Ішкі істер министрлігі Құзайыровтың «манерасына» қарап отыр

1614
Adyrna.kz Telegram

Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев белсенді Диас Құзайыров, Әділжан Абдіғалиев пен Әділ Юсуповтың үстінен қозғалған іс бойынша сұраққа жауап берді. Бұған дейін үш белсенді Риддерде мемлекеттік қызметшілерден мемлекеттік тілде сөйлеуді талап еткені үшін істі болғаны айтылған, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

Вице-министр:

«Диас Құзайыров – ол азаматтың аты-жөні. Шынымен, олар Риддерге барған. Өткізген іс-шаралары бойынша, қылмыстық іс тіркелді. Ол қылмыстық істі тіркеудің себебі – сол жердегі азаматтардың арызы. «Құқықтары бұзылды» деп отырған азаматтардың арызы бойынша қозғалған іс. Әлі тергеліп жатыр. Ол іс бойынша арнайы филологиялық, басқа да сараптамалар тағайындалды. Қазір сол сараптамалардың алдын ала тергеудің нәтижесі бойынша шешім қабылданады. Кінәлері дәлелденсе, анықталса, онда жауапкершілікке тартамыз», – дейді ол.

Марат Қожаев қазіргі уақытта Диас Құзайыровтың бостандықта екенін айтты. Іс тергеушінің қарауында дейді.

«Ал мемлекеттік қызметкерлерден мемлекеттік тілде сөйлеуді талап еткені үшін іс қозғау қаншалықты заңды? Бұлай істі қозғаудың өзі нонсенс деп есептемейміз бе» деген сұраққа вице-министр былай дейді.

«Мен олай есептемеймін. Талап әртүрлі болады. Кейбір нәрселер орысша айтқанда «манерасына» байланысты. Қандай да бір істерді көтеріп, қандай адамдардың құқықтарын бұзғанына байланысты (...) Риддердегі азаматтар өздерінің «құқығы бұзылды» деп санап отыр. Іс барысында анықталады», – дейді ол.

Сонымен қатар «яғни кез келген азамат мемлекеттік органға барып, қазақ тілін талап етсе, ол қылмыстық қудалауға ұшырай ма?» деген сұраққа Шәріпханов былай деп жауап берді.

«Тағы да айтайын: талаптың әр түрі болады. Оны қандай түрде, қай заңның шеңберінде, қай өзінің сұрақтарын қай манера жасайтынына да байланысты шығар. Сол себептен «заңды құқықттарымыз бұзылды» деген азаматтардың арызы негізінде іс қозғалып отыр», – дейді ол.

 «Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер