Сыншы өзіне бұйырмаған стипендияны шәкірттеріне атады

2226
Adyrna.kz Telegram
Фото: qazaquni.kz
Фото: qazaquni.kz

Әдебиет сыншысы, профессор Құлбек Ергөбек өзіне бөлінетін ай сайынғы меценаттық стипендиясын үш шәкіртіне бөліп беруін өтініп, Жазушылар Одағының Басқарма төрағасы, жазушы  Мереке Құлкенге хат жолдады. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Сыншының хатын төменге жариялаймыз:

Қадірменді Мереке дос!

    Былтырдан бері  Мені бір жәйтқа көндіре алмай жүрсіңдер. Былтыр қаракүзде сатира сардары Көпен Әмірбекті жерлеп келген қасіретті күні белгілі меценат Бекет Тұрғараев үйінде отырып Мен жайында өтініш айттың оған.  Бірің аға, бірің дос - екеуің кеңесе келе Маған ай сайын 300 мың теңге көлемінде стипендия төлеуге келістіңдер! Сұраушы Сен, жарылқаушы берекелі қолдың иесі, белгілі кәсіпкер Бекет Тұрғараев!   Бекет аға, жалма-жан сарыағаштық бір су шығаратын фирмасының эмблемасын көрсетіп,  фирманың  айтылған қаражатты ай сайын жеке есебіме аударып беріп отыратынын мәлімдеді. Мен сұрақ қойдым: «Қамқорлығыңа рахмет. Бірақ, біз аға буынға, тіпті қарт буын қаламгерге жатсақ керек. Меценаттық стипендия келешегі мол дарынды жастарға тағайындалмас па?» Сен «Әдебиетке еңбегі сіңген аға буынның деніне дерлік меценаттар тарапынан  стипендия тағайындалатынын»- айтып Мені сендірдің. Сендірдің де, көндірдің. Ақшасы құрғырдың адам баласына жүзі ыстық қой қашанда. Сенің  ықыласыңа Мен де құладым.  Өмірде қанжығалас жүрген, өнерде қанаттас жүрген, қазақтың кемеңгер жазушысы Әбіш Кекілбайұлы айналасында тәрбиесін алып  бір жүрген Сенің Маған деген  сеніміңе де, қамқорлығыңа да дән ризамын. Құмбыл қолдаған Бекет ағаға да. Әсте,  сыйлас, сырлас дос-жар жандар  бұдан біраз бұрын Менің қызметтік, тұрмыстық биографиямда  орын алған бір жағдайсыздықты ескеріп отырсыңдар-ау... Ол енді кісілік. Кісілікке қалай құл болмайсың?!

      Бірақ, Мен былтырдан бері ол стипендияны алмадым. Бірақ, енді «алайын» деп шештім... Алмаған себебім, ыстық ықыласқа  «құлаған» Мен суына келе ойландым. Меценаттық  стипендия  ұлт әдебиетіне Менен гөрі ұзағырақ қызмет ететін, келешегі мол дарынды жасқа берілуі керек. Бүгінінен ертеңі баянды,  бергенінен алда берері тіпті жойқын үмітті үш қаламгердің атын атаймын  орайында. Олар:

1. Ұларбек Дәлейұлы (жазушы)

2. Үмітбек Бағдат (ақын)

3. Нарқұлан Райханұлы (ақын)

Бірі Моңғолиядан, екеуі Қытайдан елім деп емініп, үкілі үмітпен келген

жастар. Ең бастысы қазақ әдебиетінің үміті. Әдебиетте көрініп, тіпті танылып үлгерген тегеурінді жас таланттар. Бұл семіз сөзді маман әдебиет сыншысы райында айтып отырмын өзіңе.  Түркістанға келіп, Қ.А.Ясауй Халықаралық қазақ-түрік университетінен лайықты білім алуына қолымнан келгенінше ықпал еткенмін кезінде. Тұрмыстық жай-жағдайына да тиісінше жәрдем бердім. «Жаман бергенін айтады...»-дей көрмеші, Мереке! Олардың өздері ағымдағы ақпаратта  Менен көрген қамқорлығын айтып, баспасөз бетінде тасқа басқан таңбадай етіп дабырайтып жазып қойған соң жасыра алмай отырғаным.  Оқу бітірген соң Түркістан ауданынан жер телімін алып бергім келіп, біраз жүгірдім. Басында келіскен бір  ауылдың жемпаз  әкімі күн тақаған көгентүпте балалардың жер теліміне өткізген құжаттарын жоғалтып жіберіп, ұят жасады. Ұят деген сөз аз. Өңірді тұтас сатып алуға қараған ол әкімнің тойымсыз  әрекеті – келешек ұрпақ алдындағы кешірілмес күнә, тіпті қылмыс дер едім. Жә, оны алда шиесін шығарып жазармыз. Түркістаным  деп жүрек жырын перзенттік бейілден маздатып жазып  бастаған осы перзенттерім тұрмыс ауыртпалығын көтере алмай, қайысып, Астана, Алматыға бақ сынап, жол жүруге бел байлап отыр қазіргі таңда. Мектеп ғимаратын көтеруге сұраған жерім тиер болса, содан Сендерге жер бөліп берейін деген тілегіме қарамай, алды жол жүріп кетті.  Түркістанды көтеруге, дұрысы көтерісуге 1992 жылдан Алматыдағы жайлы қызмет, салқын үй – салулы төсекті тастап,  біржолата келген басым  бауырымнан өнген перзентімдей көретін дарынды жастардың  жәдігер шаһардан сая таппай, беті ауған жағына кетіп бара жатуы – орны толмас өкініш Мен үшін! Бір қазақ қана емес, «күллі түрік (түркі емес. Қ.Е.) дүниесіне рухани астана болып өседі»-деп үлкен үмітпен талмай жазып келе жатқан Түркістаныма -  темірқанаттанып қалған үш талантты қалам иелерін сыйғыза алмай, тұрақтатып алып қала алмай жан-дүниемді от-жалын өкініш өртеп барады.

Мереке дос, Бекет аға! Маған ұйғарған  ай сайынғы 300 мың теңге мөлшеріндегі меценаттық стипендияны осы бауырымнан өнген өз перзентімдей  көретін үш шәкіртіме, айына 100-100 мыңнан бөліп, қайта тағайындасаңыздар екен. Сонда, Мен Сіздердің меценаттық сыйларыңызды алған, қабылдаған боламын! Қазақ әдебиетіне, ұлт әдебиетінің келешегіне осы дарынды үш азамат Менен гөрі қай-да көп, еселей-еселей үлес қосарына сенемін! Егер, ғайыптан тайып жомарттық бейіл оянып кетіп, Бекет аға тағы да 100 мың қосар болса, жас жары, сәби перзентін құшақтап, Алматыдан пана таппай тұрмыстан қиналып жүрген дарынды шәкіртім Батырхан Сәрсенханды атар едім...О, ол айшықты ақын!

Мен өзім ұстазға жарыған адаммын. Д.А.Қонаев өзіне сыйлаған үйді, өз перзентіне емес, Маған – шәкіртіне қалдырып (аманаттап) кеткен бір Бейсекеңді – қазақ әдебиетінің тарихына арыдан (Түрік қағанаты дәуірінен) бастап 15 ғасыр қосқан, «Қазақ әдебиеті тарихын зерттеушілердің пірі» (М.Жолдасбеков) атанған ұлы ұстазым, әкем  профессор Бейсембай Кенжебайұлының бір  өзін атасам да ауыз толмас па, досым-ау!? Менің ғана ұстазым ба Бейсекең? Т.Кәкішұлы, З.Ахметов, З.Қабдол, Р.Бердібай бастаған үш буын әдебиетші ғалымдардың, Ә.Тәжібайұлы, Ә.Кекілбайұлы, М.Мағауин, Д.Исабековтен тартып  үш буын жазушылардың ұстазы! Шәкірттерін баласындай көретін еді, жарықтық. Шәкіртінің кенжесі, «жаманы» мына МЕН, Құлбек Ергөбек! Шәкірттеріме де өкпем жоқ, шүкір! Ұлы ұстаз Бейсекеңнен алған өнегем болсын, жастарға жолымды берейін. Қолдаңдаршы! Бекет Тұрғараев та «жоқ» демес! Сыйақыны жастардың алғаны – Менің алғаным деп біліңдер!

     Аяулы досым Мереке!

     Өзің ҚР Жазушылар одағы Басқарма төрағасы болып сайланған соң, қолқалап Мені Басқарма хатшылығы орынтағына отырғыздың. Көпшіліктің ұйғарымы шығар.  Бас тарта алмадым. Қолымнан келгенінше Жазушылар одағына қызмет етемін. Ал Жазушылар одағы Төрағаға, Төраға орынбасарына, қатардағы хатшыларына емес, алдымен келешегі мол тегеурінді жастарға қызмет етсін, қамқорлық жасаса – жастарға жасасын  дә. Осы жағына ықтиятты болайықшы жаңа құрам Жазушылар одағы басшылары! Ұлы суреткер Ғабит Мүсіреповтің екідүние арасында қиналып жатып, айтқан аманатын ұмытпайықшы. «Ұлт әдебиеті ұлы болмай – ұлт ұлы болмайды!» (Ғ.Мүсірепов). Ұлт әдебиетін ұлыландыру ұйымдастыра білуден. Ұлт әдебиетін ұлыландыру – асылында мемлекеттік іс. Жапон әдебиетіндегі  үрдісті еске алайық. Ұлт әдебиетін ұлыландырудың бір жолы - жас дарындарға қамқорлық жасау!

                       Сәлеммен, Құлбек Ергөбек!

                               

Пікірлер