сондықтан кезең-кезеңімен шешіледі деп жұмыстарды атқарып жатырмыз. Жоспарлаған жұмыстарымыз сапалы болуын қадағалаудамыз. Мен Кеген ауданы Алматы облысының екінші орталығы болғанын қалаймын

Бүгін келген ауданына БАҚ қызметкерлері жиналып, пресс-тур өткізілді. Таңнан кешке дейін жасалып жатқан жоспардағы жұмыстармен танысып, осындай үлкен  іс шараға ат салысып жатыр. Бұл біздің кемшілігіміз бен алда жасалатын жұмыстарға ат салысып, қарапайым халыққа жұмыстарымызды кең көлемде жеткізу мақсатында ұйымдастырылған пресс-тур.  Келген БАҚ қызметкерлеріне алғысымызды білдіреміз”, деп қорытындылады аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев.

Дана Нұрмұханбет

“Адырна” ұлттық порталы

 

Пікірлер