Бүгін - Міржақыптың қайтыс болған күні. "Міржақыпты Мұстафа шетелге алып кетпекші болған"

1649
Adyrna.kz Telegram

Бүгін  - қазақтың көрнекті ағартушысы, қоғам қайреткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері Міржақып Дулатұлының өмірден өткен күні.

1935 жылы ұзақ қудалау, аштық пен қорлықтан азаптанған ол ауруға шалдығып Соловки лагерінде мезгілсіз 49 жасында дүние салды. Осы орайда Jas Alash порталы Ғайнижамал Досымбекова-Дулатованың Міржақып Дулатовтың ізінен 9 жастағы ұлы Әлібекті алып, іздеп барғанда лагерде көрген-білгендері жазылған естелігін ұсынады. Бұл естеліктер  Гүлнәр Міржақыпқызының "Шындық шырағы" кітабынан алынды.

Енді Жақаңның өзіне тоқталайық: таңғалғаным – алты жылдың аралығында көрген қорлығына, абақтының азабына қарамастан, Жақаң көп өзгере қоймапты, шаштарына ақ кірмепті. Тамақтың нашарлығынан, витаминдердің болмауынан біраз тістері босап түскен екен, протез салдырыпты, көзілдірік киіп оқитын болыпты. Ең жанына қатты батып жүрген кесел астма науқасына кезіккен. Ауруы үстағанда жанын қоярға жер таппай, тынысы тарылып, екі иығымен ышқына дем алып, демікпе қысқанда қиналатынын айтты, тек дәрінің күшімен жан сақтап жүргенін естігенімде Жақаңның жүдеуінің бір себебі сол аурудан екенін білдім. Астма – аллергияның ең ауыр түрі. Оны қоздыру себептері әртүрлі болып кездеседі ғой. Ал Жақаңнын басынан не өтпеді, бәрі содан тапқаны деп білуіміз керек. Бір қуанарлық нәрсе – бізбен бас қосқан кездерінде аллергиясы ұстаған жоқ. Бізді қыдыртып жүріп әйгілі Ақтеңіз-Балтық каналының қасына алып барып: “Бұл – тұтқындардың қолымен қазылған канал, солардың қаны мен тері төгілген қаншама кісілердің опат болған жері”, - деп қабағын түйді. Күнде қаланы аралап таза ауада жүретінбіз, базарына барамыз, онда неше түрлі майы сорғалап түрған ысталған үлкен-үлкен балықтар сатылады екен. Жақаң бұрын бала кезінен балық жеуден қорқатын да біздерге де жегізбейтін, сондықтан балықты елемеген кісі болып үндемей өтіп кетіп жүрдім, ішімнен қызығып қоямын, шіркін, сатып алып жер ме еді деген ойда келетінмін. Бір күні Әлтай: “Мама, менің балық жегім келеді”, - демесі бар ма! “Қой, балам, папаң балық жеуге рұқсат етпейді”, - дегенімде, Жақаңның: “Ә-әй, Гая-ай, мені бұрынғыдай деймісің, бұл күнде бүндай балық түгіл, одан басқасын да таңдамай жей беремін, аштық пен жоқтық не жегізбейді”, - дегенін естігенімде жүрегім біз сұққандай шаншып қоя берді, қайран Міржақыбым-ай, не айтамын саған!

Жақаң екеуміздің әңгімеміз таусылмады, Әлекең (Бөкейханов) жайлы, ол кісінің қолынан келген жәрдемін беріп жүргенін, тұтқындағыларға қамқорлығын айтып, ағасы туралы мен естімеген көп деректер, өткен жайларды еске түсірді.

"Әлекеңмен бірге жүрген айлар, жылдар тегін өткен емес. Ол кісіден алған үлгі-өнегені, асыл қасиеттерін өз бойымызға дарытуға тырысатынбыз. Осы күнге дейін Әлекең шын жанашырым болғандықтан, бойыма қуат-күш жинауыма, төзімділікке баурап, ақыл-кеңесін хат арқылы айтып, қолдап дем беріп отырады. Әлекеңнің өзіме ұнайтын, адам таңғаларлық қасиеттері көп-ақ, соның ішінде еңбекқорлығы айтарлықтай ғажап, қандай жағдайға кез келсе де қолынан қалам түспейтіндігін көрдім ғой, түрмеде отырған шақтарында да тыным көрмей, қаламын төсеп еңбектерін жазумен айналысатын. Бір жолы Павлодар түрмесінде отырғанын маған былай айтқан еді: “Қамауға аларда бас-аяғымды қалдырмай тінтіп шығып, соңынан қолымдағы портфелімді алғандарында қатты абыржып қалдым, оның ішінде Абайдың баспаханаға өткізейін деген қолжазбасы болатын, түрмеде өзімді қанша ұстап жазаласа да маған бәрібір, тек Абайым сақталса екен дегеннен басқа ойыма еш нәрсе кірген жоқ, тек арыз арқылы соны естеріне салдым. Ал кісі түрмеде қарап отыра алушы ма еді, қолыма алған еңбекті аударып тастайын деп жұмысқа кірісіп кеттім. Мезгілдің қалай тез өткенін байқамай қалыппын. Бір күні түрме бастықтары келіп: “Сіз, Бөкейханов мырза, абақтыдан босатылдыңыз, жолыңыз ашық, шығыңыз”,-дегенде, менің: “Түрмеден әзір шықпаймын, жұмысымды бітіргенім жоқ, біраз күн отыра тұрайын”, - дегеніме, әлгілер сенер-сенбесін білмей“: “Это Ваше дело, пусть будет так”, - деп шығып кеткен еді. Әлекеңде осындай қызық жағдай болғанын естіп біз көпке дейін күлін жүрдік”, - деген еді Жақаң.

Жақаңның жан дүниесі кең, мінезі жұртқа жағымды, өз орталығының ең бір аяулысы, жігіттің сұлтаны еді ғой. Үлкенге - іні, кішіге аға боп бәрінің көңілін тауып, жеке басы ағаларының көлеңкесіндегі кісідей қала беріп кішіпейілдігін көрсете білетін. Жақаң “айтуға тұрады” деген құпия-сырын мендей сенімді, өзіне берілген серігінен ешқашан жасырмайтын, құлағыма құя беретін.

Бұл жолы да көңілінде жүрген жайларды ішінде сақтап қалмай мен біле жүрсін деді ме, бәрін ақтарып жайып салды, сондағы өз аузынан естігенім: “Ақ теңіз арқылы шетелдердің кемелері Соловки аралына таяу тұрған порттарға тоқтайтын. Онымен келушілер Совет одағымен екіарада сауда-саттық жүргізетін шетелдердің уәкілдері болатын. Сондай сапармен жеткен бір беймәлім кісі маған келіп жолықты, ұлтын айыра алмадым, екеуміз орысша сөйлестік. Келген шаруасы – Мұстафа Шоқайұлының тапсырмасы бойынша мені жасырып өздерімен бірге алып кетпекші ойлары бар екен. Ұзақ сөйлесуге мүмкіндік болмады, менің сондағы қайтарған сәлемім: “Мұстафаның қамқорлығына рақмет, Міржақып “қашқын” аталып отанын, туған ел-жұртын тастап кетпейді, болашақтағы жекебасының қамын ойлап, дәулетті-салтанатты өмірге қызықпайды. “Бөтен елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол” дегендей Мұстафаның ұсынысын қабыл алмаймын, “үмітсіз шайтан болсын” дейді ғой жұрт, тірі болсам күндердің бір күнінде елге оралып қазақ халқының алдында адал қызмет етуден жалықпаймын, адасқан жерім болса кешірер деген үміттемін. Міржақып осылай айтты деп жеткізерсің”, - дедім.

Бас қосқан өлшеулі мерзім аяқталуға таяп қалды, “көріскенше күн жақсы” демекші, алдымызда бізді не күтіп тұрғанын кім білсін, сондықтан Жақаңның Бутыркада өткізген қасіретті жылдарын сұрастырып білмек болсам да жаным ашып, оны кейінге қалдырып созып келдім. Енді батылым жетіп айтып беруін өтіндім.

Жақаңның мәліметі бойынша: “Мәскеудегі әйгілі Бутырка түрмесі - архитектор М.Ф.Қ Казаковтың жобасымен 1879 жылы салынған орталық түрмелердің бірі. Ресейдің әр жерінде ұсталған саяси тұтқындардың тағдыры осы жерде шешіліп, оларды иіріп, таратып, айдап жіберіп отыратын пересылочный түрме саналады екен. Бұл түрменің қоршауында белгілі саяси тұтқындардың сапында большевиктер Ф.Э. Дзержинский, Н.Э. Бауман, Е.М. Ярославский, т.б. бар. Оның босағасын аттаған кісілердің саны өте көп. Сонау патша үкіметінің кезінен осы заманға дейін сақталып келген, тұтқындарға көрсеткен ауыр жазасын, қатаң тәртібін бастан кештін, оны айтып не қылайын. Түрменің ұзыннан-үзын созылған дәлізінде қарама-қарсы салынған камералары темір есікпен тас бекітілген, тек дөңгелек тесік қалдырылған. Көпшілікке арналған ортақ камералары мен жеке оқшау (одиночная) камераларының терезелері тым жоғары, іші көмескі, қараңғылау, түнде шақырайтып электр шамын өшірмей жағып қояды, мүның өзі кісіге жағымсыз ауыр тиеді екен. Мен Бутыркада екі жылдай бір камерада жалғыз отырдым. Әрқилы заманның түрмесінде күн кешкенімде менің есімде қалған, бойыма сіңген үш қағидасы (заповедь) бар болатын: тергеушіге сенбеу, одан қорықпау және еш нәрсені сұрамау. Осыларды бойына сіңіре білген кісі іс жүзінде қолдана алса, одан ұтылмайды және өз басын сол тұрмысқа еріксіз көндіру абзал. Ең алдымен, адам өмірден күдерін үзбеу керек. Сонымен қатар шыдамдылық көрсетіп қиындыққа төтеп берген дұрыс, қандай жағдайға кез келсең де адамгершілік қасиеттен, жігер-қайраттан айырылмай қайсарлықпен, “бұның бәрі тек уақытша күйзеліс қой” деп төзімділікпен қарсы алу қажет. Осылардың бәрін еске алып, түрме тәртібінен бос мезгілімде, мүмкіндік болғанша әр күнді қалай меңгеріп өткізуімді ойлап, бір тұжырымға келдім, оны айнымай орындап та тұрдым. Қалендарь деген жоқ болғандықтан, оны ойымда сақтап, ұмытпай белгілі бір күннен бастап жыл мезгілін санап жүргізін отырдым, бүл оңай жұмыс емес, ақыл-ойды қозғап шынықтыратын тәсіл. Денемді бос қоймай қимылмен қан жүргізу үшін гимнастика жасап жүрдім. Күніне 20-30 минут тұтқындарды таза ауаға шығарып аяқ жаздыртатыны болады, ал мен оған қоса камераның ішінде ерсілі-қарсылы адымдап, шаршағанымша жүріп, содан соң барып бір мезгіл тынығамын.

Ұзақ күндерді өткізу үшін өзіме ермек таптым, түрменің беретін бір тілім қара нанын үнемдеп, сілекейіммен қатырып одан шахмат мүсіндерін жасап алып, қарама-қарсы екі кісідей ойнап отырғанымды тесіктен сығалап көрген күзетшілер қайран қалатын.

Бутырка қабырғасында өткізген күндерінде тергеу жұмысының қалай жүргізілгені жайлы Жақаң: “Гая, оны еске алудың қажеті жоқ”, - деп ашыла қоймады. Сырын бүгін қалғанын іштей сездім де қазбалап сұрамадым. Әңгімесін жалғап: “Сот мені 58-статьямен айыптап, он жылға кесті, содан кейін көпшілік отырған камераға көшірді. Отырғандарға “ассалаумағалайкүм” бере кірдім, жұрттың ішінде көзіме ыстық болып түскен ол өзімнің Ақай әкем (Асқар Дулатов). Ақай әкем орнынан әзер тұрып, белін жазып келіп мені құшты, екеуміз де балаша солқылдап жыладық. Ағамның мұнда отырғанын білген емеспін, қуанғанымызда шек болған жоқ, Ақай әкем бұрынғыдай емес қартайып, жүдеген. Маған мұңын шаққандай көңілі босап, көз жасын көпке дейін тыя алмады. Ақай әкемнің айтуынша, өзін менен кейін 1929 жылдың орта шенінде тұтқындапты, әр жерде ұстап осы Бутыркаға жеткізіпті. Бұл камерада біраз қазақтар бар еді, оларды жақында түрлі жерлерге айдап жібергенін айтты. Елден шыққалы үй ішінен хабар-ошар болмауы жанына батқанын айтып отырды, енді менен туыстардың амандығын естіп бір жасап қалды. Осындай тар жерде жолығуымыз, қуанышымыз ұзаққа бармады, кешікпей екеумізді екі айырып жіберді. Мен Соловкиге жөнелтілдім, Ақай әкемнен содан бері хабарсызбын”, - деген еді Жақаң.

Сосновец лазаретінде Жақаңмен бірге жұмыс істейтін дәрігерлермен таныстым, тұрған үйімізге шақырып аз күн дәмдес болдық. “Жақаң төңірегінде өзі қатарлы жанашыр тұтқын дәрігерлерді көруім көңіліме сабыр саясын ұялатты. Жақаң ауыра қалса жәрдемдерін аямай, жалғыз, күтусіз қалдырмас деген сенім туып жұбанғандай қоштасып елге оралдым. Жақаңмен өткізген соңғы аз күнім көп жылдарға татитындай ұмытылмас үлкен әсер қалдырды. Маған берген ақыл-кеңесі, дүниетанымы, өзінің көзқарасы, ел-жұртына деген айрықша сүйіспеншілігі, басына түскен азапты нардың күшіндей ерлікпен көтерін келгені, оның қайсарлығы мен төзімділігі бұрынғыдан гөрі де әлденеше есе күшейе түскендей көрінді маған. Бұл жағы кімге де болса үлгі-өнеге боларлықтай. Баяғы азамат қалпынан Міржақып айырылмағанын көрген өзім бір мектептен дәріс алғандай боп жан дүниемді байытып сала берді, мақтанышымды жасыра алмаймын.

 

«Шындық шырағы» кітабы, 295-298 беттер. Мектеп баспасы, 2013 жыл

 

 

 

Пікірлер