Сталин - тірі! Сталин өлген жоқ!

2011
Adyrna.kz Telegram

Кеше Алматыда қарт жауынгер, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерімен 28 панфиловшылар паркінде сөйлесіп қалдым.
Қазақ. Қаптаған адам. Қалың шеру. Көбі кектенген көзбен өткенге қарайды. Қолдарына аталарының, соғыста баяғыда қаза болып, сүйегі қурап қалған жақындарының суреттерін ұстап алған. "Фашист, фашистер құрысын!" деп даурықты атамыз. Үсті-басы толған орден, мадақ, сөлкебай. Әңгімеге тарттым.

– Ата, Мерекеңіз құтты болсын!

– Рахмет!

– Бүгін адам былтырғыдан аз екен. Былтыр 100 мың адам қатысып еді шеруге.

– Жастар білмейді. Мына күнді біздер - соғысқа қатысушылар қанымызбен қорғадық. Тәуелсіздік біздің арқамызда келді.

– Қалай? Тәуелсіздікті біз орыстардан әзер алдық қой.

– Орыстардан! (Атамыздың даусы дірілдеп, қатқыл шықты. Өшкін көздерімен маған ызбарлана қарады). Сендер не білесіңдер?! Орыстардың, жалпы Ресейдің түк жазығы жоқ. Бізді адам қылған солар. Абай атаң да айтқан солай деп.

– Ол кісі не депті?

– Орыстан үйреніңдер, оқыңдар, қаңғырып жүрмеңдер деген. Сен оны да оқымағансың ғой, ия?!

– Оқығам. Бірақ дәл солай айтпаған секілді.

– Қайталап оқы. Орыстар болмағанда, біз әлі де тау-таста көшіп-қонып жүрер ек.

– Қойыңыз. Қалай?

– Қалайы несі? Мал бағып.

– Қай елде соғыстыңыз?

– Польшада.

– Қалай жеңдіңіздер?

– Бәрі ұлы Сталиннің арқасы.

– Ол не істеді?

– Егер оның көрегендігі болмаса, мына біз осы жерде тұрмас едік.

– Ол не көрегендік істеді?

– Қорықпады. Соғысты. Біз соғыста өлуден емес, Сталиннің алдында ұятты болмас үшін қан кештік.

– Сталин де Гитлер секілді тиран ғой...

– Не дейсің?! Үй, надан! Мен сені адам екен десем. Сталин - қазақтардың қамқоршысы. Егер Сталин жауыз болса, оның суретін көтеріп неге шығады мына халық? Ол тиран емес, нағыз көреген басшы. Бүгінгі Назарбаевың да, Путинің де, ана Трампың да оның алдында түк емес, жай қуыршақтар. Міне, көрдің бе, егер Сталин болмаса, осындай бақытты күн болар ма еді? Олар мойындағаннан, оған тағзым етіп, портретіне мінәжат қылып жүр. Қазақстан мен Ресейді Сталиннің рухы - айбаты қорғап тұр. Әйтпесе, баяғыда жауларымыз тұншықтырар еді.

– Ол қазақтарды қынадай қырды ғой?

– Кімді қырды? Қазақтар өздері қырылды. Аштан. Балық жеуді білмеді. Надандық. Ал жауларды аямағаны дұрыс болды. Қазір де жаулар көп. Бірің Америкашыл, бірің діндар боп... Америка - осы сендерге не жақсылық істеді? Қазақтың болашағы жоқ...

Атам осыны айтты да, таяғын тықылдатып, мені итере жүріп кетті.

Сталин - тірі! Сталин өлген жоқ! Алматыда 2018 жылы 100 мыңнан аса адам, 2019 жылы он мыңдаған адам "Мәңгілік полк" шеруіне қатысты. Сталин - тірі!..

Арман ДҮЙСЕНХАН

Пікірлер